Пірмұхаммед Сыздықов,
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

«Қызылордада 850-ден астам ауыл азаматы мен жастар 2,5 процентпен несие ала алады»

Қазақта «қолы қимылдағанның аузы жыбырлайды» деген керемет сөз бар. Ұлы данышпан Абай да «Еңбек етсең, ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп бекер айтқан жоқ. Бүгінде осы ұстанымдарды алға тартып, жарқын болашаққа жол бастаған кәсіпкерлер жетерлік. Оның ішінде жастардың қарасы қалың. Қолға дайын балық емес, сол балықты аулайтын қармақ ұстатқан мемлекеттік бағдарламалар да өңірде қарқынды жүзеге асып келеді. Биылдың өзінде кәсіпкерлік саласын дамытуға облыста 23 миллиард теңгеге жақын қаражат қаралған. Оның ішінде қайтарымсыз гранттар да, жеңілдетілген несие­лер де бар. Әсіресе, жастардың жаңашыл идеяларын қолдап, кәсіп бастауына мүмкіндік мол. Биылдың өзінде бұл бағытта арнайы бірнеше бағдарлама іске қосылып, жұмыс басталып кеткен. Осы ретте облыстық кәсіпкерлік палатасы­нан көпшілікті толғандырған мәсе­ле­лерге байланысты сан са­уал­ға жауап алдық.
Биыл өңірде 250-ден астам жас пен 600-ден астам ауыл азаматы 2,5 процентпен жеңілдетілген несие алады деп жоспарлануда. Бұл мақсатта аймаққа республикалық бюджеттен 4,3 млрд теңге бөлінді.Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов мұндай қолдау аймақ тұрғындарының кәсіппен айналысуға қызығушылығын арттырады деп санайды.
– Мемлекет басшысы VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында ел дамуына үлес қосатын кәсіпкерлердің «жаңа толқынын» қалыптастыру қажет екенін айтты. Биылдың өзінде жастар мен ауыл азаматтарына 2,5 пайызбен несие беру үшін облысқа 4,3 млрд теңге бөлінді. Бұл – үлкен қолдау. Кәсіп бастаймын деген азаматтар үшін жақсы мүмкіндік, – дейді Пірмұхаммед Сыздықов.
Өңірде қолға алынған түрлі деңгейдегі мемлекеттік бағдарламалар қарқын алған. Әрбірі өз жемісін беріп, нәтижелі еңбектің көрінісі айқын аңғарылады. Палата басшысы мемлекеттік қолдаудың қара орман халықтың қолтығынан демеп жатқанын, оның алда да тиімді тетіктері қарастырылатынын қадап айтты.
– «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында «Мен – кәсіпкер» жобасын жүзеге асырып жатыр. Биыл осы жоба аясында 600-ге жуық қызылордалыққа қызмет көрсетуді көздеп отырмыз. Атап айтқанда, кеңес береміз, оқытамыз, жобасын нақты өнім шығарғанға дейін сүйемелдейміз, – деді ол.
Бүгінде палата кәсіпкерлерді қолдауға, қорғауға бағытталған түрлі бағдарламалармен қарқынды жұмыс істеп келеді. Кәсіпкерлердің арқа сүйер ортасына айналған ұйым басшысы Президент пәрменінен кейін шағын және орта бизнесті қолдауға арналған кешенді шаралар қарқын ала түсетінін атам өтті.
– Халық қазір кәсіппен айналысуға жан-жақты қолдау бар екенін жақсы түсінді. Рас, кейде әкімшілік кедергілер кездесіп жатады. Ондай жағдайда кәсіпкерді қорғауға, көмек көрсетуге біз әзірміз», – деді Кәсіпкерлер палатасының басшысы.
Кәсіп ашып, оның жұмысын жүргізу – оңай іс емес. Бастысы, талап пен ынта, ниет болса, алынбас қамал, бағынбас биік болмайды. Бұл – бүгінгінің нақты көрінісі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!