Күнсұлу Түрікпен, жырау, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері:

‒ Мемлекеттік марапат жыршыларға деген құрметті еселей түсті.  Осы орайда әңгімемізді пандемия кезіндегі жыршылардың жұмыс барысынан бастасақ… Карантин кезінде киелі өнерді қалай насихаттадыңыздар?

‒ Қай уақытта да жыршы-жырау, ақындардың әлеуметтегі қызметі мен маңызы ерекше. Олар қандай жағдай болса да халықтың рухын көтеріп, қайратын асқақтатып отырады және ерте кезден осы уақытқа дейін рухани ағартушылық бағыттағы қызметін тоқтатқан емес. Сөзіміздің дәлелі, ел басына қиын сынақ түскен сәтте де жыршылар онлайн режимде, әлеуметтік желінің көмегі арқылы жыраулық өнерді насихаттады. Үздіксіз жүргізілген жұмыстар дүйім жұрттың көңілінен шығып, ықыласына бөленді. Пандемия басталған уақыттан бері жыршы жастар бір ай бойы отыз күн оразада Instagram әлеуметтік желісі арқылы екі сағаттық жыр кешін ұйымдастырды. Facebook желісінде Мәдениет және спорт басқармасы, облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығының ұйымдасыруымен онлайн  режимде өткен  жыр фестивальдері халықтың сусаған көңілін басып, рухани күш-жігер сыйлады. Осындай маңызды шаралардан жастар шет қалмай, қал-қадірінше өнерді халықтың өзіне алдыңғы буынның сара  жолымен саф алтын күйінде жеткізіп отырды. Мұның бәрі ел үшін атқарылған абыройлы іс деп ойлаймын. Ал өз тарапыма келер болсам, онлайн форматта жырға құмар, домбыра үйренуге ниетті, қабілетін кәсіби дамытқысы келіп жүрген барлық ерікті қатысушыға бір айлық «Ән, терме, домбыра» курсын ұйымдастырдым. Әлі де жалғасын табатын жоба қазірдің өзінде  үлкен нәтиже беруде. Бұрын жыр айтып көрмеген, бірақ жырға деген махабаты күшті орындаушылар бір ай көлемінде үш шығарма шығарды. Осындай игі жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады деп ойлаймын.

‒ Сыр бойындағы жыраулықтың үш мектебі бар десек, өзіңіз өкілі саналатын Жиенбай жыр мектебінің мақамы, дәстүрі, ерекшелігі жайлы әңгімелеп берсеңіз…

‒ Жалпы Сыр өңірінде жыраулықтың үш мектебі бар деп айтып жүрміз, бірақ бұл тізімге  төртінші болып  Сәрсенбай жырау мектебі де қосылады. Негізінде Сырдағы жыраулық мектебінің әрқайсысы өзінше дара, шоқтығы биіктігімен ерекшеленеді. «Жырдың елі» атанған бір ғана Тұрмағамбет ауылынан жүз жырау шыққан. Арал өңірі, Шиелі аумағында да өнердің өзегін қалыптастырып, кейінгі буынға аманаттап кеткен ата-бабаларамыз өткен. Олардың әрқайсысы бір-бір мектеп екені даусыз. Сондықтан шартты түрде Сыр бойында жыраулықтың төрт мектебі бар деп айта аламыз. Ол ‒ Арал, Қазалы өңіріне тән Нұртуған ақын мектебі,  Қармақшы аумағына тән  Жиенбай жырау мектебі, сондай-ақ Шиелі, Жаңақорған аймағын қамтыған Нартай мектебі. Ал жаңа айтып өткен Сәрсенбай Бөртебайұлы атындағы жыраулық мектеп Қармақшы аумағына тән.

  Жалпы Сыр бойындағы жыраулық мектептер жыраулық поэзия және музыкалық мақам саз үлгісімен дараланады. Соның ішінде жырды көмекеймен орындау дәстүрі ‒ Жиенбай жыр мектебіне тән ерекшелік. Өзіңіз білесіз, Орта Азия халықтарының көбінде көмекеймен жыр айту дәстүрі сақталған.

      Тағы бір айта кетер маңызды жайт, жыраулық өнер ‒ атадан балаға беріліп, ұстаздан шәкірт арқылы жалғасатын текті өнер. Мұны шежірелік тізбек деп қарауға болады. Мысалы үш жүзге мәлім болған Жиенбай жыраудан  Жайылған жырау, одан Рүстембек пен Дастанбек жырау, Рүстембек әкемізден Битас, Көшеней жырау, одан Арнұр Көшенейұлы тарап, жыраулық дәстүрді үзбей келеді. Бір әулеттің ішінде қасиетті өнердің осылай жалғасып отыруы ‒ жыраулық дәстүрдің басты ерекшелігі.  

      ‒ Әрқайсысын жырлағанда үш сағатқа созылатын он екі дастанды білетініңізді айтқан екенсіз бір сұхбатыңызда. Дастан мен термені жаттауға қанша уақыт қажет? Жыр қорындағы дастан ұмытылмас үшін жиі қайталап тұрасыз ба?

    ‒ Жаһандану кезеңіне аяқ басқан сәтте жыршылардың үш күн, үш түн жырлайтын мүмкіндігі сәл қысқарып бара жатыр. Мұны уақыттың еншісіне, заман ағымына сай құбылыс деп айтуымызға болады. Қазір жыр өнерінің насихаты жоқ емес, бірақ кемшін қалып бара жатқан тұстары да бар. Жалпы жырау қашанда жыр қорындағы дастандарымен бағаланады. Таңды таңға ұрып жырлайтын жыраулар әуелі терме толғау, жыр шақыруларын, мысал- өсиеттерін жырлап болғаннан кейін барып қана салаға түсіп отырған. Салаға түсті дегеніміз, дастан жырлады дегенді білдіреді. Жырау ‒ жиынтық өнер, яғни жан-жақты қамтыған сала. Кезінде бір өзі бір театр болған жыраулар халықтың көзі, құлағы, тілі, ділі болды. Құдайға тәубе, бұл дәстүр қазір де жойылған жоқ. Әлі де таңға дейін жырлайтын жыраулар Битас Рүстембеков, Демеубай Жолымбетов сынды ағаларымыз бар. Тек соны жеткізетін, жырлайтын орта азайып барады. Ел арасында «айтушыдан тыңдаушы мықты болсын» деген жақсы сөз бар ғой. Сол үшін біздің қазіргі мақсатымыз сауатты, сарабдал тыңдарман қалыптастыру керек деп ойлаймын.

      Қазір жыраулар жауапкершілігі өте ауыр кезеңде тұр. Себебі ұлттық дәстүрге батыс мәдениеті килігіп, көлеңкелеуде. Осындай құбылмалы кезеңде біз еш қаймықпай, бұрынғы салт-жоралғының қалпын бұзбай әрі қарай жалғастыруымыз қажет. Кейінгі буынға осы дәстүрді жаңғырту арқылы ғана сақтап қала аламыз.

      Ал жыр-термені жаттау ұлттық жадты қалыптастырады. Осы уақытқа дейін қаншама эпос, жырлар ақын-жыраулардың есте сақтау қабілеті арқылы ауызша сақталып, бізге жетті. Бұл жайды қазақ халқының ұлттық кодының, құндылығының жойылмағаны деп түсіну керек. Алла жыршыларға жырды жаттауға, оны мақам сазға қондыруға ерекше қабілет береді. Соның негізінде жыршылар дастанды қалыпты жағдайда тез жаттап алады.

     Бүгінде жыр қорымда өзіңіз айтқан жыр-дастандар бар, бірақ уақыттың тығыздығына орай бәрін бірдей сахналарда айта алмай жатамыз. Айтылмаған дүниенің ұмытылатыны белгілі, алайда жырдың бәрі көкейімізде қайталанып тұрады. Кейде дастандарды қайталауға, еске түсіруге біршама уақыт қажет болады. Дегенмен «тыңдаймын, жырлатамын» дейтін орта болса, біз қашанда бала күнімізден жаттаған дастан-толғауларды күн-түн демей насихаттауға дайынбыз.

    ‒ Авторлық жобаңыз «Ән, терме, домбыра» онлайн курсының бүгінгі беталысы қалай? Жас буынның ұлттық өнерге деген қызығушылығы жайлы не айтар едіңіз?

    ‒ Жоба жайлы жоғарыда біршама түсінік бердім. Курс қазіргі жағдайға байланысты онлайн форматта ұйымдастырылуда. Дегенмен алдағы уақытта оффлайн режимде жалғасып, үлкен жыр орталығының ашылуына ұласады деген сеніміміз зор. Курс оқушыларының беталасы жаман емес, бір айдың ішінде отызға жуық ерікті, талапты шәкірттерге үш бірдей терме, дәстүрлі ән-жырды үйретіп жатқан жайымыз бар. Жобаға қызығушылық танытып, «екінші курсыңыз қашан басталады, біздің де қатысқымыз келеді» деп сұраушының көптігі қуантады.

      Жас буынның қызығушылығы дегеннен гөрі, өнерге деген махаббатын оятуда алдымызда үлкен жауапкершілік тұр. Мен үнемі сұхбаттарымда өзім қатарлы, өзімнен кейінгі жас буынға «жырды әуелі жақсы көру керек, өзің орындаушы, өзің не айтып отырғанынды түсіндіре алатындай насихаттаушы болуың керек» деп айтып жүремін. Қазіргі жас жыршылардың талап-тілегі, беталысы, ықыласы, өнерді алып жүрудегі жауапкершілігі көңіл қуантады. Бәріне белгілі жағдай, қазір әлеуметтік желі үлкен күшке айналды. Ақпараттық майданның ортасында жүрген соң, халықтың көңілі қажетсіз дүниеге бұрылып кетіп жатады. Жыршы соның бәрін бұзып-жарып, әлеуметтік желі арқылы болсын өнерді  насихаттап, дәстүрге берік болу керек және ұлттық өнерге деген жауапкершілік үлкен-кішіге бөлінбеу қажет. Осы орайда қазақтың маңдайына біткен аңыз тұлғасы Әбіш Кекілбаевтың мынадай сөзі бар:  «Өнер үшін яки өнерпаз үшін бір-ақ өмір бар, ол ‒ ізденіс, үздіксіз іздеу, табу, ашу. Бұдан жалыққан жерде әуелі өнердің күні, сосын өнерпаздың күні таусылады» дейді. Осыдан артық өнерпазға шабыт сыйлайтын сөз болмайды деп ойлаймын. 

     ‒ Осыған дейін «Мен қазақпын» ұлттық телевизия жобасында топ жардыңыз. Бүгінгі «Дарынның» орны бір төбе. Ендігі жерде елдің көзайымына айналған Күнсұлуды қандай биіктен көргіңіз келеді?

     ‒ Қандай марапат  берілсе де, мұның бәрі әуелі текті жыраулық өнердің абыройы деп түсінуміз керек. Бізге ұсынылған марапат ‒ өнерге көрсетілген құрмет, өнердің киесіне берілген баға. Біз бір күнде жыршы атанған жоқпыз, мұның артында үлкен еңбек, ата-анамыздың дұғасы, ұстаздардың тынымсыз тірлігі, халықтың ақ батасы тұр. Әуелі Алланың қалауымен көрсетілген құрметтің қай-қайсысы да өнерпаздың дамуына шабыт, мүмкіндік береді. Халықтың ұл-қызы атану ‒  үлкен абырой, сондықтан елдің алдында осындай үлкенді-кішілі жетістікке жеткенімізге қуанамыз. Алдағы уақытта да бәрі орнымен бола береді деген ойдамын. Бұйырса, бұдан да жоғары биіктен көрінсек, төрт бірдей сүлейлер мектебінің септігі деп білемін. Әрі ұлттық өнерді халыққа өз деңгейінде насихаттап, шәкірт тәрбиелеп, кейінгі буынға сол күйінде аманаттап тапсыра алсақ, біздің өмірлік мақсатымыздың орындалғаны деп түсінемін.

      Ұстазым Алмас Алматов «Өнер мұрагер ұрпақтары арқылы ғана дәстүрлі сипатқа айналады. Өнер бір күнде және бір күнге ғана келген жоқ» дейді. Өнердің қосынын жегу дегеніміз ‒ мәңгіліктің қосынын жегу. Сондықтан осы өнерді ұстанып, текті өнерді жалғап жүрген біз үшін жауапкершіліктің үдесінен  абыройымен шығып отырсақ, одан асқан марапат жоқ.

‒ Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Гүлдана ЖҰМАДИНОВА  

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!