Жыл соңы таяп, жаңа жыл жақындаған сайын қарбалас қызуда. Бірі дастархан қамымен азық-түлік алып жүрсе, енді бірі шырша мен ойыншық, отшашу іздеп әлек. Соңғы екі жылда дүрбелеңге салған вирустың ізі қайтысымен тұрғындар мерекелік көңіл-күйге қайта оралды. Иә, жаңа жыл – отбасылық мереке. Бұл күндері барлық адам келер жылдан жақсылық күтіп, кереметтей көңіл-күймен қуанышта жүреді. Бір-біріне сыйлық жасап, кейбірі қауіпті отшашу ұйымдастырады. Десек те көңіл көтереміз деп ауруханадан бір-ақ шығатын сәттер де кездеседі. Сондықтан сақтық шараларын саралай кетсек.

Шынында пиротехникалық өнімдерге сертификаттардың жоқтығы және белгісіз орындарда тауарларды сату жайттары орын алады. Ал полицейлер болса, оны сату ережелерін сақтамаған құқық бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартады. Әсіресе, кәмелетке толмағандардың ойын-сауық үшін өртке қауіпті өнімдерді пайдаланбауына баса көңіл аударылады.


Сонымен қатар тәртіп сақшылары сатушыларға пиротехникалық заттарды қолданудың қауіпсіздік ережелері, пиротехникалық бұйымдарды сатуда арнайы лицензияның болуы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Жергілікті ПД Әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, “Пиротехника” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу ең алдымен жаңа жылдық мерекелер кезінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ балалар мен ересектер арасында жарақат алу жағдайларының алдын алуға бағытталған.


25 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында өтетін рейд кезінде заңсыз заттарға тыйым салынбақ. Бүгінде пиротехникалық бұйымдарды тасымалдаудың және сақтаудың заңдылығы бойынша 400 рейд жүргізілді. Нәтижесінде заңсыз сатудың 75 фактісі анықталды. Құқық бұзушылардан сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдардың 1 850 данасы тәркіленді. Сондықтан құқық қорғау қызметкерлері балалар мен үлкендер арасындағы жарақаттанудың алдын-алу және болдырмау, жасөспірімдердің пиротехникалық заттарды қолданбауын бақылау, сондай-ақ пиротехникалық өнімдерді лицензиясы бар арнайы сауда орындарынан алуға кеңес береді.
Шынында, от «шашу» ойын емес. Сапасыз отшашу салдарынан әп сәтте опық жеуіңіз мүмкін. Мұны белгілі блогер Римма Асқарованың өзі растап отыр. Блогер 11 жасында отшашудың кесірінен көзін қатты жарақаттаған.


– 11 жасымнан бастап отшашуға жақындамаймын. Өйткені денсаулығыма зардабы көп болды. Танымайтын адамдар көзімді көріп, туабітті ауру екен деп ойлап жатады. Көбісінің көкейіне “бұл қалай болған?” деген сауал туындайды. Негізі олай емес. Бұл оқиғаны жазатайым болған жағдай деп қабылдадым. 11 жасымда, 6 сынып оқитын кезімде жаңа жыл қарсаңында отшашу шашырап, содан көзімнің беткі пердесі күйіп, осы жағдайға түстім. Бірақ ол кезде қабақ, кірпігім ашылмай, көзім түгел жабылып қалды.


Біздің елдегі дәрігерлердің бәрі Римма Асқарова десе жатқа танитын. Тіпті ауруханадағы кіші қызметкерлерге дейін менің жағдайыма алаңдайтын. Жай тексеріске бара қалсам «бәрі дұрыс па» деп сұрайтын. Отшашудың кесірінен әрбір жаз сайын ауруханаға келіп 21 күндік емге қалып жүрдім. Арасында оталар да болып тұрды. Кейін Кореяға барып, ең алғаш қабағыма ота жасаттым. Көзімнің қазіргі жағдайы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсарды, – дейді блогер.


Мереке күндері адам денсаулығына әсер ететін зиянды заттар тек отшашумен шектелмейді. Шамадан тыс тамақ пен ішімдік ішіп, ауру тілеп алатындар көбейеді. Сондықтан мамандар бұл мәселенің алдын алуға да шақырады. Ол үшін азық-түлік сатып аларда қырағы болған абзал. Әсіресе, тауардың жарамдылық мерзімін қадағалау қажет. Ал мерекелік дастархан үстінде тамақтану әдебін сақтаған жөн.


Қаладағы қай мейрамханада да қазір мереке алды қарбалас. Жаңа жылды осында қарсы алатындар асқа алдын-ала тапсырыс та беріп қояды. «Үстелде ас көп болса, келер жылы сондай молшылық болады» дейтін ырымшыл халықтың тағамнан аянып қалмайтыны анық. «Arnau palace» мейрамханысының әкімгері Бағдат Мұхамедов биыл тапсырыстың мол екенін жеткізді.


– Көп қонақтар жанұяларымен келеді. Сондай-ақ әріптестермен де көңілді кеш өткізіп жатыр. Негізгі тапсырыс – ет. 23 желтоқсаннан бері мейрамхананың негізгі тағамы да ет болып кетті.
Мерекені үйде тойлаушылардың да тамақтан ақша аяп қалмайтыны белгілі. Жұрт дастарханды жеміс-жидек, тәтті мен ыстық тағамның түр-түріне толтырады. Көзіміз қызығып, бәрінің дәмін татып көруге асығатынымыз да жасырын емес. Алайда мұндай қомағайлық жаңа жылдық көңіл-күйіңізді әп-сәтте бұзуы мүмкін.Төрегелді Шарманов, Қазақ Тағамтану академиясының президенті бұған қатысты мынадай пікір айтты.


– Ет жеме демейміз, жесін. Сорпа ішпе демейміз, ішсін. Салатқа абай болу керек. Жаңа жылға арналған салаттарда көбіне инфекциялық аурулар көрініп қалады. Бұған дәлел, жуырда ғана арнайы тексеріс кезінде дүкенде сатылатын салаттан ішек құрттары табылған. Әрі тағамның бұл түрі 24 сағатқа ғана жарамды. Сондықтан оны үйде дайындаған дұрыс.
Мамандар әсіресе, азық-түлік сатып аларда сақ болуға шақырады. Дүкен сөресінде самсап тұрған заттың бәрі бірдей сапалы деуге келмейді. Биылдың өзінде Ұлттық экономика министрлігі сауда орындарында тексеріс жүргізіп, аса қауіпті 23 мың тонна тауарды жарамсыз деп тапқан. Ал, оны өндірушілер жаппай жазаланыпты.

Ерасыл ШӘРІБЕК