Қазақстандық министрлердің қанша тіл білетіні белгілі болды. Олардың арасында бір емес бес тіл білетіндері де, қазақша сөйлей алмайтындары да табылды. Бұл тіралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ranking.kz зерттеуіне сілтеп хабарлайды. 

Бүгінде ҚР үкіметінде 18 министрлік бар. Министрлер кабинетінің жаңа құрамы осы жылдың қаңтарында қайта жасақталған еді. Президенттің үкіміне сәйкес, ведомство басшыларының барлығы дерлік өз лауазымдарын сақтап қалған, тек екі министрлікке (еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, ұлттық экономика министрлігі) жаңа басшы келді.  

Аналитикалық ұйымның зертеуіне сүйенсек, сыртқы істер министрі әрі үкімет басшысының орынбасары Мұхтар Тілеуберді қазақ тілі мен орыс тілінен бөлек, ағылшын, корей және жапон тілдерін жетік біледі. Оның әріптесі, қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев та бес тіл меңгерген. Атап айтсақ: қазақ, орыс, ағылшын, қытай және португал тілдері. 

Төрт тілде сөйлей алатындардың қатарында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев және экология, геология және табиғат ресурстары министрі Мағзұм Мырзағалиев бар. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, әділет министрі Марат Бекетаев және денсаулық сақтау министрі Алексей Цой үш тіл (қазақ, орыс, ағылшын тілдері) меңгерген. 

Ең қызығы, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ағылшын тілін білмейтін болып шықты. Сондай-ақ, ағылшынша сөйлей алмайтындардың қатарында ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев та бар. 

Ал өткен жылы қайта құрылған төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин орыс тілінен басқа тілде сөйлей алмайтыны белгілі болды. 

Еске салайық, бұған дейін депутаттың қойған сауалына орысша жауап қайтарғаны үшін ұлттық экономика министрлігінің жаңа басшысы Әсет Ерғалиев сынға қалған еді. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!