«Талаптының балғасы тасқа шеге қағады» деген қазақтың бүгінгі жасының ойы – озық. Сол жастың кеуде сарайындағыны дөп басып, ел келешегі атанған толқынның төл басылымына айналған «Ақмешіт жастарында» осыдан он жылдай бұрын қалам тербеген едік. Сағаттың тілі айналып соғып, бүгін сол ортаға қайта оралдық. Бір кездері өзім тілші болған газеттің тізгінін ұстау бұйырды. Бәлкім, ойда орындалмаған жоспар мен мақсат һәм миссия болған шығар…

Басылым тәуелсіз еліміздегі тұңғыш жастар газеті ретінде алғашқы қадамын нық басты. Содан бері қаламынан туған әрбір ойы оқырманның жүрегіне жол тапқан талай жас еңбек етті. Ел ішіндегі талантты, талапшыл, қатарының алдына шыққан шын жүйріктерді көптің алдына шығардық, жастарға қажеттіні тақырыпқа тиек етуге тырыстық. Міне, жастардың төл басылымы сол мақсаттан әлі де тайқыған жоқ, сол биіктен әлі түскен жоқ. Ендігі мақсат та сол: «Ақмешіт жастарының» жарқын болашағы жолында еңбек ету.

Басылым тек жастар тақырыбымен шектелмейді. Қоғамның барлық саласын қамти отырып, көкейкесті мәселелерді де қаузайды. Алдағы уақытта да сол үдеден шығатынына сенім мол. Біздің де еңбек сол жолда болмақ. Ал артылған жауапкершіліктің жүгі жеңіл емес.

«Қаламмен жазылғанды балтамен кесе алмайсың» деген бар. Газет бетінде жазылған әрбір тың тақырып қоғамдағы өмір шындығының суретін салады. Ол араға уақыт салып, тарихқа айналады. Сондықтан қолыңызға алып, оқып отырған басылым – тарихтың бір беті. Ендеше, оқырман, бізбен бірге болыңыз!

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!