Бүгінде жастар арасында өзекті мәселеге айналған құмар ойын ойнау оқиғасы өршіп тұр. Қарайласақ, айналамызда, әйтеуір, бір жастың құмар ойынның құрығына түсіп қор болғанын, несиенің шырмауына шатылғанын көреміз. Аймақтағы жағдай да бақылау мен талапты қажет етіп отыр. Мәселен, өткен жылы Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті аталған бағыт бойынша 20-дан астам қылмыстық істі анықтаған екен. Бұл көзге көрінген, назарға алынғаны ғана…

Соңғы уақытта құмар ойынның құрығына түскен кей жастың өз-өзіне қол салғанын естудеміз. Тіпті, ойын орталығын өртеген, бар мүлкін бәске қойған адамдардың өкініші мен жанайқайы желіде тараған болатын. Жалпы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру көп жылдан бері көрініс берген олқылық. Бұған заң талабының осалдығы емес, оңай табысқа жетуге тырысқан адамдардың ниеті түрткі болуда. Оған қоса құмар ойынды ұйымдастыру ісінің түрленуі де жағдайды бақылауlа ұстауға кедергі келтіріп келеді.
Мысалы, мамыр айында қызылордалық екі азаматқа сот шешімімен айыппұл салынды. Олар ойын мекемесін ашып, лицензиясыз құмар ойындарды ұйымдастырумен айналысқан. Теріс пиғылды әрекетті жүзеге асыру үшін түрлі қитұрқы іске барған көрінеді. Бірі лицензиясы бар букмекерлік кеңсенің атынан ғимарат жалға алып, 10 шақты дербес компьютерді интернет желісіне қосса, екіншісі пәтерді жалға алып, «Game» бағдарламасы мен «электронды рулетка» ойын құрылғысын орнатқан. Тіпті, «Рулетка», «Покер», «Блек джек», «Видеоигры» сияқты интернет-казино ойындарын бәс тігу арқылы ойнатқан азаматтар да бар. Бүгінде қылмыскерлерге көп мөлшерде айыппұл салынып, тиісті жаза қолданылған.
2022 жылы аталған қылмыстық бағыт бойынша 17-сі сотқа жолданған екен. Нәтижесінде аймақтағы 18 ойын орны жабылыпты. Демек, әлі де шикілік бар деген сөз. Өткен жылы бұдан өзге де құмар ойын ұйымдастырушылар құрықталды. Ол туралы облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті ашық дереккөздер арқылы мәлімдеген болатын.
– Қазан айында департамент тергеген заңсыз ойын бизнесіне қатысты бес қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Олардың алды 58 жастағы егде азамат, ең жасы 30 жастағы жігіт және бір әйел кісі бар. Бесеуі де күнделікті еңбек ақысын төлеп, оператор-кассирлерді жұмысқа алған. Аталған азаматтардың ойнатқан ойын түрлері сот компьютер-технологиялық сарапшылар қорытындысымен толық расталды. Қылмыстық әрекеттері олардың мойындауымен, куәгерлер жауабымен және жасырын бақылау хаттамасымен толық дәлелденген. Қызылорда қалалық №2 соты аталған азаматтарды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танып, үшеуіне 200 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын, ал екі азаматқа 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде – 612 600 теңге айыппұл жазасы тағайындалды, – делінген департамент мәліметінде.
Бүгінде заңсыз ойынға қатысты қылмыстар ел экономикасына келтірілген залал ғана емес, жастардың құмар ойынға әуестігі әлеуметтік мәселеге айналып отыр. Түсіндірме жұмыстары жүргізілгенімен, нәтиже көңіл көншітпейді. Оны статистикадан да аңғаруға болады. Қазақстанда орта есеппен 350 мың адам құмар ойынның құрбанына айналса, оның орташа қарызы 10 млн теңгеден асады. Ал елімізде 10 жұптың 7-еуі құмар ойынның кесірінен ажырасады екен.
Заңды түрде тіркелген букмекерлік кеңселердің ықпалы да жағдайды ушықтырып келеді. Иә, нарық заманында табыстың қай түріне де сұрау жоқ. Адами құндылық әркімнің жеке таңдауына ойысып, алдыңғы орынға ақша шықты. Жолдан тайып, құмар ойынның құрығына түскендерді аяғанымызбен, мұндай кәсіп иелері тағы сол нарық талабын нұсқайды. Яғни, сұраныс бар жерде кәсіпті тоқтату орынсыз. Сондықтан мемлекет те заңды түрде тіркелген бәс тігу ойындарын ұйымдастыратын мекемелерге артық талап қоя алмай келеді. Содан болар, кәсіпкерлердің қалтасы қалыңдап, саладағы табыс артқан. 2022 жылдың бірінші тоқсанында құмар ойындарды ұйымдастыру мен бәс тігу бойынша көрсетілетін қызметтер көлемі 138,8 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8 есе артық.
– Жылдам табыс табуға құлшыну жастарды құмар ойынға итермелейтін секілді. Еңбектің құнын білген адам жеңіл келетін табыстың соңында жүрмейтіні анық. Жастар тәуекелге бас тігіп, от басып жатыр. Салдарынан қаншама отбасы ойран болып, көптеген «ойыншы» өз-өзіне қол салуда. Аталған мәселеге көз жұма қарап, қоғамның бір дерті есебінде қабылдау орынсыз. Өскелең жасты мұндай ойындардан алыс ұстауға, еңбекқор, ұстамды, нәпсісін тыя алатын азамат етіп шығаруға күш салу қажет, – дейді қала тұрғыны Самал Жанбасарова.
Расында, заңды-заңсыз құмар ойынның пайдасынан зияны мол. Ойынның соңы өмірлік ұстанымдарды мансұқтап, әлемге түңіле қарауға итермелейтінін түсінген жөн. Себебі, жеңіс күнде келмейді.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!