Статистика деректеріне сәйкес, елімізде NEET санатындағы жастардың үлесі 6,9 пайызды құрайды. Бұл – оқымайтын, жұмыс істемейтін және біліктілігін арттырмайтын жастар.Ынтасыз жастардың 52 мыңы үй шаруасындағылар, басым бөлігі – жас аналар. Денсаулық жағдайына байланысты жұмыс істемейтіндер – 33 мың. Президент Жолдауда осы түйткілге алаңдайтынын білдіріп, мәселені шешудің жолын нұсқаған болатын.
Қазір аталған топты қолдау кәсіптік бағдарлау, кәсіби оқыту, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтендіру бағыттары бойынша жүруде. Бұдан бөлек, осы аптада «Жастар ресурстық орталықтары» алқасының бірінші отырысы өткізіліп, еліміздің барлық өңіріндегі ресурстық орталықтар жұмысының қорытындысы шықты.
Мұнда Қазақстандағы NEET жастарының санын есептеу мен анықтаудың жаңа алгоритмі таныстырылды. Ол тиімді жұмыс істеу үшін NEET жастарының өңірлік электрондық деректер базасын қалыптастыруды көздейді.
Айта кетейік, облыстық «Жастар ресурстық орталығында» аталған бағыт бойынша жұмыс қарқын алды. Қарашадан желтоқсан айына дейін барлық ауданды қамту жоспарланып отыр. Соның негізінде аймақ жастарының әлеуметтік картасы әзірленбек.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!