Биыл Қазақстандық студенттер Ресейге барып, оқуын жалғастыра ала ма? Бұл сұраққа ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Айта кетсек, қаңтар айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға техникалық мамандар қажет екенін және Ресейдің техникалық жоғары оқу орындары біздің студенттеріміз үшін басым бағыт болатынын мәлімдеген еді. Бірақ бұл бастама туралы президенттің соңғы жолдауында айтылмады. 

Министрдің сөзінше, техникалық мамандарды басымдылық беріп, даярлау тапсырмасы толыққанды жүзеге асырылуда.

«Биыл мемлекеттік тапсырыспен 88 мың грант берілсе, оның 60 пайызы инженерлік-техникалық мамандықтарға бөлінген. «Болашақ» бағдарламасында да 65 пайызға жуық стипендиаттар инженерлік-техникалық мамандықтарға жіберіледі. Ресейдің жетекші техникалық университеттерінің екі филиалы Қазақстанда ашылды. Биыл 2 қыркүйекте Атыраудағы С. Өтебаев атындағы мұнай-газ университетінде И. Губкин атындағы Ресей мұнай-газ университетінің филиалы ашылды. Ал 12 қыркүйекте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ негізінде атақты Мәскеу инженерлік-физикалық институтының филиалы ашылды. МИФИ ядролық университетімен ядролық энергетика және ақпараттық қауіпсіздік саласында екі үлкен бағдарлама бастадық. Сондықтан бұл тапсырмалар толыққанды жүзеге асырылуда. Енді біздің талапкерлерді Ресейге жібермей-ақ, өз елімізде ең мықты ресейлік инженерлік университттерден білім алуға болады», – дейді Саясат Нұрбек.

Саясат Нұрбектің айтуынша, биыл қазақстандық студенттердің Ресейге баруына шектеу қойылмаған. 

“Олардың Ресейдегі оқуын жалғастыруға ешқандай да шектеу жоқ. Бірнеше мың қазақстандық студенттер Ресейде оқуларын жалғастырып жатыр. Ал ресейлік-украиналық университеттерде оқып жатқан 2500 қазақстандық студент қазақстандық ЖОО-ларға аударылды. Ал Украинадан 34 студентіміз елге келді”, – дейді министр. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!