Nur Otan партиясының Сырдария аудандық филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Карантин талаптарына сай ұйымдастырылған кеңес отырысына кеңес мүшелерімен қатар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша атқарушы орган өкілдері де қатысты.
Кеңес төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында Қоғамдық кеңестер құрылғанын айта келе, Жастарды қолдау жөнінде қоғамдық кеңес өз жұмысын жаңадан бастағанын атап өтті.
– Бүгінгі күнге дейін Жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің міндеті, мақсаты, жалпы ережесі, кеңес құрамы, өкілеттілігі жөнінде ақпараттар ұсынылды. Бүгін біз күн тәртібіне екі мәселе ұсынып отырмыз. Оның біріншісі жастар арасындағы кәсіпкерліктің дамуы туралы болса, екіншісі аудандағы жалпы жастар саясатының жүзеге асырылу барысына арналады. Екі мәселе де ауданымыздың жастары үшін аса маңызды. Біз Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында айқын көрсетілген бағыттардың орындалуына үлес қосып, мәселелер бойынша ұсыныстар енгізуіміз қажет, – деді Кеңес төрағасы.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Сырдария аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің сектор меңгерушісі Л.Қозыбаева хабарлама жасады.
– Аудан бойынша 2021 жылдың 1 шілдесінде 2579 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелді. Оның ішінде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік саны 2377. Жас кәсіпкерлер саны – 512. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 2021 жылдың І жартыжылдығында 175,6 млн теңгенің 36 жобасы несиелендірілді. Оның ішінде 6 жас кәсіпкердің жобасы 21,0 млн теңге несие алған. Олардың басым бөлігі мал басын көбейту, бордақылау секілді жобаларды қамтиды, – деді бөлімнің сектор меңгерушісі.
Атап өту керек, кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары арқылы 62 жас кәсіпкердің жобасы 111,9 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болды. Бұл – барлық бағдарлама бойынша құны 945,1 млн теңгені құрайтын 258 жобаның 11,8 пайызы. Айта кетейік, ауданды дамытудың Жол картасы бойынша «Жастарға арналған аудан» басымдығы бойынша жыл сайын 7 жас кәсіпкерге грант беріліп келеді. Ауданда бүгінде 14-29 жас аралығында 10 200-ден астам жас бар. Бұл – аудан халқының 26,4 пайызы. Биыл аудандық жастар орталығы жұмыссыз жастардың қатысуымен 62 іс-шара ұйымдастырған. Оның ішінде қайырымдылық акциялары, рейд, психологиялық семинар, туристік слет, спорттық іс-шаралар мен кездесулер бар. Қазіргі таңда тіркелген және тіркелмеген жастарды қоса есептегенде ауданда 470 жас жұмыссыз.
– Жастардың осал топтарына кіретін маргинал жастар – орталық жұмысының негізгі бағыты. Олар қоғамдық жұмыстарға тартылып, кәсіпкерлік курстарына қатысуда. Пробация есебінде тұратын жастар 11, оның әлеуметтік картасы жасақталып, үш топқа бөлінген және әлеуметтік көмектер көрсетілуде. «Жастар бригадалары» арқылы 81 жас тұрақты жұмыспен қамтылды. Отбасылық құндылықтарды сақтау мен нығайту мақсатында «Әкелер мектебі» мен «Еркежан» қыздар клубы құрылып, жұмыс істеуде, – деді Д.Баджанова.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!