Фото ЖИ арқылы жасалған

Сырдың самалын жастанып, қыстың қақаған аязын көріп өскен ауыл баласының өмірі қаладағыдай жұмсақ болмайды. Даланың мінезі қандай болса, даланың баласы да солай шыңдалады. Қуанышы – қарапайым, қайғысы – іште, еңбегі – маңдай термен өлшенетін. Құрман да сондай ортада өсті.

Оның кіндік қаны тамған жері – Қараой ауылы еді. Ауылдың шетінен әрі ассаң, кең дала басталатын. Қой өрген қыр, жылқы жайылған бел, қыста боран ұйытқып соғатын жазық. Құрманның балалық шағы осы даламен бірге өтті.

Әкесі Сейіт – көп сөйлемейтін, бірақ еңбектің қадірін білетін адам еді. Анасы Күләш болса, үйдің берекесін ұстап отырған қарапайым қазақ әйелі болатын.

– Балам, малдың тілін түсінсең, даланың да тілін түсінесің, – деп әкесі Құрманға кішкентайынан мал соңына ертетін.

Құрман атқа алғаш бес-алты жасында мінді. Жеті-сегізге келгенде тайға бас үйретуді үйренді. Ал он екі жасында ауылдың жігіттерімен бірге жылқыға қарайтын болды.

Оның астындағы аты да елге белгілі еді. Қарагер аталатын. Құрман қайда жүрсе де, Қарагер жанынан табылатын. Екеуінің арасындағы байланыс өзгеше еді. Құрман тізгінді тартса, ат тоқтайтын. Бір қимылынан-ақ иесінің ойын сезетіндей.

Жылдар өте Құрман жігіт болып ер жетті. Бірақ оның өмірінде үлкен өзгеріс боларын ол кезде ешкім білмейтін.

***

Қыс мезгілі болатын. Қараойдың қысы қатты еді. Бір күні кешке ауылдың сыртындағы қорадан бірнеше қойдың жоғалғаны белгілі болды.

– Құрман, ауылдың шет-шетін сен жақсы білесің ғой. Айналаны бір қарап келші, – деді ауылдың үлкендері. Құрман ойланбастан Қарагерге мінді.

Күн ұясына әлдеқашан батып кеткен. Айналаны көкшіл қараңғылық басқан. Қар бетке ұрып, жел сүйектен өтетін. Құрман соған қарамастан малдың ізіне түсті. Бірақ із алыстай берді. Бір төбеден асып, тағы бір белге шыққанда, алыстан қарауытып жатқан малды байқады. Бір сайдың ықтасына жиналып қалған екен.

Дереу малды жинап, ауылға қарай бет алды. Алайда қайтар жолда боран күшейді. Қарагердің тұяғы қарға кіріп-шығып, әрең келе жатты. Өзінің үстіндегі киімі біртіндеп суып, денесіне аяз өтіп бара жатты. Бір сәтте ат сүрініп, Құрман аттан құлап түсті.Орнынан тұруға әрекеттенгенімен, басы айналып, бойын әлсіздік биледі.

«Бір сәт тынығып алайын. Таң атқанша мына жерде жата тұрсам, ауыл да жақын ғой…» деп ойлады. Осылайша Қарагердің жанына қисая кетіп, көзі ілініп кетті. Сол сәтте оның өміріндегі ең ауыр түн басталды.

***

Таң атқанда оны ауыл адамдары іздеп тапты. Қарагер оны тастап кетпей, жанында тұр екен. Ал иесі ес-түссіз жатты. Ауыл адамдары оны шұғыл орап, үйге жеткізді. Дәрігерлер қолдан келгенін жасады. Бірақ үсік тым ауыр еді.

Бірнеше күннен кейін Құрман көзін ашты. Анасы Күләш төсегінің жанында үнсіз отыр екен.

– Апа… – деді Құрман әлсіз дауыспен. Анасының көзіне жас толды. – Ештеңе етпейді, балам. Аман қалдың ғой…

Бірақ Құрман бір нәрсені сезді. Аяғы да, қолы да бұрынғыдай емес еді. Дәрігерлер оның енді ауыр дене еңбегін атқара алмайтынын айтты. Құрман үшін бұл сөз өлімнен де ауыр тиді. Өйткені оның бүкіл өмірі еңбекпен өткен еді. Атқа міну, мал бағу, қора жөндеу, шөп шабу, дала кезу бәрі-бәрі көз алдынан өте шықты. Енді мұның бәрі оның қолынан келмейтіндей көрінді.

Бір күні әкесі Сейіт төсегінің қасына келіп отырды. Өксік толы, біраз үнсіз отырып, терең бір демалды да:

– Балам, адамның күші тек қолында емес. Екі қолың мен екі аяғыңнан айырылған жоқсың. Бірақ бұрынғыдай қолдана алмай қалуың мүмкін. Ал ақыл мен жігеріңді ешкім тартып ала алмайды, – деді. Құрман үнсіз, терезеге телмірумен болды. Бірақ бұл сөз оның есінде қалды.

***

Арада айлар өтті. Құрман бірте-бірте өз жағдайына бейімделе бастады. Алғашында ол ештеңе істегісі келмеді. Терезеден далаға қарап ұзақ отыратын. Ауылдың жігіттері атқа мініп өткен сайын жүрегі ауыратын. Бір күні оның көзі үйдің бұрышында жатқан ескі жүгенге түсті. Жүгеннің бір шеті сөгіліп қалыпты. Қолына алып, «Мынаны өзім жөндеп көрсем ше?» деген ой келді. Сол күннен бастап оның өмірінде жаңа кезең басталды.

Ол былғарыны өңдеуді, өрім тоқуды, қайыс тігуді меңгерді. Ат әбзелдерін жасауды қайтақайта үйренді. Алғашқы жасаған жүгені қисық болды. Екінші жасағаны да мінсіз шықпады. Бірақ тоқтамады. Қолының бұрынғыдай икемі болмаса да, саусақтарын қайта жаттықтырды. Кейде бір жұмысты жасауға бұрынғыдан бірнеше есе көп уақыт кететін. Бірақ ол:

– Мен баяу жасаймын. Бірақ жасаймын, – дейтін. Бір күні ауылдағы жылқышы Оралбай Құрманға келді.

– Бір ноқта керек еді. Жасап бере аласың ба? Құрман үндемей басын изеді. Бірнеше күннен кейін ноқта дайын болды. Оралбай оны қолына алып, мұқият қарап шықты.

– Мынауың жаман емес екен.

Осы бір ауыз сөз Құрман үшін үлкен марапат еді.Содан кейін тапсырыс көбейді. Біреу жүген сұрады, енді бірі қамшы жасатуға келді. Біреу ер-тоқымға қажетті қайыс іздеді. Қожалық иелері шаруашылыққа керек ұсақ заттарды Құрманнан ала бастады. Кеше ғана ауылда «еңбекке жарамай қалды» деген сөз айтылған ол енді ауылдың еңбек адамдарының біріне айналды.

***

Жылдар өтті. Қараойда Құрманның қолынан шықпаған ат әбзелі азайды. Оның шағын шеберханасы ауылдың бір бұрышында тұрды. Есігінен кірген адам былғарының, ағаштың, қайыстың иісін сезетін. Қабырғада ат әбзелдері ілулі тұратын. Бір бұрышта дайын жүгендер, екінші жағында қамшылар, үстелде ұсақ құралдар. Ал төрде әкесінен қалған ескі пышақ жататын. Құрман оны ешкімге бермейтін. Өйткені бұл пышақпен әкесі Сейіт талай дүниені жасаған еді.

Бір күні анасы Күләш шеберханаға кірді.

– Балам, шаршадың ба?

Құрман күлімсіреді.

 – Шаршадым, апа.

– Онда демал.

– Апа, адам шаршағаннан емес, қолынан іс келмегеннен қиналады екен. Мен енді шаршасам да қуанамын.

Анасы үнсіз ғана баласына қарады.Көзінде жас тұрды…

***

 Құрман кейде ауыл сыртындағы төбеге шығып отыратын. Сол жерден Қараой түгел көрінетін. Ауылдың ар жағында баяғы жылқы жайылатын бел жатыр. Сол белде оның балалық шағы қалған. Бір кездері дәл осы далада ол Қарагермен бірге талай түн өткізген. Қарагер де қартайып, әлдеқашан қорада тыныш өмір сүріп жатқан. Бірақ Құрман оны ұмытқан жоқ. Кейде қораға кіріп:

 – Сен мені сол түні тастап кетпедің ғой, Қарагер, – деп оның жалына қолын тигізетін. Қарагер басын иесінің иығына жақындатып, баяу пысқырды. Екеуі де көп сөйлемейтін. Бірақ бір-бірін түсінетін.

Құрманның өміріндегі ең үлкен жеңісі – қайтадан атқа мінуі де, бұрынғыдай мал бағуы да емес еді. Оның ең үлкен жеңісі – тағдырдың «сен енді ештеңе істей алмайсың» деген үкімін қабылдамағаны. Адамның тағдыры кейде бір түнде өзгеріп кетеді. Бір сәттік ұйқы – үлкен қателікке алып келді. Бірақ адамның өмірін сол бір сәт анықтап қоймайды. Оны одан кейінгі таңдауы анықтайды. Құрман да таңдау жасады. Ол тағдырға өкпелеп отырып қалмады. Өзінің кемістігін кемшілік деп емес, жаңа өмірдің басталуы деп қабылдады. Жігері жасымаған жігітке Жаратқанда жол көрсетті.

Бұрын ол ауылды малымен қамтамасыз етсе, енді қолынан шыққан бұйымдарымен қамтамасыз етті. Бұрын Қарагердің үстінде дала кезсе, енді шеберханасының төрінде отырып, ауылдың қажетіне жарайтын дүние жасады. Оның қолынан шыққан әрбір жүген мен ноқта – жай ғана бұйым емес, Құрманның қайсарлығының белгісіне айналды. Қараой жұрты оны «аяғы мен қолы жарамсыз адам» деп емес, «еңбекпен жеңген Құрман» деп атайтын болды. Өмір одан жылқысын да, денінің қуатын да, даланы кезген жастығын да алып кеткен еді. Бірақ, қайта адам болып қалуға деген жігерін ала алмады.

Ал кейде адамның ең үлкен жеңісі – тағдырды өзгерту емес, тағдыр өзгерткеннен кейін де өзі болып қалу екен.

Абзал ЖОЛТЕРЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!