Астанада әйелінен әлімжеттік көрген ер адам әділдік іздеп жүр. Сөзінше, бұрынғы келіншегі ажырасқаннан кейін де соңынан қалмай, аңдып, қысым көрсетеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл оқиға екі жыл бұрын басталған. Ер адамның айтуынша, ажырасқаннан кейін бұрынғы әйелі мазалауын тоқтатпаған. Хабарласып, аңдып, түрлі жанжал шығарған дейді. Заңгерлер мұндай әрекеттердің сталкинг белгілеріне ұқсайтынын айтады. Ер адам бірнеше мәрте полицияға да жүгінген екен. Алайда оның сөзінше, арызы толық қаралмай, «ер адамсың ғой, кешіре сал» деген көзқараспен жабыла салған.
“Ер адамның тарапынан ешқандай құқықбұзушылық болмаған. Балағат, былапыт сөздер айтылмаған. Оның барлығының дәлелі бар. Оған қарамастан құзырлы органдар тиісті әділ шешімін шығармаған. Сондықтан да бізге жүгінді. Қазір енді бұл жерде бала мәселесі қарастырылып жатыр. Одан кейін азаматтың жеке басы қауіпсіздігі сталкинг бойынша және де ол азамат екі жылдан кейін, жаңа отбасы құру мақсатында бір азаматпен сөз байланысады”, – деді заңгер Нұрсұлтан Орынбеков.
Қазір ер адам өзіне қатысты барлық уәждің заң аясында әділ қаралуын талап етеді. Айтуынша, екі баласы өз тәрбиесінде. Ал өзі бұрынғы жұбайының мазалауын тоқтатқанын қалайды.
Заңгерлердің айтуынша, сотта әр тараптың өз дәлелін ұсынуға мүмкіндігі болуы керек. Алайда ер азаматтарға қатысты істер қаралған кезде уәждердің толық тыңдалмайтынын айтады. Мамандардың пікірінше, сталкинг пен қысым көрсету мәселесінде заң ер мен әйелге бірдей қолданылуы қажет. Және құқықбұзушылық дәлелденсе, жауапкершілік бәріне ортақ болуы тиіс.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
