Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев азаматтарды кезектілік тәртібімен жеке қабылдады.

Келушілердің басым бөлігі тұрақты жұмысқа орналасу, денсаулық сақтау, тұрғын үй және қосымша білім беру мәселелерін көтерді.

Қызылорда қаласының тұрғыны «Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар» санаты бойынша үй кезегіне тұрғанына, баспана мәселесіне тоқталды. Оған тұрғын үй мұқтаж адамдарға кезектілік тәртібімен, заң аясында берілетіні түсіндірілді.
Сонымен қатар, жақындарын тұрақты жұмысқа орналастыруды сұраған қала тұрғындарының өтініштері де қаралды. Жұмыс іздеушілерге заң талаптарына сәйкес тұрақты жұмыс орындары ұсынылады.

Қала тұрғыны қабылдауға баласының мүгедектік тобын қайта қарау мәселесімен келген. Бұл бойынша медициналық мекемеге жүгінген. Қазіргі уақытта 2-топ мүгедектігі бар азамат медициналық көмекпен, тиісті құралдармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ биыл санаторий-курорттық мекемеде ем алған. Мамандар мүгедектік тобын өзгертуге негіз жоқ екенін айтты.

Сырдария ауданы Жетікөл ауылының тұрғыны үй кезегін қайта қалпына келтіруді сұрады. Ол 2016 жылдың тамыз айында «Жалғызбасты» санатымен Қызылорда қаласының тұрғын үй кезегіне тұрған.
Кейін ауылға қоныс аударуына байланысты кезектен шығарылған. Қазіргі таңда ауданда тұрғын үй кезегінде тұр. Өтініш иесіне кезектілікке қатысты заң талаптары түсіндірілді.

Қабылдауда көтерілген әрбір мәселе жан-жақты қаралып, тұрғындардың өтініштері бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Айта кетейік, облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылу үшін тұрғындар eGov порталы, e-Otinish бірыңғай платформасында немесе әкімдікке жазбаша өтініш қалдыра алады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!