Алматы облысының Есік қаласында туған ағасын пышақтап өлтірген ер адамға сот үкімі шықты. Қылмысқа әлеуметтік желідегі қорлау сөздер себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 34 жастағы Камиль Худайбердиевке қатысты үкім жарияланды. Ол өз ағасы Бахтияр Худайбердиевті өлтірді деп айыпталған.

Желіде қайғылы оқиға биыл 11 ақпанда Есік қаласында болғанын журналист Михаил Козачков жеткізді. Сол күні таңертең Камиль баласын балалар орталығына апарып бара жатқанда ағасынан WhatsApp арқылы қорлайтын хабарламалар алады. Екеуі телефон арқылы сөйлескенімен, ортақ келісімге келе алмаған. Кейін Камиль ағасының үйіне барған.

Үйдің жанында ағайындылар арасында жанжал қайта өршіп, соңы қайғылы жағдайға ұласқан. Тергеу мәліметінше, Камиль қалтасынан пышақ шығарып, ағасына бірнеше рет соққы жасаған. Ол кейін өз әрекетін ағасы бірінші болып қару қолдануы мүмкін деп қауіптенгенімен түсіндірген.

Сотта белгілі болғандай, айыпталушы жәбірленушіге кемінде 16 рет пышақ сұғып, жүрек, бауыр, бүйрек, өкпе және ішкі ағзаларын зақымдаған. Бахтияр оқиға орнында көз жұмған.

Күдікті қылмыстан кейін ағасының жанында қалып, одан кешірім сұраған. Оқиға орнына келген туыстары жәбірленушіні тірі күйінде көре алмаған.

Қылмыстық іс қысқа мерзімде тергеліп, Камиль Худайбердиев өз кінәсін толық мойындаған. Жәбірленуші ретінде танылған үшінші ағасы Тимур Худайбердиев сотта айыпталушыны кешірген.

Осы жағдайларды ескерген сот айыпталушыға 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!