Қазақ даласының та­мыр­сыз тарихын түртсең де, тіл бітіп сайрай кетеді. Құнды жә­дігерлеріміз айбынымызды асы­рып, мерейімізді тасытып тұрғаны айқын көрініс табуда. Алаштың ана­сына айналған Ақмешітке елі­міздің үш облысынан, дәлірек айт­қан­да Атырау, Батыс Қазақстан жә­не Қарағанды облысынан «Ал­тын адамдар» облыстық тарихи-өл­кетану мұражайында өткен «Алтын киімді ұлы дала елі» көрмесіне келді. Бүгін халықаралық му­зей­лер күні бастау алған көр­ме 31 мамырға дейін жал­ғасады.

Құнды жәдігердің төресі ретінде еліміздің даңқын асырған «Алтын адам» 1970 жылдардың басында Есік қорғанынан табылған еді. Содан бері де тарихтың төрінен орын алған талай жәдігер ұрпаққа ұлт мұрасын насихаттауда. Мұнан кейінгі «Алтын адам» 1999 жылы Атырау облысының Жылыой ауданы аумағында Аралтөбе обалар кешенінен табылған. Археологиялық ескерткішті белгілі архелог Зейнола Самашев Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясын басқарып жүргенде тапқан. Аталған қорғандағы үш зираттың бірінен бүгінде сарматтардың көсемі атанып кеткен еліміздегі екінші «Алтын адам» осылай табылған еді. Бүгінде осы жәдігер облыстық тарихи-өлкетану музейінің төріне жайғасты.


– Бұл – саламыз бойынша Атыраудың бренді. Аралтөбеде үш қорған қазылды. Өкінішке қарай, қорғандардың 95 проценті тоналған. Қорғанның бір ерекшелігі, беті таспен жабылған. Ортасында төрт бөлік бар. Сол төрт бөліктен жан-жаққа 12 бөлме кеткен. Біздіңше, ортадағы төрт бөлік жылдың төрт мезгілін көрсетсе, он екі бөлме – он екі ай. Бір қорғанның өзінен үш қабір шыққан. Соның үшінші қабірінен сармат көсемі – «Алтын адам» табылды. Қасында әйел кісінің сүйегі болған. Өте көп қыш ыдыстары, қару-жарақтары, жылқы сүйегі және аяқ жағында қыран құстың сүйегі табылған. Осыған қарап, археологтар бұл кісінің өте жоғары дәрежеде болғанын, сол кездің өзінде аңшылықпен, құсбегілікпен айналысқанын айтады. Киімі алтын жапсырмалары мол, өте бай болған. Әрине, қанша тоналып кетсе де, қалғанының өзі оның бай екенін көрсетеді. Кейінгі қалыпқа келтіру жұмыстарымен Қырым Алтынбеков жасаған, – дейді Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жалпы тарих, археологиялық-этнография ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі Айдос Қалшабаев.


Айта кетейік, 2017 жылы Атырау облысының Қызылқоға ауданынан қазірде «Ұлы дала жауһары» деген атпен белгілі алтын әшекейлі әйелдің мүрдесі табылды. Мұнан бөлек те осы тектес жәдігерлер табылғанмен, олардың көпшілігі тоналып кеткен. Қызылорда топырағына табан тигізген келесі бір «Алтын адамдар» Қарағанды және Батыс Қазақстан облысынан. Олардың да табылу жағдайлары ерекше.
– Бұл – Қазақстандағы тарихи-өлкетану музейінің деңгейінде болып жатқан бірінші көрме. «Алтын адамдардың» коллекциясын халыққа көрсеткіміз келді. Қазақстанның әрбір түкпірінен табылған әрбір «Алтын адамның» өз ерекшелігі бар. Атыраудан шыққан сармат көсемі, Арқаның алтын адамы, сарматтардың Тақсай ханшайымы және Болған ана келушілер назарына ұсынылады. Бұл жерде Болған ананы Шыңғыс ханның қызы дейтіндер де бар. Бірақ, ғалымдар Жошы ханның қызы деген тұжырымға тоқтап тұр. Тарихта Болған ананың Белен ана деген сіңлісі болған дейді. Кей деректерде Белен ана Орда Еженнің келіні болған деседі. Егер олай болса, ол Шыңғыс хан әулетінен болмас еді. Дегенмен, түрлі жорамал бар. Белен ана біздің аймақта, Телікөлде жатыр. Міне, олардың ағайындығы болған соң да біз Болған ананы бүгінгі көрменің төріне орналастырдық, – дейді облыстық тарихи өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлау.


Әлбетте, бұл жәдігерлердің барлығы еліміздегі жоғымызды тауып, барымызды бүтіндеп, тарихымызды түгендеген «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында табылған дүниелер. Оның ішінде 2004-2005 жылдары ғылыми айналымда Шірік-Рабат мәдениеті атанған Сырдың төменгі ағысында да «Алтын адам» табылды. Баға жетпес қазынаны алдағы уақытта қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізіп, ортаға қосу биік мақсаттардың қатарында.
– Келешекте біз Шірік Рабат «Алтын адамын» жасасақ деп ойлап жүрміз. Бұл жоспарға айқын қадамдар керек. Мысалы, мына киімдердің бәрі реконструкция. Олардың матасы сақталмайды. Тек алтындары ғана тұрады. Әрбір элементтері сақталады. Кейбірінде барыстың табаны, кейбірінде аң-құс бейнесі, тағы басқалар алтынмен бейнеленіп, матаға жапсырылған. Ғалымдардың айтуынша, қандай жануарды, аңды көрсе, алтыннан соның кескінін жасаған. Шірік Рабаттан шыққан алтын адамда айға ұқсас айшық, тағаның, гүлдің, күннің бейнесі, жолбарыстың табаны, қызғалдақтың көрінісі ретінде жасалған алтын жапсырмалар бар. Болашақта осы құндылықтарды да төрімізге шығарып, «Алтын адам» жасасақ, көптен бергі бір арман орындалар еді, – дейді Асхат Қожакелдіұлы.


Иә, Ақмешіттің аспанында сақ пен ғұнның, сарматтың басы қосылған күніндей болды. Бабалар тұлпарының тұяғы дүбірлеп өткен қастерлі мекеннің осы бір ерекше шарасы тарих қойнауына кетті. Міне, «Алтын адамдар» Ақмешітке ат басын бұрып, рухымызды асқақтатып жібергендей.

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!