«Қазақстан студенттерінің Альянсы» – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің жанынан құрылған республикалық студенттер қозғалысы. Ұйым жастардың құқықтық мәселелерін шешуге, зияткерлік, шығармашылық, инновациялық дағдыларын дамыту мақсатында жұмыс істейді. Студенттік қозғалыстағы сырбойылық жастардың әлеуетін білу мақсатында Қазақстан студенттері Альянсының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Расул Базарханұлымен сұхбаттастық.

– Расул мырза, өткен жылдың қыркүйек айында облыстық филиалдың төрағасы лауазымына тағайындалдыңыз. Ұйымның жұмысы қалай жүруде?
– Бүгінде облыстық штабқа қарасты 4 бөлімше бар. Атап айтқанда, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі, Қызылорда медициналық жоғары колледжі және Болашақ универсиетінің жоғары колледжі. Оқу орындарында құрылған бөлімшелерде 160-қа жуық студент мүше ретінде тіркелген.
Белсенді жастардың бір алаңда тоғысуының нәтижесінде интеллектуалдық, зияткерлік, мәдени көпшілік шаралар, акциялар мен дебат байқаулары ұйымдастырылып, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында әкімшілік жанынан құрылған жедел топпен, ювеналды полиция қызметкерлерімен бірге түнгі рейдтер және әртүрлі бағыттағы түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан студенттері Альянсының әр өңірде филиалы бар. Апта сайын өңірлік әріптестермен, басшылықпен жиналыс өтеді. Онлайн кездесу барысында әр өңірдегі өзекті жобаларды талқылап, нәтижесін сараптаймыз. Әр аймақтың өзіндік үздік жобалары да болады. Көп жағдайда бір тақырыптағы іс-шараларды барлық аумақта бір мезетте жасауға тырысамыз. Сол кезде жастардың назарын аудартып, қызығушылығын оята аламыз деп ойлаймын. Бастысы, біз санға емес, сапаға мән береміз.
Ұйым мүшелерінің саяси бағытқа қызығушылығы жоғары, өзіндік көзқарастары қалыптасқан. Қайырымдылық жұмыстарымен тұрақты айналысады. Қызылорда студенттерінің Альянсы республика бойынша жетекші ұйымның бірі. 2023 жылы еліміз бойынша «Үздік штаб» номинациясын иеленді. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Әрі үлкен жігер сыйлаған марапат. Мұнымен тоқтап қалмаймыз, әрі қарай өз жұмысымызды жоғары деңгейде жүргізуге тырысамыз.
Ақпан айында Қызылорда медициналық жоғары колледжімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдыңыздар. Басқа да келіссөз аясында қандай нәтижеге қол жеткіздіңіздер?
– Өткен жылдың қыркүйек айына дейін төраға қызметінде Сабыржан Бақытжанұлы жұмыс істеді. Сол кезеңде бірнеше оқу орындарымен, жастар ұйымдарымен келіссөздер жүргізілді. Сол келіссөздер аясында өткізілген жобаларымыз бен ісшараларымыз оң нәтиже беруде. Бүгінде «Respublica» партиясы» Қызылорда облыстық филиалы, облыстық және қалалық жастар ресурстық орталықтарымен, жастар ұйымдарымен тығыз байланыс орнатылды. Қазіргі уақытта «Respublica» партиясы» Қызылорда облыстық филиалы жанындағы Жастар бірлестігімен көптеген ісшараларды өткізудеміз. Сондайақ «Qosyl» деген атаумен жастар арасында танымал қалалық жастар ресурстық орталығында біздің ұйымның жеке кабинеті бар. Алдағы уақытта студент жастардың әлеуетін арттыруда, басқа да ұйымдармен әріптестік байланыс орнатамыз. Кез келген ұсыныстарды тыңдауға әзірміз. Дамудың даңғыл жолында жастардың бірге болуы маңызды.
– Республикалық штабпәтердің біздің облысқа көзқарасы қандай? Филиалдар арасында рейтинг жүргізіледі ме?
– Көзқарасы өте жақсы. Басшылық Тараз, Алматы, Түркістан, Қызылорда өңірлерінде атқарылған жұмыстарды жоғары бағалауда. Сыр өңірі басқа облыстарға қарағанда медиа саласы мен ақпараттандыру жұмыстары бойынша алдыңғы қатарда. Өңірлік әріптестермен де жақсы қарым-қатынастамыз. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің жанындағы студенттік омбудсмендер еліміз бойынша тағайындалған. Қызылорда облыстық студенттік омбудсмен қызметін Сабыржан Бахытжанұлы атқарады. Сабыржан Қуандықпен бірлесе отырып, ЖООлардың жатақханаларына мониторинг және түнгі рейдтік жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Қызылорда студенттерінің Альянсы үнемі белсенді, студенттердің алдында өз беделін түсірген емес. Жыл сайын жаңа толқынмен құрамы жаңарып, жаңа леп әкелуде.
Жастардың жобаларын дамыту жолында түрлі гранттар бөлінуде. Бақ сынап көрдіңіздер ме?
– Елімізде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының бастамасымен волонтерліктің 7 бағыты бойынша шағын гранттар байқауы өткізіледі. Біз осыған дейін шағын гранттар байқауына қатысып, жеңімпаз атанып, Сыр өңіріне республикадан қаржы тартқан болатынбыз. Біршама өзекті жобаларды облыста жүзеге асырдық. Жобалар туралы толығырақ әлеуметтік желіде жарияладық.
Биыл да Қызылорда студенттері Альянсының жанынан арнайы топ құрып, жобаларға қатыстыруды көздеп отырмыз. Жастардың шағын гранттар байқауына қатысуы арқылы өзін-өзі басқару ортасы қалыптасады. Ұйымның белгілі қаржыландыру көзі болмаса да, өз күшімен жұмыс істейді.
Neet санатындағы жастарға тоқталсақ. Жұмыссыз жастарды қоғаммен байланыстыруда Альянстықтардың тарапынан қандай жұмыс атқарылуда?
– Иә, қазіргі уақытта «Neet» санатындағы жастар деген түсінік бар. Бұл мәселе бізге де таныс. Жұмыссыз жастарды қоғаммен тығыз байланыстыруда ақпараттық жұмыстарды күшейтіп, медиа саласы бойынша көмек көрсетудеміз. Алдағы уақытта арнайы жобамызды әзірлеп, қалалық жастар орталығымен байланыс арттыру жоспарлануда.
Жастармен жұмыс істеу қиын деседі…
– Бізге жастармен жұмыс жасау қиынға соқпайды. Себебі, жастар саясатында азды-көпті тәжірибеміз бар. Біз студент жастардың ойында жүрген, жасағысы келетін жобаларды әзірлесек, олар дамушылар қатарына қосылады. Көп жағдайда студенттерге әртүрлі мүмкіндіктерді беруге тырысамыз. Мәселен, рухани даму, тәжірибе арттыру, өмірлік маңызды дағдыларды қалыптастыру деген секілді. Жастармен жұмыстың оңайлатудың тиімді тұсы олардың ұсыныстарын әрқашан тыңдап, қолдау білдіру. Демек, сұранысты дер кезінде ұстай алсақ, жастар қоғамның негізгі күші екенін, өмірден ойып тұрып орын алатынын сезінеді.
Әлеуметтік желіде негатив кездесе ме? Жағымсыз пікірмен қалай күресесіздер?
– «Ит үреді, керуен көшеді» деген қазақта жақсы сөз бар. Дегенмен әр адамның қоғамға, ондағы адамдарға байланысты өзіндік пікір білдіруге құқығы бар. Біздің тарапқа айтылған сын мен пікірді дұрыс қабылдаймыз. Сыннан нәтиже шығарамыз. Әрбір адам өзіне айтылған сынды дұрыс қабылдап, оны өзгертуде дұрыс шешімдер қабылдай алуы керек. Негатив пікірге жағымсыз реакция білдіру адамгершілік тұрғысынан да, жұмыс барысында да өрескел қателік болады деп ойлаймын.
– Биылғы жоспармен бөліссеңіз…
– Негізінен Қазақстан студенттерінің Альянсы ұйымы жоғары оқу орындарында құрылу керек. Өзіңіз білетіндей, Сыр өңірінде университеттер саны аз. Сондықтан да жоғары оқу орындарының студенттерімен шектеліп қана қоймай, колледж студенттерімен де біргеміз. Бүгінде колледж студенттері ұйымға қызығушылық білдіруде. Алдағы уақытта олардың ұсыныстарын ескеріп, басқа да колледждерден бөлімшелер ашылады. Мәселен, сәуір айында И. Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі мен «Orda» жоғары колледжінде бөлімшелеріміз ашылады. Сонымен қатар шет аймақтағы білім ордаларымен де келіссөздер жүргізілді. Мәселен, Титов, Гагарин секілді аймақтарда құқық бұзушылық ісі жиі тіркеледі. Мақсатымыз шет аймақтардағы құқықбұзушылықтың алдын алуға өз үлесімізді қосу. Студенттерді ұйым жобаларына тарту арқылы бос уақыттарын тиімді өткізуіне ықпал ету.
Студент жастардың құқығы деп бос сөзбен шырылдамай, іспен дәлелдеген абзал. Сондықтан жастардан бөлек, ата-аналарымен кездесу ұйымдастырылады. «Балық берме, қармақ бер» демекші, студенттердің біліктілігін арттыру мақсатында заман ағымына сай дамып келе жатқан мобилография, SMM, 3D дизайн және т.б. жаңа мамандықтарды қатыстырып, өз жобаларымызды әзірлейміз. Нәтижесінде студент жастар оқыту курстарынан өткеннен кейін, өз қажеттіліктеріне пайдаланып, қаржы табу мүмкіндігіне жол ашылады. Биыл Қызылорда студенттері Альянсының жанынан кітап клубы құрылады және өзге де өңірлік әріптестерімізге ұсыныс ретінде жолдаймыз.
– Сұхбатыңызға рақмет!


Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!