Қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайберген «Aqerke» әніне түсірілген жаңа клипіне қатысты әлеуметтік желіде айтылған сынға жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

31 шілдеде жарық көрген бейнебаяннан кейін желі қолданушылары арасында түрлі пікірталас туындаған болатын. Тыңдармандардың басым бөлігі жаңа туындыны оң бағалағанымен, кейбір пайдаланушы орындаушының авторлық репертуарының аздығын, мықты продюсердің жоқтығын айтып, сондай-ақ оны опералық вокалға тым әуестеніп кетті деп сынға алды. Осыған байланысты әнші «Ақерке» халық әнінің жаңа нұсқасы шетелдік аудиторияны қазақ музыкасымен таныстыру мақсатында дайындалғанын жеткізді.

«Бұл жұмыс мен үшін ерекше болды. Мен заманауи etno pop, dance pop стильдерінің элементтерін біріктірген музыканы арнайы таңдадым. Мең халық әнін өзгертуді мақсат еткенім жоқ, оны әртүрлі елдегі тыңдармандарыма жақын әрі түсінікті ету үшін заманауи бағытта орындағым келді. Сіздердің пікірлеріңізбен танысып, өз ойымды бөлісуді жөн көрдім. Менің тек опералық, классикалық музыканы орындайтынымды, авторлық әндерімнің аз екенін айтқан комментарийлерге назар аудардым. Шын мәнінде, 10 жыл бойы мен классикадан бастап рэпке дейінгі ең әртүрлі стильдегі музыканы орындап келемін. Жанрлардың кейбірі маған ерекше ыстық. Репертуарымның негізі – өзімнің авторлық әндерім немесе өзім продюсерлік еткен туындылар. Осы 10 жыл ішінде олардың кейбірі шетелдік тыңдармандар арасында танымал болып, халықаралық чарттарға енді әрі онда өз бағасын алды. Мен үшін ең үлкен марапат – жер шарының түкпір-түкпіріндегі адамдардың менімен бірге қазақ тілінде ән айтуы», – деді орындаушы.

Сонымен қатар әнші біркүндік хиттердің соңынан қумайтынын, өз міндеті қазақ мәдениетін насихаттау және әлемдегі тыңдармандары үшін сапалы музыка шығару деп есептейтінін баса айтты.

«Осы 10 жылда Азия, Еуропа, Америкадағы концерттерімде көрермендерді өзімнің авторлық әндеріммен ғана емес, қазақ халық әндерімен де таныстыру бақыты маған бұйырды. Егер шетелдік тыңдармандар қазақ әнін тыңдап, оның тарихы мен біздің мәдениетімізге қызығушылық танытса, онда менің еңбегімнің еш кетпегені. Мен ешқашан біркүндік хиттердің соңынан қуған емеспін. Өз мүмкіндігімше жүрегімнен шыққан әндерді кәсіби деңгейде орындап, жазуға ұмтыламын», – деп толықтырды ол.

Айта кету керек, Димаш Құдайберген – қазақ мәдениетін әлемдік деңгейде танытып жүрген бірегей өнер иесі. Оның халықаралық сахналардағы конферттері мен туындылары миллиондаған шетелдік тыңдармандардың қазақ тілі мен музыкасына деген қызығушылығын арттырып келеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!