«Ауыл аманаты» жобасы аясында бой көтерген кәсіпорындар Жалағаш ауданының дамуы үшін елеулі үлес қосуда. Тың идея аудандық экономикаға сеп беріп, жұмыс орындарымен қамту мүмкіндігін арттырды. Бұл бизнес мәдениетін дамытады және кәсіпорындардың жоба жасаушылық мүмкіндіктерін кеңейтеді. Себебі ауылды дамыту мәселелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында. Осы орайда «Ауыл аманаты» жобасы қоғамда кеңінен қолдау тапты. Жоба – ауылды дамытудың жаңа драйвері. Оның аясында 2029 жылға қарай барлығы 1 миллион ауыл тұрғынын қамтып, 350 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бағдарламаны жүзеге асыруға 2024 жылы 100 млрд теңге бөлу қарастырылған.
Жоба облыста іске қосылғалы бір жылдай уақыт өтті. Осы аралықта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, былтыр облыс бойынша жобаға 3 млрд теңге бөлінген.
Нәтижесінде аймақта кәсіпкерлік саласы түрлі жобалар арқылы дами түсуде. Бүгінде мемлекет қолдауымен кәсіп көкжиегін кеңейткендердің үлкен шоғыры бар. Солардың бірі – Жалағаш ауданындағы қалдықсыз өнім шығаратын «Нұр» қап зауыты.
Өндіріс ошағынан бір демде күріш, жем, қоқыс салуға арналған 10 мың дана қап шығарылады. Бүгінде зауыттың жұмысын жүйелеуге 4 адам жұмылдырылған. Кәсіп иесі Асылхан Нұрасыловтың айтуынша, шикізат көршілес Өзбекстан елінен келеді. Ал зауыттың маторы болған алып техника Қытайдан арнайы жеткізілген.
Ол бұл кәсіпті бастауды көптен бері ойға түйіп жүрген. Жоспарлаған жұмысын жүйелеген кәсіпкер алдағы уақытта өнімін тек облыс көлемімен ғана шектемей, шетелге экспорттауды мақсат етіпті. Бұл игілікті істің барлығы «Ауыл аманаты» жобасы аясында алған несиенің арқасында.
Айта кетсек, «Ауыл аманаты» жобасы аясында берілетін шағын несиенің жоғары сомасы 2,5 мың айлық есептік көрсеткішке тең. Биыл айлық есептік көрсеткіш өзгеруіне байланысты, қаржы көлемі де ұлғайды. Мысалы, былтыр 8,6 млн теңге берілетін болса, биыл 9,2 млн теңге қарастырылған.
Сондай-ақ бизнес бағытындағы мұндай қолдаулар көп. Қайтарымсыз грант беру – кәсіп бастаушылар мен шаруа шеңберін ұлғайтатындарға үлкен мүмкіндік. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, көшет сатып, кірісін еселеген жандардың бірі – Айдана Пұсырманова. Ол былтыр қолда бар қаражатқа жылыжайға қажетті материалдар сатып алған. Басқа да қажетті құрал-саймандарды алу үшін мемлекеттік бағдарлама көмегіне жүгінеді. Осылайша 1 млн 380 мың теңге қайтарымсыз қаржылай қолдауға ие болған.
Жылыжай – табыс көзі. Көкөністің күтімі күпті, бабы мықты болып өсуіне жылыжайдың атқарар рөлі орасан. Дастарқанымызға дайын күйі келетін көкөністердің қандай күтіммен өсетініне көп көңіл аудара бермейміз. Дейтұрғанмен еселі еңбектің арқасында жемісті жұмыс болатынын ескеру керек.
Бүгінде Жалағаш ауданы Мөрәлі Шәменов ауылындағы Пұсырмановтар әулеті жылыжай жұмысын жолға қойған. Өз қаражаты есебінен жылыжай салып, сол жерден несібесін алуда. Жылыжайда қызанақ пен қиярдың 2 түрі бар. Бүгінде бағбан өнімдерін дүкен сөрелеріне шығарып, тұрғындар үшін қолайлы бағада сатуда. Кішкентай ауылда көптің алғысын арқалап жүрген бағбан алдағы уақытта жылыжайдағы өнімдердің қатарын құлпынай жемісімен толықтырмақ.
Одан бөлек, осы жоба аясында ашылған кәсіпорындар мен мекемелердің бірі ретінде «Жас Қыран» балабақшасы ерекше назар аудартады. Балабақшаның жалпы сыйымдылығы 140 балаға арналып салынған. Қазір мұнда 6 топ бар және әрқайсысына 2 тәрбиешіден 12 тәрбиеші, арнайы жоғары дәрежелі логопед мамандары жұмыс істейді.
Балаларға қажетті барлық жағдайлар жасалған, заман талабына сай жабдықталған. Ерекше балаларға да қажетті мүмкіндіктер қарастырылған. Сонымен қатар балабақшада робототехника, би үйірмелері бар.
Байқағанымыздай балабақша балалардың жан-жақты дамуына ықпал етіп, атааналар үшін сенімді орын бола алған. Ауыл аймақтарда мұндай сапалы балабақшалардың болуы өңірдің әлеуметтік дамуына оң әсер етеді. Жоғарыда келтірілген басқа кәсіпорындар сияқты, «Жас Қыран» балабақшасы да «Ауыл аманаты» жобасының нәтижесінде жүзеге асырылған маңызды бастамалардың бірі.
Сондай-ақ осы жоба аясында Жалағаш ауданында балаларға арналған «Ботақан» ойынсауық орталығы ашылды. Бұл бастамаға аудан тұрғындары дән риза. Кәсіп иесі Еркебұлан Каипов бұл ғимараттың құрылысын 2022 жылы бастаған. 2 жыл ішінде бой көтерген орталық заманауи үлгіде жасақталған. Техникалық қызметкерлер, аниматорлар, даяшылар және тағы басқа қызметтер үшін 15 адам жұмыспен қамтылған. Жоғары сапалы жабдықтармен жасақталған ойын-сауық орталығы балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Ата-ана үшін баланың қуанышты жүзін көру үлкен бақыт. Бұл орталықта ойын алаңдарының түр-түрі қарастырылып, отбасымен тамақтануға да жағдай жасалған.
– Жалағаш ауданы бойынша былтыр 206 жоба барлығы 4.8 млрд теңгеге қаржыланды, оның ішінде «Ауыл аманатына» 79.7 миллион теңге бөлінді. Биылдан бастап 47 жоба қаржыландырылды. Оның басым көпшілігі агро кредиттік корпорация акционерлік қоғамдар арқылы қаржыландырылған. Барлығы 1.8 млрд теңгеге қаржыланды. Қазір 30 кәсіпкердің жобасын қабылдап жатырмыз, одан бөлек аудан бойынша жобалар пулін жасақтадық. Осы жобалар пулі аясында ауданға тың жаңа жобаларды әкелу мақсатында аудандық кәсіпкерлер және өнеркәсіп бөлімімен үздік бизнес идеялар байқауын жарияладық.
Бұл бизнес идеялар байқауы 4 бағыттан тұрады: «Үздік инновациялық жоба», «Үздік өндіріс жобасы», «Үздік қызмет көрсету бағыты». Барлығына 100 000 теңгеден сыйақы бар. Сондай-ақ «Үздік бейнеролик дайындау» бағыты бар. Бұл бағыттың мақсаты – аудандық кәсіпкерлер және аудан тұрғындарын кәсіпкерлікке шақыру, кәсіпкерлікке баулуға арналған мотивациялық бейнеролик дайындау. Бұл бейнероликке 50 000 теңге сыйақы береміз, – деді Жалағаш аудандық кәсіпкер және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жасұлан Дүйсекев.
Шынында бір адам шағын немесе орта кәсіпті қолға алса, бірнеше адамға жұмыс табылады. Мұның өзі үлкен демеу болары сөзсіз. Кәсіпкердің іскер жандарды табу арқылы жұмыссыздықпен, әлеуметтік ахуалмен күресуіне әбден болады. Сол үшін де қазіргі кезде ауылдағы тұрғындар, оның ішінде жастар берілген мүмкіндікті пайдаланып, шағын болса да кәсібін бастауды қолға алған. Бұл сөзімізге Жалағаштағы жарқын жобалар дәлел.
Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА,
Қызылорда-Жалағаш-Қызылорда
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!