Адамнан айла артылған ба? Тіпті әп-сәтте алдап түсірудің амалын табуда. “Зейнеткердің қымбат тонын алдап алып кетті” деген жаңалық ғаламторда қызу талқыға түсті.
Қазір жұмысқа тұру үшін пара береді. “Еден жуушыға дейін ақша беріп жұмысқа орналасады” деген сөз бүгінде қауесет емес. Жұмысқа ақша беріп орналасқандардың бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Бұған дәлел «жұмысқа тұрғызып беремін» деген алаяқ 2 азаматты 1 500 000 миллион теңгеге алдап кеткен. Нақтылап айтар болсақ, қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне алаяқтың құрбаны болған 43 жастағы жергілікті тұрғын арызданады.
Оның айтуынша, белгісіз ер азамат 2019 жылдың шілде айынан бастап оны ҚТЖ-ға жолсерік ретінде жұмысқа орналастыруға уәде беріп, алдау жолымен 740 000 теңгесін жымқырған. Өтініш беруші бүгінгі күнге дейін уәде етілген жұмысқа орналаспаған, ақшасын да қайтармаған. Тағы да сондай дәйек:
2019 жылы болған оқиға. Таныстары арқылы белгісіз азамат жолсерік етіп ұйымдастыруға уәде беріп, 700 000 теңге сомасындағы қаражатын алып кеткен. Алаяқты ұстау мақсатында полиция қызметкерлері барлық қажетті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде 1975 жылғы қала тұрғыны ұсталды.
Бүгінде ақша аудару, несие алу, сауда жасаудың барлығы ғаламтор арқылы жүзеге асады. Бар болғаны қалта телефонға жасырын код келеді. Осы жасырын код алаяқтарға да септігін тигізуде. Кезінде мен де жасырын кодты хабарласқан кісіге айтуға шақ қалдым. Сөйтсем, бұл алаяқтың басқа тәсілі екен. “Бүгінде барлығы электронды түрде жүзеге асады. Несие алу үшін де банкке бармайсыз. Осыны алаяқтар пайдалануы мүмкін. Мәселен, сіздің атыңыздан каспидің немесе басқа банктің бағдарламасын өзіне жүктей алады. Сөйтіп қажетті дүниесін, қаржысын иеленеді. Сондықтан да таныс болса да бөтен адамға құпия нөмірді бермеу керек, – дейді Арман есімді банк қызметкері.
Қолда бар мәліметті сөйлетсек, алаяқтың құрбаны көп. Қызылорда қалалық полиция басқармасына 1988 жылғы қала тұрғыны арызданады. Арызданушының айтуынша, белгісіз азаматша қала аумағында қолжетімді тұрғын үй алуға жәрдемдесемін деп, алаяқтық жолымен 1250 000 теңге көлемінде ақшасын иеленген. Басқарманың жедел іздестіру жұмыстарының және кәсіби әрекеттерінің нәтижесінде 33 жастағы облыс орталығының тұрғыны ұсталды.
Баспана кезегін ақша беріп жылжытуға болмайды. Себеп баспананың кезегі қаржысыз-ақ өзгеріп отырады. Ал баспанаға тез қол жеткіземін деу мүмкін емес. Кімнің уақыты жақындайды, сол баспанаға ие болады. Сондықтан бұл да – алаяқтықтың бір түрі. 31 жастағы қала тұрғынының арызына сәйкес, «ипотекаға үй алып беремін» деп сеніміне кірген. Сөйтіп, 350000 теңгесін алған. Алайда уәде берген азаматша осы кезге дейін үй де алып бере алмай, ақшаны да қайтармай алдап жүрген. Полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде бұрын сотты болған 52 жастағы қала тұрғыны ұсталды.
Сондай-ақ өткен жылдың қыркүйек айында Шиелі ауданының тұрғыны полицияға арызданып, 2 әйелдің «Қызылорда қаласынан 1 бөлмелі пәтер алып беремін» деген желеумен жалпы 2 270 000 теңге көлемінде ақшасын алғанын айтқан. Тергеу барысында күдікті қатарында танылған Қызылорда қаласының тұрғындары 54 және 44 жастағы 2 азаматша алдын ала сөз байласуы арқылы жасаған қылмыстық әрекетін мойындаған. Бұдан бөлек, тергеу барысында олардың бұл қылмыстан бөлек тағы алаяқтық қылмыс жасағаны анықталып, аталған қылмыстық істер бір өндіріске біріктірілген.
Қызылорда облысы соттарында 2020 жылдың 12 айында алаяқтық санатындағы қылмыстық істер бойынша 123 іс аяқталған. 81 сотталушыға қатысты 74 іс бойынша сот үкімі шығарылған; 20 адамға қатысты 12 іс прокурорға қайтарылған; 32 адамға қатысты 31 іс қысқартылған; 25 адам бас бостандығынан айырылған; 48 адам бас бостандығынан шектеу жазасына; 1 адам айыппұлға; 1 адам қоғамдық жұмыс жазасына сотталған; 1 адамға ақтау үкімі шыққан; 5 адам жәбірленушімен татуласуына және келтірілген зиянды қалпына келтіруіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған.
Жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүріп, адамды алдап, оңай олжаға кенелуді көздейтіндер саны азаймай отыр. Біреудің мал-мүлкін заңсыз иеленіп, алаяқтықпен ақша тауып жүргендердің жолын кесу мақсатында полиция департаменті тұрғындарды мейлінше сақ болуға шақырады.
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!