Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Президент өз сөзінде сот жүйесіндегі жүргізіліп жатқан реформалар аталған салаға жаңадан білікті мамандарды жұмылдыруға, әділ сот төрелігін орнықтыруға тиіс екенін атап өтті.

Мұндай шаралар, ең алдымен, қоғамның соттарға деген сенімін нығайту үшін жасалып отыр. Сонымен қатар соттар мен сот рәсімдері қазіргі заман талабына сай болуға және азаматтарымыздың, биз­нес пен инвесторлардың құқықтарын қорғауға тиіс. Президент мемлекеттің ін­детке қарамастан, сот жү­йесін жаңғыртуды жалғас­тыра беретінін атап өтті. Енді осы жаңа нормалардың нақты жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп, сот қыз­метіндегі бюрократияны түбе­гейлі жою қажет.

– Жоғарғы сот төрағасы судьялардың біркелкі жағ­дайда әртүрлі шешімдер қа­был­­дайтыны жөнінде маған бірнеше рет баяндаған. Мұн­­дай келеңсіздіктерге жол беруге болмайды. Со­ның салдарынан қоғамда нара­зылық туындап, соттар­дың бәрі жемқор деген қауе­сет тарайды. Осы орайда Жоғарғы соттың нор­ма­тив­тік қаулылары мен сот тәжі­ри­бесіне жасалған шолуларды басшылыққа алу қажет. Сондай-ақ ІТ қызметтерінің талдау жасау мүмкіндігін пайдаланған жөн. Соттар қыл­мыстық процесті жүргізу барысында тергеу органдарына жалтақтамауы керек. Егер сотта мемлекеттік айып­таушы сотталушының кінәсін дәлелдей алмаса, айыптау үкімін шығаруға болмайды. Судьялар табандылық танытса, тергеу амалдары сапалы жүргізілетіні анық. Қылмыстық қудалауға түскен азаматтардың құқықтары да лайықты қорғалары сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларға бар­лық реформаның негізі адам игілігіне бағытталатынын ес­кертті. Сондықтан сот рәсім­дері бәріне түсінікті болуға тиіс. Адам игілігіне бағыт­талған бұл әдіс биылғы 1 шілдеден бас­тап енгізілетін әкімшілік әділет жүйесінің діңгегі болуы керек. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықты сот жүйесіне деген сенімге селкеу түсіріп отырған негізгі факторлардың бірі деп санайды. Тек соңғы 5 жылдың ішінде сыбайлас жемқорлық фактісі үшін Фемиданың 17 өкілі жауапқа тартылды. Түркістан облысында сотталған алқа төрағасы мен облыстық соттың судьясына қатысты жемқорлық деректері қоғамда үлкен шу туғызды.

Президент мемлекеттік қыз­метшілер мен кәсіпкер­лердің өзара ықпал­дас­ты­ғына қатысты мәселені де қозғады.

– Кәсіпкерлерге орасан зор шығын келтірген мем­лекеттік аппарат пен басқа да тұлғалардың ісі ауыр қылмыспен теңестірілуі керек деп санаймын. Бұл мәселені шұғыл түрде заңнамалық тұрғыдан рәсімдеу қажет, – деді Президент.Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесіне жаңа ақпараттық техно­логияларды пайдалану мәсе­лесіне де тоқталды.

Сонымен қатар кеңесте Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов, Қазақстан кәсіп­­керлерінің құқығын қор­­ғау жөніндегі уәкіл Рүс­тем Жүрсінов сөз сөй­леді. Жиын алдында Пре­зи­дент­ке Жоғарғы сот­­тың өз жұмысында пайдалана бас­таған ақпараттық жү­йелері мен көрсететін жаңа қыз­­меттері таныстырылды.