Қазіргі қоғам дерті саналатын жемқорлық бүгінгі күннің күрделі мәселесі болып отыр. Жемқорлыққа тосқауыл қойып, алдын-алу және оған жол бермеу аталған дерттің жойылуына біршама себеп болары анық. Сондықтан, сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білуіміз қажет. Сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін халықтың құқықтық сауаттығын арттыру қажет.
Елімізде осы мәселеге байланысты арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан түрлі жұмыстар да баршылық, дегенмен бұл мәселе әлі толық шешімін тапқан жоқ. Ендеше, жас буынға жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу-олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасуына, өз құқықтары мен міндеттерін терең ұғынып жете түсінуіне және орындауына көмектесудің алғы шарттарының бірі болып саналады. Атап айтқанда, ол үшін ең алдымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптасқан жағдайда ғана адам адамгершілікке жат-қылықтардан бойын аулақ ұстай бастайды, заңға қайшы келетін әрекеттерді жасауға жол бермейді. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, сыбайлас-жемқорлық-бұл қызмет дәрежесін жеке мақсатта пайдалану. Осы келеңсіз құбылыстың үдеп бара жатқаны жас ұрпақ тәрбиесіне зиян болатындығы бәрімізді алаңдатады.
Сондықтан кез-келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз керек. Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне абыройсыздық ұялатады, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Олай болса, жегі құртты жеңу еліміздің әрбір азаматының адалдық пен адамдық борышы.

И.Әлішер, Қызылорда облысының
Әділет департаментінің
бас маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!