Ақмола облысында әпкелі-сіңлілі екі қыз отырған көлік суға батып кетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Алдын ала ақпаратқа қарағанда, 11 шілдеде отбасы Қызылжар ауылына жақын жердегі жасанды су қоймасына демалуға барған. Таңертең 8 және 12 жастағы әпкелі-сіңлілі екі қыз киіну үшін су жағалауындағы көлікке отырған. Сол кезде көлік аяқ астынан жүріп кетіп, суға түсіп кеткен. Балалардың әкесі дереу оларды құтқаруға тырысқан. Алайда көліктің есігін аша алмаған, әйнегін де сындыра алмаған.
“Целиноград ауданында карьерлердің бірінде қайғылы оқиға болды. Алдын ала мәлімет бойынша, кәмелетке толмаған балалар отырған жеңіл көлік белгісіз себеппен суға сырғып түсіп кеткен. Хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына Ақмола облысы мен Астанадан жедел жәрдем қызметі келді. Құтқарушылар келген кезде оқиға орнында полиция қызметкерлері жүрді”, – деп жазылған Ақмола облыстық төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Құтқарушылар судан көлікті алып шыққан. Көліктің ішінен екі қыз өлі күйде табылған. Оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр. Тергеуді аймақтық полиция департаменті жүргізіп жатыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
