Жаңақорған аудандық сотында ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен азамат Б.-ға қатысты әкімшілік ісі қаралды.

Құқықбұзушы 2021 жылғы 13 қаңтарда Жаңақорған кенті Т.Бегельдинов көшесінің бойында өзінің «Opel Vectra» үлгісіндегі автокөлігін алкогольді масаң күйдегі азамат А.-ға басқаруға берген.

Сотта құқықбұзушы өз кінәсін мойындап, А. көрші болып табылатынын, екеуі бірге бір шөлмек арақ ішкенін, содан соң алкогольді масаң күйдегі А.-ға өзінің автокөлігін басқару үшін бергенін көрсеткен.

ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігінің талабына сәйкес жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру ‑ он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді.

Құқықбұзушы Б.Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 15 тәулік әкімшілік қамаққа алынып және көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айырылды.

Жаңақорған аудандық сотының баспасөз қызметі