Аталған компания «ОТК» ЖШС мен «WOS» ЖШС арасында 2027 жылға дейін жарамды ұзақ мерзімді келісім бар екенін атап өтеді.

“Кәсіпорын өз міндеттемелерін ереуілге шыққан жұмысшылардың қатысуымен немесе қатысуынсыз толық көлемде орындауға ниетті.Заңсыз ереуілге байланысты мұнай ұңғымаларында апат орын алу қаупі төніп тұр, бұл қоршаған ортаға және азаматтардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін, сонымен қатар тұтынушыға айтарлықтай экономикалық зиян келтіруі де ықтимал”, – делінген дүйсенбіде тараған ақпаратта.

Сондай-ақ компания ереуілге байланысты олар күн сайын «келісімшарт талаптарын орындамағаны үшін 23 миллион теңгеден астам шығынға ұшырап отырғанын” жеткізді.

“Кәсіпорын ұжымдық шарт пен еңбек заңнамасының талаптарын толығымен орындайды. Компания жұмысшыларға басқа мұнай сервистік компанияларының жалақысынан асып түсетін жалақы береді. Ереуілшілердің уәжі шындыққа жанаспайды. Қызметкерлердің талап-тілектері заңға сәйкес қаралып, шешілді. Компания ҚМГ-ға жұмысшыларды ауыстыру және жұмысшылардың жалақысын ҚМГ Бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесі (ҚМГ ӨСОТ) деңгейіне жеткізу талаптарының сақталуына қарсы, өйткені бұл мәселелер жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы еңбек дауының қиғадасы бола алмайды. Компания «ОТК» ЖШС мен ҚМГ-ның материалдық-техникалық базаны жаңарту жөніндегі ұсынысын қолдайды”, – делінген мәлімдемеде.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысындағы «West Oil Software» ЖШС жұмысшыларының ереуілі заңсыз деп танылған еді. Маңғыстау облысының мұнайшылары мен теміржолшылары «West Oil Software» компаниясының материалдық-техникалық базасын жаңарту, «West Oil Software» компаниясының жұмысшыларын «ҚазМұнайГаз» АҚ құрамына қосу, жалақыны бірыңғай еңбекақы жүйесіне сәйкестендіру талаптарымен айтып, жаппай ереуілге шыққан. 17 желтоқсанда ереуілдің жетінші күні ереуілге шыққан мұнайшылардың саны 500-ден асқаны айтылды.

Мәтін мен фото дереккөзі: stan.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!