Қызылорда қаласы мен оған қарасты елді мекендерде жол инфрақұрылымын жаңғырту бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Жуырда қала әкімі Нұржан Ахатов шаһар аумағы мен кент, ауылдық округтердегі жол жөндеу жұмыстарының барысын аралады.

Жол сапасын арттыру жұмыстары жалғасуда

Бүгінде қала мен оған бағынышты елді мекендерде жалпы құны 35,4 млрд теңгені құрайтын 21 жоба қолға алынған. Нәтижесінде 70 көшені қамтитын 69,7 шақырым жол күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғыртылуда.

Қазір Сағымбаев көшесіндегі Торайғыров көшесінен «Қызылорда-Құмкөл» автожолына дейінгі 2100 км жол қайта жаңартылып жатыр. Ж.Шанин көшесінің Сағымбаев көшесінен Қызылорда-Жезқазған трассасына дейінгі 2960 км бөлігі де жөндеуге енгізілген. Сонымен қатар Б.Момышұлы көшесінің 2ші Қаржаубаев көшесінен Әл-Фараби көшесіне дейінгі 2900 км, Сарқырама көшесінің 1230 км, Ақмырза ахун тұйығының 62 шақырым, Саяхат 16 көшесінің 404 шақырым бөлігі ретке келтірілуде.

Жаңақұрылыс 7, 8 және 9 көшелерінің әрқайсысы 750 шақырым, Титов 1 көшесінің 1,272 шақырымы, Мостовая көшесінің 1,07 шақырымы, Қорқыт ата 15 және 18ші көшелер, Мәмбет Аталық көшесінің 1,1 шақырымы, Бұлғақұлы2 көшесінің 350 шақырымы, Б.Пірманов көшесінің Әл-Фараби ықшам ауданындағы 1,17 шақырым бөлігі асфальтталуда.

Шет аймақтар да назардан тыс емес

Қала аумағында жалпы құны 32,2 млрд теңгені құрайтын 5 жоба қарқын алды. Атап айтқанда, Тасбөгет кентінде ұзындығы 5,1 шақырым болатын 4 көше, Белкөл кентінде 0,8 шақырымдық көше, Қызылөзек ауылдық округінде 1,8 шақырымды құрайтын 2 көше жөнделуде.

Қызылжарма ауылдық округінде 10,2 шақырымды қамтитын 14 көше, Ақсуат ауылдық округінде 8 шақырымдық 10 көше, Талсуат ауылдық округінде 0,4 шақырымдық көшеде жұмыстар қолға алынған. А

ймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, шет аймақтарға ерекше мән беріліп отыр. Былтыр 38 шет аймақтағы көшеге асфальт, «Эдельвейс» саяжайындағы 3 көшеге қиыршық тас төселді. Қазір теміржол асты өткелінің құрылысы жалғасуда.

Тұрғындар не дейді?

Жол сапасы жақсарған сайын тұрғындардың да алғысы артып келеді. Көше тұрғыны, зейнеткер Самит Еркеқұлов:

Жол сапасын арттыру жұмыстары жалғасуда

− Жаңбыр жауса, дала лай болып, жүру қиын еді. Қазір жол салынып, жағдайымыз жақсарды. 5 жыл бұрын әкімдікке барып, тас жол салу туралы ұсыныс айттық. Міне, салынып жатыр. Шет аймақтың бәріне көңіл бөлініп, жол төселіп жатқанына халық дән риза. Енді жаяу жүргіншілерге арналған жол салсаекен, – дейді зейнеткер.

Өткен жылдың нәтижесі

2024 жылы жол инфрақұрылымы саласына бюджеттен 32,3 млрд теңге бөлінді. Оның 9,6 млрд теңгесіне әуежай бағытындағы 3 көпір және «Қызылорда-Жезқазған» бағытындағы автожолдың 2,7 шақырымдық қала ішіндегі бөлігі қайта жаңғыртылды.

Жалпы 19,5 млрд теңгеге 27 көшеде жұмыстар жүргізіліп, көлік және жаяу жүргіншілер қозғалысына қолайлы жағдай жасалды. 2 көпір күрделі жөндеуден өтіп, 1 көпір жаңадан салынды.

Бұдан бөлек, қала көшелерін күтіп ұстау мақсатында 35 көшеге асфальт төселіп, жол жабындыларының бүлінген учаскелері қалпына келтірілді. Кент және ауылдық округтердегі 43,5 шақырымды құрайтын 51 көше жөнделді.

Қазіргі қарқын сақталса, жақын арада Қызылорда қаласы мен елді мекендердегі жол мәселесі толық шешімін тауып, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптаспақ.

Мерейім ӘЛІБАТЫР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!