Адал ісіне ақы сұрамас еңбекқор жандардың болмыс-бітімі бүгінгі ұрпақтың бағыт алар бағдарына айналары белгілі. Себебі туған жеріне, өскен өңіріне адал қызмет еткен жандар қашан да мақтан төрінде, марапат биігінде. Заман көшінде ілгері басып, ұрпақ тәрбиелеуде өзіндік салмағы бар жандар Сыр өңірінде жетерлік. Лиза Ауминова – саналы ғұмырында қажырлы еңбек етіп, көптің көңілінен шыға білген осындай өнегелі өмір иесі.

Әңгіме арқауына айналып отырған Лиза Абатқызы 1968 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Уақыт ағымымен кейін Сырдария ауданы, Тереңөзек кентіне қоныс аударады. 1985 жылы сондағы  №36 А.Жданов атындағы орта мектебін бітіріп, Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының филология факультетіне түседі. Белсенді және жақсы оқығаны үшін Лиза 1988-1989 жылдары Украинаның Житомир қаласындағы И.Франко атындағы пединститутына оқуға жолдама алып, оқу жылын «үздік» бітірген. Арада екі жыл өткен соң оқуын тәмамдап, Тереңөзек кентіне қайта оралады. Еңбек жолын осындағы №36 орта мектепке орыс тілі және орыс әдебиеті мұғалімі болып бастайды.

Алғаш жұмысын бастағаннан-ақ біліктілігімен көзге түскен ол сатылап көтерілді. Олай дейтініміз ұстаз 1993 жылы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалады да 27 жыл мектептің осы саласын басқарады.

Жас буынға тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, оған дұрыс бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Бала біткенді білім нәрімен сусындатқан ұстаз диқан секілді. Себебі, ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға қанатын қатайтып ұшырады. Осы аралықта Лиза Абатқызы мыңдаған оқушыларды тәрбиелеп шығарды. Бүгінде оның тәлім берген түлектері республикамыздың түпкір-түпкірінде әрбір саланың білікті маманы атанып отыр. Уақытында көптеген оқушыларды пәндік олимпиадаларға дайындап жеңімпаз атандырды. 

Саналы ғұмырын білім беру ісіне арнаған жанның еңбегі еленді. Ол 2020 жылы «Оқыту мен оқудағы инновациялық тәсілдер» байқауында Құрмет грамотасы, былтыр облыстық кәсіподақтың «Құрмет грамотасымен»  және тағы да басқа алғыс хаттармен марапатталған. Айта кететін тағы бір жайт, ол ұстаздық қызметін шығармашылықпен ұштастырып, түрлі басылымдарға тұрақты түрде мақала жазды. Ұлағатты ұстаздың бүгінгі дейін методикалық және дидактикалық жинақтары шыққан. Сөйтіп білім саласына да өзіндік қолтаңбасын қалдырып, сүбелі үлес қосты.

Мыңдаған жанның жүрегіне білім нұрын құйған ұлағатты ұстаздың шыққан биігі, елге еткен еңбегі аз емес. Міне, осындай өнегелі тұлғаны ұлықтау, еңбек жолын өскелең ұрпаққа үлгі ету – ұрпақ міндеті.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!