Өңірде су тапшылығы орын алғаны белгілі. Оны сезінген шаруашылық мамандары да қосымша су тарту моторын пайдалануға, басқа да құрылғымен су жеткізуге мәжбүр. Бұл шаруаларды қосымша шығынға батырып, жұмыс үстемеледі. Қазіргі таңда су тапшылығының зардабын ересектер ғана емес, мектеп оқушылары да анық біледі. Сондықтан бұл сауал оларды да алаңдатса керек. Жақында қызылордалық жас өнертапқыштар егінді үнемдеп суару құрылғысын ойлап тапты.
Бүгінде егіс алқаптарында жаңбырлатып суару технологиялары пайдаланылады. Бірақ ол құрылғылардың жұмыс істеуі үшін үнемі қадағалау мен жөндеу жұмысы қажет. 10 сынып оқушысы Сания мен Жансая ойлап тапқан жаңбырлатып суару технологиясы толықтай автоматтандырылған. Оқушылар аталған жобаны шағын макет ретіндегі құрылғыға айналдырып, оны тәжірибеден өткізуде.
– Бұл жобада 3 түрлі сезбек (датчик) – ылғалдылықты анықтайтын, күн сәулесінің түсуін қадағалайтын және ауа температурасын есептейтін құрылғының бірлесе жұмыс жасауын қаладық. Ол үшін арнайы құрылғы орнату нәтижесінде тиісті мүмкіндікке қол жетті. Яғни, жоба сыртқы факторларды ескерді. Мысалы, өсімдікке қолайлы жағдай туындаған кезде ғана конвейер іске қосылады, – дейді Сания Мұратова.
Республикалық байқауда үздіктер қатарынан көрінген жоба арқылы егіс алқаптарына кететін судың көлемін 30 процентке дейін үнемдеуге болады. Сания мен Жансая енді бұл құрылғыны үлкен көлемде құрастырып, мектеп ауласында егілетін дақылды суаруға сынап көруді жоспарлауда. Осылайша, халықаралық байқауларда бақ сынауға ниетті.
Сонымен қатар дарынды оқушылар агрономның да жұмысын автоматтандыруға болады дейді. Мәселен, Еңлік пен Назгүл өсімдіктің жағдайы мен егіс басындағы климаттық ахуал туралы ақпаратты арнайы құрылғы арқылы жинақтауға болатынын дәлелдеді. Осылайша, фермер алқап аралап сабылмай, дақылдың жай-күйін қашықтан біліп отырады.
– Бұл тек ауылшаруашылығына пайдаланылмайды, біз оған көп сезбек (датчик) қосатын болсақ, барлық салада да қолдана аламыз. Яғни, саябақтарға орнатып, жасыл желектердің өсуін қадағалай аламыз деген сөз. Қазақстанда біздікіне ұқсас жоба жоқ, тек Венгрия мемлекетінде бар. Алайда оның бағасы бұл құрылғыға қарағанда анағұрлым қымбат. Құрылғы 1 шақырым радиусқа дейін қоршаған орта туралы мәліметті жинауға қауқарлы. Бұл ақпаратты арнайы базада жинақтау арқылы ғаламдық жылыну мәселелерінің алдын алу үшін ғылыми ұсыныстар беру мақсатында да пайдалануға болады, – дейді өнертабыс авторлары.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!