Ұршық иіріп, тоқыма тоқу көнеден қалған іс емес. Әрі мұнымен тек үлкен кісілер айналысады деу теріс түсінік. Қазір қолөнер – заман тренді және табыс көзі. Тоқымадан дайындалған киім сәннен шықпайды. Егер оның дизайны мен түсі үйлесімді болса сұраныс пен сатылымы әлдеқайда жоғары болатыны сөзсіз. Демек көздің жауын алатын бұйымнан бастап, жылы жемпір, киімнің түр-түрін тоқып киюге мүмкіндік мол. Сатылымда сөреде тұратын тоқылған әдемі сөмкелер де сөзімізге айғақ. «Алтын қол» тоқыма орталығының негізін қалаушы Гүланда Жөкеш тоқыма техникасын үйретіп, қыз- келіншектердің кәсіп бастауына мұрындық болып жүр.

– «Алтын қолдың» Қазақстанда нарыққа шыққанына 14 жыл. Алағашында моншақ сата бастадық. Ал қазір еліміз бойынша 6 дүкен жұмыс істейді. Яғни қолөнерге қажетті заттарды жеткізіп беруге әзір. Өзім де тоқу мен тігіннен тыс емеспін. Әуелден дүкенге түрлі киім мен аяқ-киім тоқып, тауар сөресін толтыратынмын. Осылайша сұраныс артты. Бүгінде тоқуды үйретіп жүрмін, сабақ өткізу бойынша ұсыныс көп түседі. Техниканы тегін айтамын. Егер әрі қарай оқып, кәсіпке айналдырам десе ақылы курсыма қатысуға болады. 2010 жылдан бастап онлайн және оффлайн түрде сабақ өткізіп келемін. 15 мыңнан астам шәкіртім бар. Бәрі нәтижесін көреді, тіпті кейбірі сата алмағанның өзінде отбасына жылы киім, сыйлық ретінде ұсына алады. Бұл да кіріс көзі. Өйткені қымбатқа сыйлық алмай, соған материалын алып, өз қолымен дайындаған бұйым ерекше. Сонымен қатар шәкірттерімнің қолөнер жұмысы шетелге көрмеге қойылып, КИнЭС рекордтар кітабына енді. Бұдан бөлек қайтарымсыз грант алып, кәсіп ашуға кірісіп кеткендер де жоқ емес. Тоқыманың берер мүмкіндігі мол, – дейді ол.
Иә, «қолымнан келмейді» деп тұра қашудың жөні жоқ. Қолөнер шеберінің айтуынша, ынта мен талпыныс болса үйренуге әбден болады. Ілмек пен жіпті ілестіріп, ой-қиялды ұштастыру жұмыстың өнімді әрі әдемі шығуына сеп. Байқап қарасаңыз, көбі шетелден әкелінетін тауарға құмар. Сондықтан кейбірі «Тоқыманың пайдасы қандай?», «Оны кім алады?» деп ойлауы мүмкін. Бірақ қолдан тоқылып, тігілген киімнің сапалы болатыны анық. Бұған қолөнерге қызығушылықтың артуы, сұраныстың көптігі дәлел.
– Қол жаттыққаннан кейін шебердің шабыты ашыла түседі. Тың идеялар келіп, бірте-бірте үлгісін өзі үйлестіретін деңгейге жетеді. Оған дейін интернет арқылы ізденуге болады. Иә, «тоқыманы кім алады?» деп ескілік ретінде қабылдайтындар жоқ емес. Дегенмен Түркия, Қытай қолөнерді жақсы дәріптейді. Әрбір қолөнер жұмысы сол ұлттың ерекшелігі мен болмысын айшықтайды.
Сондай-ақ оның адам денсаулығына тигізер пайдасы орасан. Қазір стресстік жағдайлар жиі болатыны рас. Күйзеліс кезінде тоқумен айналысу артық ойдан арылтады. Көңіл-күйдің тұрақты болуына да сеп. Әсіресе жүйке жүйесі мен жүрек қан тамырлары ауруының алдын алады. Сонымен қатар тоқыма төзімді әрі сабырлы болуға ықпал етеді, – дейді Г.Жөкеш.
Көрдіңіз бе, бір ғана тоқыма саулық пен мінезге, тіпті табысқа да тікелей әсер етеді. Демек оның нағыз терапия екеніне талас жоқ. Көздің майын тауысып бұйым дайындайтын шеберлердің жұмысы жоғары бағаға лайық. Мұнда қол мен ой еңбегі қабаттасып жатыр.


Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!