Осыдан екі апта бұрын 2 сынып оқушысы Қуанов Эльдар  қалаға қарасты Қарауылтөбе ауылындағы Байқадам каналына ағып кетті. Ата-анасына Алла сабыр берсін дей отырып, мәселенің мән-жайын білуге ұмтылдық.

“Қызылорда қаласында ауыз суға мұқтаж елді-мекен бар” дегенді естісеңіз сенер ме едіңіз? Әрине, қазіргі таңда ауызсуды көшеден тасудың өзі ерсі көрінеді. Себебі көбі дерлік ауызсуды үйінің ішіне кіргізіп алған. Ал бұрыннан “Рауан” деп аталып кеткен аумақ ауыз суды көпірдің арғы бетінен тасып ішуге тәуелді. Себебі 7-8 үй тұратын аймақ ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Ішуден бөлек керекті суды каналдан тасиды. Бұл аймақ Қазсушар мемлекеттік кәсіпорына қарайды. Себебі ол жақтағы үйлер мекеме қызметкерлеріне тиесілі. Осыдан бір апта бұрын Қарауылтөбе ауылындағы Байқадам каналында бір бала суға құлап кетіп, денесін екі күн дегенде тапты. Іздестіруге Қосшыңырау ауылдық округі мен Досан ауылының мұғалімдері, еріктілер, төтенше жағдай қызметкерлері атсалысты. Қайғылы жағдайдың орын алуына ауызсудың тікелей қатысы бар. Себебі екінші сынып оқушысы каналдың арғы бетіне өтіп, 5 литрлік үш ыдыспен су тасыған. Ал ол каналдың жағдайын көрсеңіз, адам шошырлық! Тұрғындармен тілдескен сәтте бұрын да балалар суға кетіп, әрең дегенде құтқарып алғандығы айтылған еді. Бала қайғысынан кейін тұрғындардың қорқынышы үдей түсті. Мұны сол жаққа барып, әр үйге жеке-жеке кіріп тұрғындармен тілдескен кезде байқадық. Ең үлкен қорқынышы, мекемеге тиесілі баспанадан айырылып қалу. Өкініштісі, бала өмірінен баспана маңызды болып тұр. “Кешіріңіз, біз бұл үйде тегін тұрамыз. Сіздермен сөйлескенім үшін баспанадан айырылып қалар жайым жоқ. Ауызсуды каналдың арғы бетінен тасып ішетінімізді жасыра алмаймыз. Екі күнде бір өзім барамын, кейде уақыттың жетіспеушілігін баламды жұмсай салатыным бар. Кезінде ол да суға батып кете жаздады. Алла сәтін салып, құтқаруға мүмкіндік болды. Сіздерге басқа айтарым жоқ”, – деді атын жасыруға тырысқан ауыл тұрғыны.

Ауылды аралап жүріп, біраз жағдайды көрдік. Екі үй бірлесіп, құдық қазып алыпты. Ауызсуды содан ішеді. Ол кісілер каналдың арғы бетіне өтіп, су тасуға мұқтаж емес. Сондықтан да пікір беруден бас тартты. Бір қызығы, қайғылы жағдай орын аламын дегенше, көпірдің бір басқышы түсіп қалған. Ара-қашықтық кәдімгідей білінеді. Қолыңызда су бар, ана каналдан аттап өтуді көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Кеше көзбен көргенде ол жерді ағашпен бітеп қойған екен. Десе де 100 пайыз адам жүруге қауіпсіз деп айтуға келмейді. “Ол жер Қазсушар мекемесіне тиесілі” деген соң өңірлік коммуникациялар орталығында мекеме басшысы қатысатын брифингті асыға күткеніміз бар. Десе де ол брифинг жарты сағат кейінге шегерілді. Одан қалды қойылған сұрақтың жауабын ала алмадық. Қазсушар РМК Қызылорда филиалының су шаруашылығы нысандарын пайдалану бөлімінің басшысы Айдос Әлібекұлы “Біз аяқсуға емес, ауызсуға жауап береміз” деп қана тоқталды. Ары қарай қойылған сұрағымыз жауапсыз қалды. Брифинг сол уақытта-ақ аяқталды. Енді аяқсуға ғана жауап беретін болса, Рауан тұрғындары кімге қарайды? Үй сол мекемеге тиесілі, тұрғындар да сол мекемеде жұмыс істейді. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл аумақ Қарауылтөбе ауылына қарайды. Әкім не дейді?

Сейілбек ТАЙМАНОВ,

Қарауылтөбе ауылдық округі әкімі: 

–  4 гектар жер Қазсушарға тиесілі. Ол облысқа емес, республикаға қарайды. Ол жерде 11 үй орналасқан. Үйлердің бәрі сол мекеменің балансында. Ол жерде 7 отбасы тұрады. Біз ештеңе істей алмаймыз. Сол жерде жұмыс істейтін кісілерге берілген, олар сол жақта тұрақтап қалған.

“Байқадам” каналындағы суды ауыл тұрғындары тұндырып, керегіне пайдалануда. Мәселен, киім, ыдыс жуу үшін тұндырған судан пайдаланады. Себебі көпірдің арғы бетінен тасып жүрудің өзі мұң. Бұл жалпы адам жүруге арналған көпір емес. Тек судың өлшеміне арналған. Десе де ауызсуға мәжбүр халыққа бұл көпірден өтуге  тура келеді. Оларда басқа жол жоқ.

Жанерке ЖҮСІПОВА,

куәгер, досы:

–   Тәтесі екеуі су тасып жүрген. Кенет ыдысы суға түсіп кетті. Бала да ыдысты алуға әрекет етті. Артынан өзі де суға қойып кетті. Қалай суға ақты, солай артынан қолымды создым. Қолынан ұстап едім, жібере салды. Артынша жүгіре бердім, жүгіре бердім. Ол дәу томардан ұстап алды, біраз жерге дейін менімен сөйлесіп барды. “Анамды саған аманат етемін, бас көз бол” деп қоймады. “Өзің қарайсың ғой” дегенмін. “Жо-жоқ, мен қазір кетіп қалсам” деді. Артынан жүгіріп едім, құтқара алмадым. Сол жерде көмектесіңдер деп айқайладым. Екі рет сол жерде құлап қалдым. Сосын бірден үйге қайтып кеттім.

Жанерке сол күні тәтесінің үйіне барған. Далаға шығып, каналдағы суға қолын жуған. Яки сол сәтте баланың суға түсіп кеткенін аңғарған. Қайғылы жағдай орын алған кезде баланың жанында болған.

Жәнібек ӘЛІБЕК,

Май құю бекетінің қызметкері:

– Бұл ауылда небәрі 7-8 үй тұрады. Үшеуінде ғана су бар. Қалғандары “Мереке” асханасындағы ауызсудан көпір арқылы өтіп алады. Бұл көпірді де кешегі қайғылы оқиғадан кейін барып жөндеді. Оған дейін көпірдің ортасында ойық болушы еді.  3-4 сынып оқитын балалар бес литрлеп таситын-тұғын. Кейде ата-анасы қасында болады, олар жоқ кезде өздері тасиды. Қайғылы жағдай бірінші рет болып отыр. Бірақ адамдар суға түсіп кететін жағдайлар болып тұрады. Осы көпірге жөндеу жүргізіп, ауыз су мәселесі шешімін тапса игі.

Жоғарыда айтып өткенімдей, үй-үйді аралап жүріп бірде-бір тұрғыннан пікір алуға мүмкіндік болмады. Олардың қорқынышы – баспаналары. Баспана үшін суды қауіпті көпірден әлі де тасып ішуге даяр. Ал 8 жасар баланың әпкесі шарасыздықтан шындығын айтты.

Ақнұр РЫСПАНБЕТОВА,

ауыл тұрғыны:

– Мен кешегі қайтыс болған баланың туған әпкесімін. Ол менен кейінгі қыздың ұлы. Суды осы жерден аламыз, су тасып жүріп аяғы тайып кетті. Қаладан да, басқа жақтан да келіп  мұнда адамдар суға түседі. Бұл жылдағы жағдай. Демалушылар келгенде көпірдің листісін алып суға секіреді. Бұл жалпы жүргіншілерге арналған көпір емес. Қазсушар мекемесіне тиесілі жағдай болғандықтан, көп жағдайда айтуға жүрексінеді ғой. Кеше сіздердің келіп аралағандарыңызды білмедім. 17 жылдан бері менің әке-шешем осында тұрады. Әкем де, анам да – мүмкіндігі шектеулі жандар. Жедел-жәрдем келсе, көлікті көшеге тастап жаяу келеді. Дарбаза 24 сағат құлттаулы тұрады. Қарауылдары “бізге бастық рұқсат бермеген” деп ашпайды. 17 жылдан бері осы ауызсу жоқ. Газ жоқ, әлі күнге пеш жағады. Көріп келе жатқан күндері осы. Су тасып ішетініміз белгілі. Бұрын көлік бар кезде Досан, Қарауылтөбеден тасып ішкен. Қазір машина жоқ.  Үйімде бір ғана бала. Күнделікті табыс, ата-анамның зейнетақысы. Үйдің фундаменті бар, бірақ оны тұрғызуға жағдай жоқ. Өздеріңіз де үйдің айналасын көрдіңіздер ғой. Су шаруашылығының адамдары бұл жаққа келген де жоқ. Бұл жерде мал өлімі емес, адам өлімі ғой. Келіп, бір ауыз айтса болады ғой. Маған тиесілі аймақта болып жатыр ғой деп  қиналмайды да. Теледидардан сөйлегенде бұл көпір адам жүруге арналмаған деді. Енді арналмаса – дарбазаны ашып қою керек емес пе? Қайтыс болған бала 8 жаста, бәрі жүрді. Мұғалімдер де, қалалық әкімшілік те келді. Біз біраз жерге ауызсуды тасып ішетініміз жөнінде арыздандық. Мамам осы жерге келеді, балалар суды тасиды. Менің қызым мен қайтыс болған інім тасушы еді.

Мәселе шынымен де қиын. Бәрінен бұрын баладан айырылу отбасы үшін азап. “Бала бауыр етің” дейтін болсақ, бір ата-ана бауыр етінен айырылды. Бала қауіпсіздігін өзіміз қадағаламасақ, басқа адам сіздің балаңыздың өміріне жанашырлық танытады деп үміттенбеңіз де.

Медет УСАИН,

 Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы:

– Бүгінде 65 ескерту тақтайша орнатылды. Бұл жұмыстар жалғасуда. Қайғылы жағдайдың орын алуының негізгі себебі – қауіпсіздік шараларын сақтамағандықтан. Сонымен қатар ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы. Біздің тарапымыздан азаматтардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жұмыстар жүргізілуде.

Балалардың ата-анасынан қашып, каналға суға түсуге баратыны белгілі. Жүзуді білмесек те, біз де үйден қашып кетіп, көлдегі суға кетіп қалатынымыз есімде. Бүгінде балалар ата-анасына ескертпей, суға шомылуға барып жүргендері жетерлік. Оны ауылдан көріп те, естіп те жүрдік. “От пен судың” тілсіз жау екенін ескерсек, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етейік.

Бауыржан ІЗБАСАРОВ,

Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары:

– Жыл басынан бері 14 адам суға кетіп, қайтыс болды. Оның 9-ы кәмелетке толмаған. Сондай-ақ Қарауылтөбе ауылындағы Байқадам каналында бір бала суға құлап кетіп, денесі табылды. Құрметті жерлестер, қауіпсіздік шараларын сақтап, бір-бірімізге жанашыр болайық.

Суға түсу маусымында шақтық шаралары ауадай қажет. Сондықтан кез келген жерге шомыла салуды қысқарту керек. Бала ата-анадан көргенін істейтінін ескерсек, сіз апарып шомылдырған каналға кейін өзі бармасына кім кепіл?! Сондықтан баланы қараусыз қалдырмайықшы.

Шамшидин АМИТОВ, Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары:

– Бүгінде учаскелік және ювеналды полиция қызметкерлері өздеріне бекітілген аймақтарда орналасқан өзен, көл жағаларында адамдардың жаппай суға түсетін, ойнайтын жерлерінде үнемі бақылау жұмыстарын жүргізуде. Жазғы демалыс кезінде оқушыларға және ата-аналарға қатаң сақтық шараларын сақтау керегі жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Облыс тұрғындарын белгіленбеген жерлерде суға түспеуге, су жағалауларында ішімдік ішпеуге және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырамыз.

   P.S. Кәсіпорын басшылығы бұл мәселені шешуге уәде етті. Уәде орындалам дегенше тұрғындар көпірден өтіп, су тасып жүргенде ата-анасы тақымын қысып отыра тұрар. Басқа амал жоқ. Сусыз тіршілік жоқ. Айналдырған жеті үйді ауызсумен қамтамасыз ету облыстық емес республикаға тиесілі мекемеге әсте қиын болмас деп ойлаймыз.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!