Адамзаттың экономикалық түсінік аясы ғылыми немесе геосаяси ойлау жүйеміз секілді билік таңған шеңберден аса алмайды. Джозеф Местр үстеген көпшілік көзқараспен қарар болсақ: «Әрбір ұлт өзі лайық билік формасында өмір сүреді».  Бұл бір жағынан дұрыс та шығар, философ Андре Конт-Спонвиль айтпақшы, үкімет шенеуніктерін үнемі сынаудан көрі оларға мәселені шешу тұрғысынан конструктивті түрде көмектескен тиімді.

Нақты білетінім, қоғам арасында экономикалық сауат артпайынша саяси-экономикалық жетістікте бір деңгейде тұралап қаламыз. Себебі тиімді саяси шешім қабылдау қашанда қайсарлықты талап ететіні анық. Ал саясаткерлер болса, сайлаушылардың теріс реакциясынан сескеніп, тың әдіске баруға, тексерілмеген, танымал емес әдістерді қолдануға құлықсыз. Егер қоғам экономика механизмін толық білсе, бұл қоғам игілігіне айналып, өзгеріске тез бейімдеген болар еді. Оның да себебі бар. Өйткені көбіміз саяси шешім қабылдайтын тұлғалардың санасын ояту, барынша ұжымдық рационалды шешім қабылдау үшін интеллектуалды инвестиция салынғанын қалаймыз. Дегенмен көп жағдайда өзіміз сол интеллектуалды инвестицияны салуды өзімізден бастауға дайын болмай шығамыз. Неліктен? Себебі қоғамға интеллектуалды қызығушылық жетіспейді. Біздің қоғам өзін бейтарап әлемде жүргендей сезініп, дағдыны түсінуден шет қалып, орнына өзгелердің экономикалық механизмді  игеруін қалайды.

Нобель сыйлығының иегері, қиын экономикалық концепцияларды талдауға қауқары жеткен санаулы экономистің бірі Пол Кругманның керемет еңбегі бар. Кітап атауы – «Күту тежелген дәуір: АҚШ-тың 1990 жылдардағы экономикалық саясаты». Автор аталған мәселені бірнеше бөлікке жіктейді:

Экономикада жазу-танымның үш түрі бар: гректілді әріптер, жоғары-төмен және әуе.

Гректілді жазу-таным – формальды, теориялық, математикалық-профессорлар осылай байланысады. Кез келген академиялық саладағыдай, экономикада өз идеясының жалғандығын жасыру үшін күрделі тілді қолданатын хакер мен алаяқтардың саны басым. Оған қоса терең идеяларды білдірудің тиімді әдісі ретінде пәннің мамандандырылған тілін қолданатын асқан ойшылдар да кезігеді. Міне, бұл – жазу-танымның таралу аясы. Алайда, экономика саласында жоғары білімі жоқ адамдар үшін грек әріптерінің ең танымал емлесін де мүлдем қолданбайды. (Бірде «The Village Voice» шолушысы менің грек әріптерімен талданған туындыларымды көрген болатын. Ол зерттеу еңбегімнен тасада қалған теңдеу, диаграмма мен тылсым графиктерді тапты. Ортағасырлық схоластиканы қолжетімді ететін тіл, қандай керемет десеңші…)

Екінші жазу-таным түріне келер болсақ, жоғары-төмен, яғни көтерілу мен құлдырау экономикасы – бұл газеттердің арнайы айдарында немесе теледидарда кездесетін экономика тілі. Аталған тіл саладағы соңғы жаңалық пен сандарға тәуелді. Атауы да осы ерекшелікке сай таңдалған. Жалықтыруы да тез. Мәселен, «Соңғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, тұрғын үй құрылысының көлемі өсуде, бұл экономиканың күрт артуын көрсетеді. Облигациялар бағасы өзгеріс аясында төмендеді…». Көрдіңіз бе, экономиканың бұл жазу-танымы тез зеріктіретін әдіс. Алайда мұндай жазу-танымды әзірлеу үшін арнайы өнер қажет. Тіпті, қысқамерзімді экономикалық болжам жасау үшін де ол өнер аса маңызды. Өкініштісі, көптеген адам жоғары-төмен экономикалық жазу-таным тек экономистердің қолынан келеді деп санайды. Экономика механизмін толық түсінбеу де осы шала түсініктен туады.

Соңғысы, әуе экономикасының жазу-танымы. Бұл экономикалық бестселлердің жазу-таным тілі саналады. Әсіресе, аталған кітаптар әуежайдың кітап дүкендерінде кең танымал. Негізгі тұтынушы – сатып алушы да іскер саяхатшылар. Кітаптың көпшілігі экономикалық апатты болжау арқылы тартымдылығын жоғалтпай келеді. Ұлы депрессия, жапон экономикалық корпорацияларының қауіпі, ақша құлдырауы секілді тақырып бұл зерттеу бағытының басты нысаны екені анық. Тағы бір байқағаным, әуе экономикасының жазу-танымның ажырамас бөлшегі – «азшылық» кітап пен басылым. Мұндай «азшылық»  қарама-қарсы көзқарасты, шексіз оптимизмді ұстанады: жаңа технологиялар немесе ұсыныс экономикасы халықты бұрын-соңды болмаған экономикалық прогресс дәуіріне алып келеді деген арманды желеу тұтады. Жалпы, пессимистік немесе оптимистік жаңалыққа бөлінгеніне қарамастан, әуе экономикасының жазу-танымы бәріне бірдей танымал.

Біз барлығымыз экономикалық құбылыстарды қабылдауда шектеулі түсінуіміз, сенгіміз келетін нәрсеге ғана илану ниетіміз, интеллектуалды қабілетімізді тұншықтыратын жалқаулығымыз бен танымдық өзгерісіміз үшін жауапкершілікті мойнымызға алуымыз керек. Шындығында, барлығымызда экономиканы түсіну қабілетіне иеміз. Бірақ мен көрсеткендей, ойлаудағы қателік, IQ немесе білім деңгейі міндетті түрде ақиқатты қабылдауға кедергі келтіреді.

Мынаны мойындайық: Біз үшін экономика кітабын алудан гөрі фильм көру немесе жақсы триллерді қарау оңайырақ (айтпақшы, бұл сын емес: мен климатология, биотехнология, медицина және мемлекеттік саясаттың дамуына әсер ететін басқа да ғылым салалары туралы аз оқимын). Осы мәндес кедергілерді жеңген шақта экономика туралы кітапты түсіну оңай болады деп санаймын. Оңай демекші, мысалға келтірген Пол Кругманның «әуе экономикасы» деп аталатын тезистерінің тілі жеңіл екенін айта кеткен жөн. Академиялық зерттеудің кез келген саласы тасаға үңілу, күш-жігер, сенімділік және түсінуге деген ұмтылысты қажет етеді. Бірақ егер біз, жоғарыда айтқандай, «өзіміз лайықты билік формасын қалыптастырғымыз» келсе,  бұл – біз төлеуге тиісті құн.

Автор: Жан Тироль

(Jean Tirole)

Аударған:

Ерсін Шамшадин

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!