Бүгінгі күні қоғамның өркениетті дамуы үшін дауларды шешудің басқа да, соның ішінде сот ісіне тәуелді емес тиімді жолдарын іздестірудің маңыздылығы артты. Шындығындамедиация байырғы бабалардың дауды бір ауыз сөзбен шешкен шешендігінің жалғасы. Ұлы халықтың ұрпағы бұл ретте атадан мирас болған жолды таңдадық. Әңгіменің анығын айтқанда, қазір ене мен келін, әке мен бала, бауырлардың арасында да түрлі даулар орын алып, сотқа жүгініп жатады. Бұрын қандай едік, қазір қандаймыз?! Қоғамның азғаны ма, адамның тозғаны ма?! Жаһанданудың жалына жармасып, ұлттық болмысымыздан ажырап бара жаттық. Бұл ретте осы мәселені шешуді бірінші кезекке қойып, алдымен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастап, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында атап өтсе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қай салада болмасын сапа басым бағытқа ие болу керегін қадап айтты.

 Бүгінгі күні соттарда медиация рәсімдерін дамыту және насихаттау қарқынды түрде жүргізілді. Ағайынның арасындағы дау-дамайды, азаматтық дауларды, ұсақ мәселелерді медиаторлардың көмегімен шешу жолға қойылды. Әйтекенің «әйіне», Төле бидің «тәйтіне», Қаз дауысты Қазыбектің қазылығына тоқтаған қазақтың бүгінгі разылығы да бар.

Медиаторлар, Билер кеңесі баяғы би-шешендердің орнын басты. Яғни, заманауи бидің рөлінде. Заңдық тұрғыда айтсақ, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы Заңының 1-тарауындағы жалпы ережелерде медиацияның қолданылу саласын айқындап берген. Биыл аталған заңның қабылданғанына 10 жылдан асты. Нәтиже де жоқ емес.Азаматтар араларындағы туындаған даулар бойынша татуласу келісімін, медиациялық келісімді жасап, жанжалдарды толық көлемде немесе бір бөлігінде реттей алады.

Медиацияның артықшылықтар бірнеше айға созылатын сот процесі жүрмейді, жариялылық жоқ, яғни тараптардың істері құпия қаралады, медиация тараптардың арасындағы қатынасты сақтайды, мемлекет те жеке тұлға да  шығын шығармай, уақыт оздырмай мәселені шеше алады, екі жақтың мүдделерінің қанағаттандырылуына көмектеседі, шешім ерікті түрде орындалады.

Сондай-ақ, соттарда бітістіруші судьялар азаматтардың сотқа талап-арызын бермей тұрып, істің бітімгершілікпен шешілуіне, соттағы істердің ұзаққа созылмауына, тараптар шығынының алдын алуға көмектеседі. 

Ал, өткен жылы Қазақстан Республикасының Азаматтық Процестік Кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, талап қою арызы бойынша судья тараптарға дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесуді он жұмыс күні ішінде жүзеге асырады. Аталған мерзім соттың іс жүргізуіндегі даулардың соттан тыс шешілуіне, дауды медиация, партисипативтік рәсім тәртібімен реттеуіне және тараптардың татуласу келісімін жасауына септігін тигізеді.

Жалпы, бітімге келу, мәмілегершілік қазақтың қанында бар. «Дау қуған бәлеге жолығады» дегенді ұрпағының санасына сіңірген бабаларымыз кез келген істі ақылмен шешуге тырысқан, ашуға бой алдырмауға күш салған. Дау қай кезде де орын алған. Тек қазақы құқықтық дәстүрге сүйенген бабаларымыз екі адам арасындағы келіспеушілікті әуелі ауыл ақсақалдарының талқысына салған, одан қалса бектердің ақылына жүгінген. Дау шешілмеген жағдайда ғана би кесімін, қазірше айтқан сот төрелігін күтетін.

Татуластыру тетіктері қазақы қалыппен жаңа заманғы үдерістерді ұштастыра отырып, сапаны жақсарту, жалпы адамдық құндылықтарды сақтап қалу мәселесіне келіп тірелгендей.

Нұрлан Еламанов,

Қызылорда облысының мамандандырылған

ауданаралық экономикалық  сотының судьясы                                           

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!