Сұрақ ‒ сізден, жауап ‒ бізден
Жеке тұлғалар үшін өсімпұлдарды есептен шығару бойынша салықтық рақымшылық жасау көзделген. Бұған қатысты тұрғындар арасында сауал көп. Редакцияға келіп түскен сауалдарға Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түсіндіру жұмыстары басқармасының бас маманы Светлана Қазбекова жауап берді.
– Жеке тұлғалардың салықтарына салықтық рақымшылық қандай заңмен көзделген?
– Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілердің назарына Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 2 шілдедегі заңымен «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Заңы 57-5-баппен толықтырылды.
– Салықтық рақымшылықтың шарты қандай?
– 2019 жылға мүлік салығы мен жер салығын төлеу бойынша міндеттемелерді қоспағанда, 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін салық кезеңдері үшін құрылған мүлік салығы, жер салығы және көлік құралдары салығы бойынша негізгі қарыз сомасын төлеу шартымен жеке тұлғалар үшін өсімпұлды есептен шығару бойынша салықтық рақымшылық жасау көзделген.
– Есептен шығаруға тиесілі өсімпұл сомасы қандай?
– Есептен шығаруға 2020 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша салық төлеушінің дербес шотында есепте тұрған өсімпұл сомасы, сондай-ақ төленген күнді қоса алғанда, оны төлеу күніне дейін осындай берешек сомасына есептелген өсімпұл сомасы жатады. Бұл ретте өсімпұл төленген салықтың түрі бойынша есептен шығарылады
– Есептен шығару үшін қандай да бір өтініш толтыру қажет пе?
– Қажет емес. Негізгі салығы төленген салық төлеушілердің өсімпұлы автоматты түрде жойылады.
– Салықтық рақымшылық жасау мерзімі қандай?
– Салықтық рақымшылық жасау мерзімі – 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!