Атақты Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел» туындысы жұртшылыққа мәлім. Атақонысы Алтайдың бір-ақ күнде өзге ел болып шыққанына қынжылған қалың қазақ талай қырғынды көреді. Талай нәубетті бастан кешіріп, «Елім-айлап» Алтайдан Анадолыға жетеді ғой. Сол аралықта мыңдаған қазақ қырылды. Жағдайы жоқ, жайы жоқ көштің арасында жүріп, Халифа Алтай ақсақал өзінің қазағының ортасына ел тәуелсіздік алғаннан кейін ақсақал болып жетті. Иә, сол ортада жүріп-ақ хат таныды, бірнеше елдің тілін білді. Айтпағымыз, бұл емес. Осы көшпен Анадолыға жеткен жұрт сондағы елге тері илеуді үйреткен екен. Тарихтан тамырын тартып, міне, ұлы дала елінің бойындағы осы қабілетті бүгінде кәсіп қылып жүргендерді іздедік. Иә, бүгінде түбі бір түрік елінде тері илеуді кәсіп қылып отырғандар арасында қандастарымыз жетерлік. Ал әлем бойынша Түркиядан шыққан тері бұйымдарына, аяқ киімдеріне сұраныс жоғары екенін ескерсек, оның ар жағында біздің қандастарымыз тұрғаны қуантады. Әйтсе де, өткенмен қашанғы мақтанамыз, бүгініміз жұбаныш болмаса…

Ауыл сыртында үйілген шикізат

Бүгінде жеңіл өнеркәсіп саласы кенжелеп тұр. Қарапайым халықтың арасында «Біз тіс шұқитын таяқшаны да шығара алмаймыз» дейтін сәл де болса азайған. Өйткені өндіріске аздап болса да көңіл бөлініп келеді. Қызылордада сабын, автокөлік бамперлері тәрізді елге қажетті дүниелер шығарыла бастады. Бұл да болса мемлекеттік бағдарламалардың тиіп жатқан себі деуге болатын шығар… Әйтсе де, қазір мал шаруашылығын қолға алғандар жетерлік. Ал осы шаруаны жүргізіп отырғандардың қарасы қалыңдағаннан кейін ауыл-ауылда, жер-жерде мал терілері мен жүндері, яғни айтқанда былғарының шикізаттары үйінді болып, қоқыста жатыр.

(Сурет ашық дерек көзден алынды)

Десек те қалдықсыз өнім технологиясы бізде әлі де болса қолға алына қойған жоқ. Егер жүзеге асырылса, тері өңдеу ісі елдегі өндірістің ішінен орын алар еді-ау… Сырдариялық Бақытжан Тапалов бүгінде мал бордақылау ісімен айналысады. Әрбір сойылған мал терісі қоқысқа кетіп бара жатқан сайын қынжылыс білдіретінін жасырмайды.

– Жақында Астанада ауруханада емделдім. Сонда жанымда Монғолиядан көшіп келген қандасымыз болды. Айтуынша, оның әкесі мал терісінен мықты-мықты арқан есуді дағды еткен екен. Міне, көрдіңіз бе, бір малдың терісінен былғары ғана емес, түрлі өнім дайындауға болады екен. Қазір бізде киіз басу, текемет дайындау тәрізді «Қызыл кітапқа» енген салт-дәстүріміздің бір бөлігі бұл. Ата-бабамыз өз қажетін өзі қолдан тігіп, кие беретін болған. Бүгінде Қазақстанның бірнеше облысында қазір тоқтап тұрған тері өңдеу өнеркәсібін Үкімет жандандырып, қолға алса қандай тамаша болар еді… Атакәсібіміз жаңғырғанымен қатар, қанша адамға жұмыс болар еді. Мына далада үйінді болып жатқан мал терісі мен қой жүні кәдеге асар еді. Ысырап деген сөздің өзі қорқынышты. Мұны қолға алмаса болмайды, – дейді Б.Тапалов.

«Өнерімізді өзімізбен бірге көрге әкетіп барамыз»

Облыс орталығындағы «Ескі базар» және «Жаңа базар» аталған сауда орындарында қисайған етігіңізді түзетіп, ашылған табанды жапсырып берер аяқ киім жөндеу шеберханалары бар. Сол етікшілердің арасында бір кездері аймақты атағы жер-жаһанға тараған аяқ киім фабрикасының, осы салада жұмыстарын үйлестірген мекемелердің қызметкерлері де бар. Орайын тауып, пікірлерін білдік.

– Мен 1993 жылдан бері осы кәсіппен айналысамын. Қолыма жіп ұстаған сәттен бастап, нөлден бастап аяқ киім тігіп шығуды армандадым. Бүгінде оған жеттім. Аяқ киімнің түр-түрін тіктім. Қарапайым жөндеп беруден бастап, стандарт емес көлемдегі аяқтарға дайындадым. Етік тігіп шығу – оңай шаруа емес. Оған төзім мен шыдамдылық керек. Шығармашылық идея ауадай қажет. Өйткені, аяқ киімнің модулін келтіруден бастап, оның аяқтың әр тұсына қолайлы болуын қадағалаймыз. Одан бөлек, тұтынушы талғамына сай болғаны жөн. Сондықтан талап жоғары. Егер өңірде аяқ киім өндірісі қолға алынып, арнайы фабрикалар ашылып жатса, білгенімізді кейінгі толқынға үйретуден қашпаймыз. Жаңа технологиямен қамтамасыз етілген фабрикада жұмыс істеуге дайынбыз. Өйткені біз жас емеспіз. Өнерімізді өзімізбен бірге көрге әкетіп барамыз, – дейді Ғани Рысбекұлы.

Жаңа базар аумағында етік жөндеп, жұртшылықтың алғысын алып жүрген азаматтың бірі – Қуанышбек ағамыз. Ол «Импошип» мекемесінде жұмыс істеген. Маманның айтуынша, былғарының өзі сапасына қарай бірнеше түрге бөлінеді. «Біз жұмыс істеген уақыттың өзінде былғары біздің өңірге сырттан келетін. Қазақстанның Семей, Жамбыл өңірлерінен алынатын еді. Бірақ бізде тері өңдеуі ісі сол кезде де болмады. Оның технологиясы бөлек. Қолынан келетін маман болмаса, қиын. Аяқ киім фабрикасы өңірде шикізат болғанда ғана тиімді» дейді маман көзімен қараған ол.

«Тері өңдейтін цех ашқым келеді»

Әйтсе де, бүгінде қазақ жігіттерінің арасында он саусағынан өнер тамып, ісмер­лігін байқа­тып жүрген­дері аз емес. «Қол қусырып қарап отырған жоқ». Ойдағы істі шынайы өмірде жүзеге асырып келеді. Шиелілік Жандәулет Құрманбекұлы – солардың бірі. Атадан-балаға мұра болып қалған осы бір ерекше кәсіпті Жандәулеттің де қолға алғанына көп болмаған. Жолда ауыр жүк көлігін айдайтын жас жігіт әкенің ақы­лымен кәсіп ашып, бүгінде халық­қа қызмет көрсетіп келеді.

– Бір­де әкем шақырып алып, ішкі ойымен бөлісті. «Балам, менің әкем ұста болған, мен де сол кәсіпті меңгер­дім. Енді оны өзім­мен бірге көрге әкеткім кел­мей­ді. Осы кәсіпті үйрен, қыр-сырына қанық»  деп ақылын айтты. Қазақ «Әкеге қарап, ұл өсер» деген ел ғой. Әкемнің бойындағы өнерден титтей де дарыған болса керек, жолда жүк тасымалымен айналысатын қызметімді тоқтатып, осы іске білек сыбана кірістім. Бірінші жұмысым саптама етік болатын. Оны жап-жақсы шығардым. Мұнан кейінгі еңбектің әрбірі тәжірибемен келді. Былғарыны қайта өңдеу, тігер аяқ киімге дайындау, мұның барлығына үйрендік, – дейді «Нұртуған» аяқ киім тігін шеберханасының иесі Жандәулет Құрманбекұлы.

Шебер бұл күнде шикізатты, яғни, былғарыны Жамбыл облысынан, Шымкент, Түркістан қаласынан алдырады. Арнайы тапсырыспен илететін сәттері көп. Десе де, шикізат мәселесі өзімізден шықса деген де тілегі бар.

– Біздің өңірде күніге қаншама бас мал сойылып жатыр. Ақиқаты сол: терілер жарамсыз болып әр жерде жатыр. Ит те жемейді. Осыны мен де ойға алып, кішігірім цех ашқым келген. Ұсыныс та түскен. Тері илеуді өндіруді де қолға алатын ойым бар. Демеушілер қарастырып жатырмын. Былғарыдан тек аяқ киім ғана емес, түрлі сөмкелер, күрте, көліктің орындық қаптамалары, қалталар тәрізді бұйымдар шығаруға болады. Тіпті, шетелдік нарыққа шығатын жақсы дүниелерді жасап шығаруға мүмкіндік болар еді. Өйткені, біздің жердің еті ғана емес, терісі де жақсы болатыны анық. Біз сияқты шағын-шағын орталықтар, аяқ киім тігетін жігіттер бар. Оларды әрбірін бір-бір моделге үйретіп, үлкен бір шеберхана ашқым келеді. Енді-енді қолдап жатыр, ақырындап көтеріліп жатырмыз. Барлығымыздың басымызды қосып, бір үлкен фабрика болса, онда біздің арма­ны­мыз­дың орын­далғаны. Астанада Самғау, Сарыағашта Өркен бар, міне солар бізге үлгі. Біз де солар тәрізді жетістікке жетіп қалармыз. Мен өзім кәсіпті бір біз бен жіп, балғамен бастаған жанмын. Қазір ақырындап көтеріліп келеміз, – дейді арман-мақсатын айқындаған Жандәулет Қаракеев.

«Біз бұрыннан қалыптасқан логистиканы жоғалтып алдық»

Кәсіп ашамын деп ынталанып, идеясын жүзеге асыруға талпынған әрбір жанның барар жері біреу. Ол – «Ата­мекен» кәсіп­кер­лер пала­тасы. Себебі, бү­гін­де об­лыс­тық ор­та­лық кә­сіп­кер­лер­ді қолдау, қорғау ба­ғы­тын­да еселі еңбек атқарып келеді. Палата директоры Пірмұхаммед Сызды­қовпен хабар­лас­тық. Мәсе­ленің мәнісіне терең бойлаған ол бұл тақырыпты өзін де толғандырып жүргенін айтты.

– Егер тері өңдеу ісін қолға аламын деп ынталанған адам болса, бізге келсін. Біз де іздеп жүрміз. Рас, ойланып отырып, осы істі ашсам ба екен дейтіндер бар. Бірақ, қазақ «Сырын білмейтін аттың сыртынан жүрме» деген. Хабары жоқ істі бастау қай кезде де қиынға соғады. Біздің аймақта аяқ киім тігетіндер бар, бірақ тері илегендерді естімедім. Егер болса, бізге де керек. Жобасын сүйемелдеп, қолдауға дайынбыз. Мысалы, тері өңдеу ісі – өте күрделі шаруа. Рас, біздің өңірде шикізат былай қарасаңыз бар сияқты. Бірақ өңірдің табиғи ерекшелігіне қарай сона, оқалақ деген нәрселер мал терісіне ұя салады да, оны илегенде былғары шұрық-тесік болады. Ал қой терісіне келсек, біздің өңірде қаракөл елтірісіне лайықталған. Оның терісі қара болып шығады. Ал тері өңдіретіндерге биязы жүнді ақ түсті тері керек. Ол бояуға да ыңғайлы. Осындай өзгешеліктер тері өңдеу ісін өңірде алып кетуге кедергі болады. Одан бөлек, Жамбыл, Семей облыстарындағы технология көне. Теріні өңдейтін химикаттар Қытайдан алдырылады. Бұл істің тиімсіздігінен біз Қытаймен арадағы бұрыннан қалыптасқан логистиканы жоғалтып алдық. Қазір қытайлықтар Моңғо­лиямен жұмыс істеп жатыр, – дейді Пір­мұхам­мед Айт­байұлы.

(Сурет ашық дерек көзден алынды)

«Ең негізгі үш мәселе бар»

Ал жеке кәсіпкер Марат Сәр­сен­баев мынадай пікір айтады. «Тері илеудегі ең бірінші мәселе, арнайы дайындалған станоктардың қымбат тұратынында. Оны жоғары бағаға, яғни, кемінде 100-200 мың АҚШ доллардай қаражат салып, бұл өндірісті ашып алғанмен өнімді өткізу жағы қиындау. Өйткені, бізде өткізумен айналысатын үлкен компаниялар жоқ. Екінші бір мәселе – сырттан келетін химикаттар мәселесі. Олардың бағасы біз алғаш тәуелсіздік алған жылдардағы тарифпен бекітіліп қалған. Одан бері баға өзгерді, нарық өзгерді. Үшінші мәселе, бізде бұл саладағы дұрыс технологтардың жетіспеуі. Терінің құрамындағы тұз бен майды дұрыс шығара ал­майтын болса, аяқ киімді киген кезде майы азының желімі ұстамайды. Тұзына байла­нысты да осындай мәселе бар. Біздің елдің етікшілері сондай терілермен жұмыс істеп көріпті. Десе де, жаңа етік бірден түрін жоғалтып, көнеге аяналады. Ондай туындылар өміршең болмайды. Сондықтан біздің елде тері өңдеу ісімен айналысамын деген әрбір жан осы мәселелерді назарға алса деймін» деген ой айтады.

(Сурет ашық дерек көзден алынды)

P.S. Қазір тәуір аяқ киім алуға базарға барса­ңыз, сатушы сізге «Түркияның аяқ киімі» деп мақ­тауын келістіреді. Ал сол түрік ағайындарға тері илеуді үйреткен біздің қазекем екені есіңізге түскенде, тағы қынжыласыз. Бәлкім, тері өңдеудің біз білмейтін қыр-сыры көп. Ал оны бүгінде сол атакәсіпті қолға алған түркиялық қазақ бауыр­лардан үйреніп, тәжірибе алмастыруға, осы істі атадан-балаға мирас етіп қолға алып, күні бүгінде кәсіп етіп отырған моңғолиялық бауырларға ма­мандарды жіберіп, тәжірибе алмастыруға бол­мас па?! Мүмкін, біздегі төрт түліктің қасына осы бағытқа ыңғайлы асыл тұқымды мал алдырып, жерсіндірсе қайтеді?! Әйтпегенде, бүгінде қолда­ныстағы аяқ киімнің көпшілігі сырттан келеді. Бұл – экономикамызға едәуір салмақ. Импорт кө­ле­мі экспорттан азайғанда ғана экономиканың тұ­рақты болатынын ұмытпаған абзал.

Дәулет ҚЫРДАН,

Суреттерді түсірген Нұрболат Нұржаубай

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!