SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысының Жаңгелдин ауылында бір отбасының қырылуына қатысты резонансты іс бойынша жаңа мәліметтер белгілі болды. Құқық қорғау органдары Ақбаян Мұқағалиеваның туыстарының өліміне қатысы жоқ екенін ресми түрде мәлімдеді.

Ақбаян Мұқағалиева – басты күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевтің жұбайы, сондай-ақ қаза тапқан адамдардың қызы әрі қарындасы.

Облыс прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, әйелдің әрекеттерінен адам өлтіруге қатысты құқықбұзушылық белгілері анықталмаған.

Осыған байланысты оған қатысты кісі өлтіру бабы бойынша қылмыстық қудалау тоқтатылған. Алайда құқық қорғау органдары «қылмыс туралы хабарламау» фактісі бойынша бөлек іс тіркеген.

Қазіргі уақытта Ақбаян Мұқағалиева күдікті ретінде танылмаған және оған ешқандай бұлтартпау шарасы қолданылмаған.

Іс аясында Алматы қаласында оның психикалық жағдайына сараптама жүргізілген. Мамандардың қорытындысы дайын болғанымен, әзірге прокуратураға түспеген. Құжат зерттелгеннен кейін әйелдің әрекетіне түпкілікті құқықтық баға беріледі.

Қазір ол Атыраудағы облыстық психиатриялық орталықта жатыр.

Ал төрт адамның өліміне айыпталып отырған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі 18 мамыр күні сағат 11:00-де басталады. Іс ашық форматта қаралмақ.

Оған Қылмыстық кодекстің «екі және одан да көп адамды өлтіру» бабы, банк карталарын ұрлау және малды заңсыз сату бойынша айып тағылған.

Еске салсақ, Жаңгелдин ауылындағы отбасы 2025 жылдың соңында із-түзсіз жоғалып кеткен еді. Кейін бұл іс қоғамда үлкен резонанс туғызып, басты күдікті ретінде Сұлтан Сәрсемәлиев ұсталған болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!