Бүгінгі кейіпкеріміз − Иван Панфилов атындағы №5 мектеп-лицейінің 2-сынып оқушысы Мейіржан Ақылбек. Атына заты сай балақай жасына қарамастан математикаға ерекше қызығатын қөрінеді. Тіпті жоғары сыныптың есептерін де еркін шығара алады. Логикалық ойлауы жоғары, есепке жүйрік оқушы бүгінде қатарластарының арасында алғырлығымен дараланып келеді.

Бастауыш сынып мұғалімі Лаура Дәулетқызының айтуынша, оқушының есепке деген қызығушылығы бірден қалыптаспаған. Алғашқы кезде тапсырмаларды орындауда енжарлық байқалғанымен, түрлі әдіс-тәсілдің арқасында баланың да ынтаясы оянған. Бүгінде ол өз бетінше ізденіп, күрделі есептерді шығаруға машықтанған озат оқушылардың біріне айналды.

− Мейіржан – алғыр, зерек, логикалық ойлауы жоғары оқушы. Әсіресе математика пәніне деген қызығушылығы басым. Есеп шығарудан үздік. Өзінің қатарластарының арасынан дараланып келе жатқан ол әр тапсырмаға терең ойла- нып, түрлі тәсілмен шешім табуға тырысады, − дейді Лаура Дәулетқызы.

Иә, қазір білімге құштар, ойы ұшқыр ұрпақ тәрбиелеу – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе бастауыш сыныптан бастап оқушының қабілетін танып, оны дұрыс бағыттай білу – ұстаздың кәсіби шеберлігін айқындайды. Осы орайда Лаура Дәулетқызының да Мейіржанның бойындағы ерекше қабілетті дер кезінде байқап, оқушыны дамыту жолында жұмыс істегені расымен қуантады. Қазір түрлі интеллектуалды байқауға қатысып, бақ сынап жүрген балақайдың жетістігі де жетерлік.

Жас дарынның өзі есеп шығарудың басты құпиясы – үздіксіз жаттығу мен еңбек екенін айтады. Ол қиын есептерді шешкен кезде асықпай ойланып, әртүрлі жолды қарастыруға тырысатынын жеткізді. Бос уақытында кітап оқып, есеп шығарумен айналысатын Мейіржан болашақта үлкен ғалым болуды армандайды.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!