Фото: Almaty-akshamy.kz.

Биылғы жылдың сәуірінен бастап  жұмыскерлер үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын аудару тәртібі өзгерді. Өзгерістер ұзақ мерзімдік еңбек демалысына шығатын қызметкерлерге қатысты болып отыр.  Демалыс маусымында Медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалы қызметкерлердің сақтандырылған мәртебесін жоғалтпауы үшін МӘМС  үшін  жарналар мен аударымдарды қалай дұрыс жасау керектігін еске салды, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.

Айтуларынша, ұзақ мерзімдік еңбек демалысында болатын қызметкерлерге жарна төлеу тәртібіне өзгерістер енген.  

«Еңбек демалысының уақыты жақындап келеді. Елімізде 30-45-56 күндік еңбек демалысына шығатын жұмыскерлер бар. Өкінішке орай, жарна дұрыс аударылмауына байланысты ұзақ мерзімдік демалыста болған мамандардың статустан айырылып қалғаны рас. Осы олқылықты реттеу мақсатында жарна төлеу тәртібіне өзгерістер енгізіліп отыр. Мысалы, жұмыскер 1-шілдеден 30-тамызға дейін демалыста болады делік. Мұндай жағдайда МӘМС-ке төленетін аударымдар мен жарналарды демалыс уақытына қарай, яғни, бір айға емес, екі айға  бөліп аудару қажет», – деді филиал қызметкерлері.

Бұл мәселенің медицина және білім беру саласына да қатысы бар. Былтыр жаз айларындағы демалыс кезінде жарна аударылмауы салдарынан қараша айында статустан айырылған дәрігерлер мен мұғалімдер медициналық көмек жағынан қиындыққа душар болды. Туындаған мәселені шешу үшін Қор республика бойынша аталған салаларда еңбек ететін 189 мыңнан астамға статус берді, оның 16 мыңы – Алматы тұрғындары.
Естеріңізге сала кетсек, сақтандыру мәртебесін келесі жолдармен тексеруге болады:

 Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
 fms.kz ресми сайты
Telegram-дағы @SaqtandyrýBot
 1414 байланыс орталығы
 Damumed мобильді қосымшасы
 Halyk мобильді қосымшасы
 BCC.KZ мобильді қосымшасы
 Kaspi.kz мобильді қосымшасы
 egov.kz электрондық үкімет сайты

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!