23-сәуір Халықаралық кітап және авторлық құқық күні.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында Мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың тәуелсіз елдің болашағын жарқын ету жолындағы тәуекелшіл істері мен ұлттық құндылықтарды ұлықтаған «Айналайын, азаттық!» атты кітабының таныстырылымы өтті.

Жиында алғы сөз алған университеттің Басқарма Төрағасы-Ректор Бейбіткүл Каримова автор туралы, оның өнегелі еңбек жолы жөнінде мазмұнды баяндама жасады. Баяндамасында әлемдік шығармашылық үдерісте мемлекет басқарған кісілердің, саясаткерлердің, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің естелік жазуы бұрыннан бар үрдіс екенін, ғұмырнамалық кітапты жазуды осындай мақсат-міндеті тұрғысынан қарап, Қырымбек Елеуұлының Қазақстанның тәуелсіздіктен кейінгі тарихы, жеткен жетістіктері мен бағындырған белестері, алғашқы қиындықтар, өз басынан өткізген, сезінген, куә болған оқиғалар туралы жазуы заңды екенін айтты. Одан әрі төрт томнан тұратын кітаптың әр бөліміне жеке тоқталып, кітаптың тәрбиелік-рухани маңызын сөз етті.

«Айналайын, азаттық!» автордың ұзақ жылғы өмірлік, саяси тәжірибесінен туған құнды еңбек. Ең бастысы, кітаптың келер ұрпаққа берері мол. Жастарды ұлтжандылыққа, мемлекетшілдікке тәрбиелеудегі маңызы ерекше туынды. Әрине, бір мақала не бір баяндама шегінде толықтай пікір білдіру де мүмкін емес. Біз оқырман ретінде сіздермен алғашқы әсерлерімізбен ғана бөлістік. Оқырманға жол тартқан бұл еңбек алдағы уақытта әдебиетші, тарихшы, саясаттанушы ғалымдардың зерттеу нысанына айналады деген сенімдеміз» – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен 2013 жылы облыстағы алғашқы жастар басылымы республикалық «Ақмешіт жастары» газеті жарыққа шықты.

Таныстырылымда проректор Жандос Базартай, оқу орнының профессор, ғалымдары, Баймырза Қожамберлиев, Тастанбек Сәтбай, Алдажар Әбілов те кітап жайлы маңызды пікірлер білдірді. Қайраткер Қырымбек Елеуұлы бейне байланысқа шығып, туған жеріндегі оқырмандарына алғысын білдірді.Жиынға қатысқан «Қызылорда облысының даму орталығының» басшысы Талғат Матаев Қ.Көшербаевтың тұлғалық бейнесі, атқарған игі істеріне тоқталды. Сонымен қатар, I курс студенттері Айым Оңғарбай, Мақпал Егембердиевалар жастар атынан сөз алып, кітап туралы ойларымен бөлісті.

Шара соңында Мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттану ғылымдарының докторы Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың «Айналайын, азаттық» атты естелік-эссесі қазақ мемуаристика жанрына қосылған сүбелі үлес қана емес, ғибраттық, тағылымдық өнегесі мол шынайы шығарма деген баға берілді. Қатысушыларға кітаптар таратылып, естелік суретке түсті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!