SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлемге әйгілі актер Джеки Чан басты рөлдердің бірін сомдайтын «Құдайдың сауыттары 4: Ультиматум»халықаралық көркем фильмінің Ақтаудағы түсірілім жұмыстары толық аяқталды.

Түсірілім аяқталғаннан кейін Sәlem Entertainment компаниясы фильм алаңынан эксклюзив кадрларды жариялап, ауқымды жобаның қалай жүзеге асқанын көрсетті.

Компанияның мәліметінше, фильм Sәlem Entertainment пен Dala Edge компанияларының қатысуымен түсірілген. Жоба үшін Ақтаудың бірнеше ерекше табиғи және қалалық локациясы таңдалған.

«Ақтауда халықаралық «Құдайдың сауыттары: Ультиматум» фильмінің түсірілімін сәтті аяқтадық. Жұмыстар су үстінде, құрлықта және әуеде жүргізілді. Сіздермен түсірілім алаңындағы эксклюзив кадрлармен бөлісеміз. Сондай-ақ Ақтау тұрғындарына қонақжайлығы, жылы қарсы алғаны және біздің командаға көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтамыз», – делінген компания хабарламасында.

Еске салсақ, 13 шілдеде Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жаңа халықаралық «Құдайдың сауыттары 4: Ультиматум» фильмінің түсіріліміне қатысу үшін өңірге келген аты аңызға айналған актер, режиссер, продюсер әрі жекпе-жек шебері Джеки Чанды қарсы алған болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!