Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова еңбек ардагері, қаржыгер Қамбар Әжібековпен және қоғам белсендісі, ардагер журналист Айткүл Шалғынбаевамен кездесті.

Қамбар Әжібеков кездесу барысында аймақ басшысына ауыл тұрғындарының жағдайын көтеру, қаржыландыру, тұтыну тауарларын өндіру, салық саласының мәселелерін жетілдіру, мамандарды қолдауға қатысты ұсыныстарын білдірді.

«Тұрғындарды жұмыспен қамту, тұтыну тауарларын өндіру мақсатында аса көп қаржы керек етпейтін, қалтарыста қалып жүрген, бірақ, қолдан келетін резервтер туралы айтқым келеді. Қазір облыстағы 300-ден асатын мектептердің басым көпшілігінде тігін шеберханаларында іс машиналары бар, алайда, олар тиімді қолданбауда, олар арқылы балабақша, аурухана, халыққа жатын заттарын, оқушылар формасын тігуді ұйымдастырса, сол сияқты техникалық колледждердің мүмкіндіктерін барынша пайдаланса, 500-ге тарта маусымдық жұмыс орындары ашылар еді», – деді Қамбар Әжібеков.

Өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова қаржыгердің осы және басқа да ұсыныстарын тыңдай отырып, тұрғындарды жұмыспен қамту, тұтыну тауарларын өндіруге қатысты ойларын зерттейтінін және осы мақсатта тиісті сала мамандарына зерделеуге тапсыратынын жеткізді.
Ал, қоғам белсендісі, ардагер журналист Айткүл Шалғынбаева өзінің 20 жыл уақыттан бері су шаруашылығы саласы төңірегінде көптеген келелі мәселелер көтеріп жүргенін, оның ішінде Арал проблемасы, САРАТС жобасының екінші кезеңі, трансшекаралық су мәселелері туралы алаңдаушылығын айтты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!