KAZINFORM — Қазақстанда 2026 жылы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау бойынша жалпы ұзындығы 3,7 мың шақырым болатын 14 жоба іске асырылып жатыр.
Олардың қатарына тамыз айында үш ірі жоба қосылды. Атап айтқанда, ұзындығы 800 шақырым болатын «Бейнеу — Сексеуіл», 462 шақырымдық «Қызылорда — Сексеуіл» және 312 шақырымдық «Ұлғайсын — Сексеуіл» автожолдарының құрылысы басталды. Үш жобаның жалпы ұзындығы — 1 574 шақырым.
— Биыл жалпы ұзындығы 69,6 шақырым болатын үш жобаны аяқтау жоспарланған. Олар — 27,7 шақырымдық «Рахман қайнарлары» жолы, 14,9 шақырымдық «Петропавл — Ресей Федерациясының шекарасы» автожолы және Атырау қаласының ұзындығы 27 шақырым болатын айналма жолы, — деп хабарлады Көлік министрлігі.
Ал 2027 жылы тағы үш ірі нысанды пайдалануға беру көзделіп отыр. Олардың қатарында ұзындығы 208 шақырым болатын «Қызылорда — Жезқазған» автожолы, 28 шақырымдық «Ақтөбе — Ұлғайсын» учаскесі және Ертіс өзені арқылы өтетін ұзындығы 2,7 шақырым көпір бар. Бұл жобалардың жалпы ұзындығы 238,7 шақырым болады.
Сонымен қатар биыл Сарыағаш қаласының 102 шақырымдық айналма жолын салу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұдан бөлек, «Ақтөбе — Ұлғайсын» автожолының 234 шақырымдық, «Қарағанды — Жезқазған» бағытының 572 шақырымдық учаскелерін, Қызылорда қаласының 26 шақырымдық айналма жолын және ұзындығы 896 шақырым болатын «Орталық — Батыс» жолын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— Жол жобаларын іске асыру негізгі автомобиль бағыттарының өткізу қабілетін арттыруға, сапар уақытын қысқартуға және өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге жаңа және жаңғыртылған жолдар қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, жүк тасымалы мен транзиттік әлеуетті дамытуға жол ашады, — делінген хабарламада.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
