Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастардың денсаулығын сақтау, заң мен тәртіп қағидатын нығайту және зиянды әдеттердің алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Осы бағытта Қызылорда облысының Полиция департаменті құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және есірткі қылмысына қарсы күрес жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде.
Жыл сайын 26 маусымда бүкіл әлемде Нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы халықаралық күрес күні атап өтіледі. Бұл күн қоғам назарын есірткі мәселесіне аударып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды дата болып табылады.
Осыған орай өңірімізде есірткіге тәуелділіктің алдын алу, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу және тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында кешенді іс-шаралар ұйымдастырылуда. Арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, жауапты мекемелер арасында нақты міндеттер айқындалды.
Жоспарға сәйкес білім беру ұйымдарында, жастар көп шоғырланатын орындарда және еңбек ұжымдарында 60-тан астам профилактикалық іс-шара өткізілді. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында 98 ақпараттық материал жарияланды.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Сондай-ақ, 26 маусым күні сағат 20:00-де Қызылорда қаласындағы «Қалалық мәдени-демалыс» паркінде Полиция департаментінің ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама өтеді.
Барша облыс тұрғындарын аталған іс-шараға белсенді қатысуға шақырамыз. Есірткісіз қоғам құру – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!