«Мен саған есірткі жайында айтып беремін…» шығармашылық байқауына

ҮНДЕУ

Мына әлемге ең алғаш көз жүгірте отырып, есіңізді біліп, ата-ана мен отбасыңыздың мейіріміне бөлене алғашқы қадамдар жасап, оларды бір қуантқаныңызды талай естіген боларсыз. Одан кейін дүниенің барша қызығы мен қуанышына мәз бола шаттанып, есте сақтау қабілетіңіз де дамып төрткүл дүниенің түрлі таусылмас құпияларына қанық болған сәттерде есіңізде. Өсе келе, білім алуға талпынып, ең алғаш анаңыздың қолынан ұстап, мектеп партасына отырып, күні бүгінге дейін білім алып келе жатқаныңыздың өзі қаншама адамдар үшін арман, ал өзіңіз үшін үлкен жетістік. Достарыңыз да сізге бар мейірін төге көмек қолын соғзуға дайын тұрады, демалыс күндері шұғыласын шашқан күнмен таласа оянып, қызықты жерлерге қыдыруға шығасыз. Зер салсақ, мұның барлығы сіздер мен біздер үшін теңдесі жоқ бақыт. Дәл осылай бақытты сәтіңізде басыңызға бір қиындық туып, одан шығар жолды іздегенде сізге біреулер «мұны байқап көр, бар қиындығыңды ұмытасың», «өмірдің рақатын көресің» деген секілді сөздеріне сеніп, оны қолданып көруге бел бусаңыз, алдынғы бақытты сәттеріңізді әп сәтте сатып, түпсіз тұңғиыққа кеткендей сезімге кенелу сізге қаншалықты қажет?! Бұрынғыдай ата-анаңыз сізге күлімдеген көзімен емес, үрейлі, уайымдаған жанарымен қараса, достарыңыз араласудан бас тартып, қашқақтаса, әлемде жалғыз қалғандай күй кешу қаншалықты жеңіл деп ойлайсыз?! Құрметті замандастарым, жас достарым!Біз ғасырдың әлемдік дертіне айналып отырған есірткі деген зиянды заттың тигізер әсерінің тек аздаған бөлігін ғана жанама қозғап өттік. Ал, оның арғы жағында сіз бенен біз білмейтін қанша пайдасыз дүниелер жатыр десеңізші. Достар, біз жалындаған жастық шағымызда өз өміріміздің тамырына түбегейлі әсер ете алатын әдеттен аулақ болуымыз шарт. «Уақытты тоқтатар шамаң бар ма, Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да. Менің жаным ашиды мына өмірді, Өтпейтіндей көретін адамдарға»,- демекші дәл біз өмір сүріп отырған дәуір уақыттың жүйріктігімен ерекше. Таңның атысы мен күннің батысы білінбейтін заманда бар ынтамыз бен күш-жігерімізді білімге арнап, еліміздің өркендеуіне түйірдей үлесімізді қоссақ, кешегі бабаларымыз арқалаған ауыр жүкке ортақтастық деп білемін. Дүниенің қызығын қайыры жоқ есірткімен өлшемей, кез келген қиындықтың болуы адам баласы үшін заңдылық екендігін есімізден шығармайық. Мен де, сіз де дәл қазір жас болғанымызбен, біздің жасымызда бұрынғылар бір руға бас болып отырғандығын еске алып, тектілігіміздің тамырына балта шаппайық. Өмірге келудегі мақсатымызды анықтап, барынша ғылымға көңіл бөлейік. Жақсы адам жан-жағына нұрын шашып жүреді, ендеше біз де жақсы адамды көрсек жармасып, өзіміз де кемелдікке ұмтылайық. «Нашақорлыққа ұмтылатын жастар» деген мәліметтің өзі біздер үшін өте ұялатындай жәйт. Сол үшін де мен сіздерді салауатты өмір салтын ұстанған жас болуға шақырамын. Уақытша қиындықтар мен сынақтар үшін сағыңызды сындырмай, шығар жолды басқаша іздеп көріңіз дегім келеді.

#есірткігеқарсымын

Аружан ӘУЕЛБЕК,

№171 Ғани Мұратбаев атындағы мектеп 10 «Б» сынып оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!