Қазақ халқының рухани әлемінде өшпес із қалдырған ұлы ойшыл, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күні – ел руханияты үшін айрықша мәнге ие күн. Хәкім Абайдың асыл мұрасын дәріптеу, оның өнегелі өмірі мен даналыққа толы шығармаларын жас ұрпақтың бойына сіңіру – бүгінгі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Осы орайда №2 мектеп ұжымы ұйымдастырған Абай ескерткішіне гүл қою рәсімі тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор іс-шара ретінде жоғары деңгейде өтті.

Салтанатты іс-шара мектеп алдындағы Абай Құнанбайұлының ескерткіші жанында ұйымдастырылды. Жиналған қауым ең әуелі ұлттың ұлы перзентіне құрмет көрсетіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Жиында Мұрат Бақтиярұлы мен Нұртай Қайрат сөз сөйлеп, Абай мұрасының тарихи әрі тәрбиелік маңызына кеңінен тоқталды.

Іс-шараға қала әкімінің орынбасары, қоғам қайраткерлері, №2 мектептің ұстаздары мен білім алушылары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Бас қосқан жұртшылық Абайдың өмір жолы мен шығармашылық мұрасы туралы тағылымды ойларымен бөлісіп, оның еңбектерінің бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін ерекше атап өтті.

Шара барысында талантты білім алушылар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Жас жеткіншектердің орындауындағы әрбір жыр шумағы көрерменнің көңілінен шығып, Абай сөзінің құндылығын тағы бір мәрте айқындай түсті. Ақынның адамгершілік, білім, еңбек, бірлік һәм парасат туралы терең ойлары жас ұрпақтың орындауында жаңаша үндесіп, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Мерекелік жиын өнер көрсетусіз өткен жоқ. Мектеп оқушыларының орындауындағы әсем әндер мен ұлттық нақыштағы билер шараның көркін аша түсті. Өнерлі жастардың тартуы қазақ халқының мәдениеті мен рухани байлығының сабақтастығын көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ән мен жыр, би мен тағылым үндескен бұл кездесу Абай мұрасының өміршеңдігін тағы бір дәлелдегендей болды.

Сонымен қатар жастардың ұлттық әдебиетке, ана тіліне, төл мәдениетке деген сүйіспеншілігін арттыруда осындай тағылымды іс-шаралардың орны ерекше екендігі сөз болды. Себебі Абай мұрасын танып-білу – ұлттың тарихын, мәдениетін және рухани болмысын терең түсінудің бастау көзі.

Абай – бір дәуірдің ғана емес, бүтін бір ғасырдың ойшылы. Оның қара сөздері мен өлеңдері адамды білімге, ізгілікке, еңбекке, адалдыққа үндейді. Сондықтан ұлы ақынның есімін ұлықтау, шығармашылығын дәріптеу және рухына тағзым ету – ұлттық сананы жаңғыртудың маңызды бір бөлігі.  Осындай мазмұнды іс-шаралар арқылы Абайдың тағылымы жас буынның жүрегінен орын алып, ұлттық құндылықтарымыздың мәңгілік жасай беруіне негіз қалайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!