Мемлекет басшысы Жолдауда экономикалық-әлеуметтік мәселелерді айта келе түрлі өңірлердің төмен деңгейде дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Соның ішінде Семей қаласына ерекше көңіл бөліп, жаңадан құрылатын Абай облысының орталығы болатынын жеткізді. Оған қоса қазақ тарихында ерекше маңызға ие Жезқазған маңынан Ұлытау облысын құру туралы шешім де көңіл қуантқаны анық. Мұндай шешім рухани жаңғырудан бөлек, аймақтардың инфрақұрылымын жақсартуға, әлеуметтік деңгейін көтеруге мүмкіндік беретінін естен шығармаған жөн.

Халық көп шоғырланған Алматы облысын екіге бөлу – Жетісу және Алматы облыстарын құру идеясы да халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, өңірдің келешек даму бағытын айқындай жасалған қадам деп айтар едім. Себебі Алматы облысының орталығы – Қапшағай қаласы, Жетісу облысының орталығы –Талдықорған қаласы болса, әкімшілік құрылым өзгеріп, халыққа жеңіл болары түсінікті жайт.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Ұлттық құрылтай құру бастамасының ауқымы кең екені мәлім. Бұл алдымен мемлекет деңгейіндегі мәселені халық болып шешуге, құрылтайдың деңгейін жоғарылатуға жасалған қадам екені даусыз. Ендігі меже түрлі сала мамандары, ҮЕҰ өкілдері, тәуелсіз азаматтардың қатысуына ықпал жасап, құрылтай құрамын қайта жасақтау міндеті тұр.

Сәулет САХИЕВ,

«Рухани жаңғыру» орталығы директорының орынбасары

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!