«Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» (МАЭК) ЖШС-нің №1 цехында екі қызметкер тұз қышқылымен күйіп калып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Маңғыстау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, оқиға 23 сәуір күні сағат 10:30 шамасында өндірістік жұмыстар кезінде болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жұмысшылар газ турбиналы қондырғының негізгі конденсаторын қышқылмен жуу жұмыстарын жүргізген. Қондырғыны өшіріп, ерітінді берілетін шлангіні ажырату кезінде тұз қышқылы шашырап, қызметкерлердің беті мен көзіне тиген. Зардап шеккендер бірден Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілді.

Қазіргі уақытта еңбек инспекциясы жарақаттардың ауырлық дәрежесі бойынша медициналық қорытындыны күтіп отыр. Департамент басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Кемаловтың айтуынша, егер жарақат ауыр деп танылса немесе топтық жазатайым оқиға белгілері расталса, мемлекеттік инспектордың қатысуымен арнайы тергеу жүргізіледі.

Айта кетейік, ресми деректер бойынша 2025 жылдың тоғыз айында Қазақстанда өндірісте 934 қызметкер зардап шегіп, оның 133-і қаза тапқан. МАЭК-тегі оқиғаның толық мән-жайы қазіргі уақытта анықталып жатыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!