Баян Алагөзова «Қыз Жібек» фильміндегі камзолды киіп желіге салғанда жұрт өре түрегеліп, қызу пікірталасқа көшті. Соның арқасында тағдырға шағым айтып үйренбеген, дегенмен әлі күнге тірліктің қамымен зейнеткер болса да, қызмет істеп жүрген, халық әртісі Меруерт Өтекешовадан БАҚ өкілдері жаппай сұхбат ала бастады. Сондай бір сұхбаттың бірінде қазақтың «Қыз Жібегі» кеңес кезінде камзол тұрмақ, фильмнің қазақ тілді нұсқасынан айырылып қала жаздаған кездер болғанын еске алды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мая Бекбаеваға берген сұхбатында Меруерт Өтекешова камзол турасында туындаған дауға қатысты өз пікірін білдірді. Дегенмен жұрт жерден алып жерге салған Баян Алагөзоваға қатысты Меруерт Өтекешова бірде-бір сын айтпады.
«Білесіз бе, бұл камзол мәселесі мен үшін де тосын жайт болды. Оны арнайы іздеген жоқпын. Бұрын киностудияда жүргенде сұрастырғанмын, бірақ қайта құру кезеңінде көптеген костюм жоғалып кеткен, соның ішінде осы камзол да бар деп айтылған. Мен оны алғаш рет Баян киіп көрген кезде ғана көрдім. Әрине, көп адамның оған наразы болғанын түсінемін. Бірақ шығармашылық адам болған соң, кейде ішкі бір толқу, сезім жетелейді ғой. Бір нәрсені көріп, «қандай керемет» деп, сол сәттің әсерімен әрекет етуі мүмкін. Бұл – оның ішкі қуанышы. Ол ешкімді ренжітейін деп ойламаған шығар. Камзолды кигені рас, бірақ Баян Алагөзова оны сақтайтыны анық. Уақыты келгенде мұражайға тапсырады деп ойлаймын. Бұл – оның өз шешімі. Сол үшін оны айыптау да, тіпті маған қатысты «сыйлапты» деген сөз айту да орынсыз», — деді Меруерт Өтекешова.
Меруерт Өтекешова киімдердің сапалы екенін және не себепті сондай дәулетті, салтанатты көрсетілгенін айтты.
«Костюмдердің барлығына жауапкершілік болады. Фильм түсірілгенде әрбір киімге костюмер мен картина директоры жауап береді. Барлығы тізіммен алынады. Көп костюм кейін басқа фильмдерде де қолданылған. Себебі олар арзан емес. Өте бағалы терілерден тігілген еді. Бұл «Қыз Жібек» фильмінде қазақ тұрмысының байлығын, киімінің сән-салтанатын көрсету үшін арнайы қабылданған шешім еді. Гүлфайрус Исмаилова сияқты суретшілерге жағдай жасалып, табиғи материалдардан, өте жоғары деңгейде тігілген. Ерлердің киімі, етігі, Жібек, Бекежан және басқа барлық кейіпкерлердің киімі алғаш рет осындай дәулетті үлгіде дайындалды», — деді Меруерт Өтекешова.
Алайда кейін жүйе өзгеріп, мұра қараусыз қалған:
«Бірде киностудияда шашылып жатқан фотолар мен фильмнің заттарын көрдік. Құман екеуміз қатты таңғалдық. Соларды жинап, реттеп қойдық. Бірақ бірде-біреуін алған жоқпыз. Бұл – біздің адалдығымыз еді», — деді Меруерт Өтекешова.
Актрисаның айтуынша, мәселе тек бір камзолда, киімде емес. Меруерт Өтекешова ешкімге сенуге болмайтын аумалы-төкпелі заманда «Қыз Жібек фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасын қалай сақтап қалғанын айтты:
«Кейін фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасы қайда екенін ойлай бастадым. Мәскеуге хабарластым. Олар: “Орысша нұсқасын бердік, ал қазақша магниттік таспа өздеріңізде болуы керек” деді. Мен оны киностудиядан іздедім. Таптым. Бірақ жағдайы өте нашар еді: бір бөлімінде дыбыс жоқ, екінші бөлімінде де толық емес. Сонда “енді не істейміз?” деп сұрадым. Олар маған басқа жерде сақтаулы таспалар бар екенін айтты. Содан кейін өзім барып, қажет таспаларды тауып, ақысын төлеп, қалпына келтірттім. Төрт магниттік таспаны көтеріп, пойызбен Мәскеуге алып бардым. Ұшақпен емес, пойызбен. Жол ауыр болды, бірақ амал жоқ. Кейін оларды қайта алып келдім. Кеденнен өткізу де оңай болған жоқ. Ең қиыны сол кездердегі адамдарға сену еді. Сондықтан қалпына келтірілген таспаларды киностудияға бірден тапсырмай, өзім сақтадым. Кейін ғана сенімді адамдар келгенде бердім. Сол кезде фильмді қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Ойланып қарасаңыз, біз фильмнен айырылып қала жаздадық. Бұл камзолдан да әлдеқайда үлкен мәселе еді», — деді Меруерт Өтекешова.
Баян Алагөзованың оған «өмірінің соңына дейін 1 млн беру» жайлы сөзіне қатысты актриса былай деді.
«Әзірге Баянмен хабарласқан жоқпыз. Өзім де онымен сөйлескен жоқпын. Білесіз бе, ол да шығармашылық адамы ғой. Кезінде актриса болып киноға түсті, ән айтып жүрген қыздарды тәрбиеледі, олардың өнерде жол табуына көмектесті. Өзі де фильмдер түсірді, жалпы шығармашылық бағытта еңбек етіп жүргенін сырттай бақыладым. Әрине, пікір әртүрлі: біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды. Бірақ ол өз жолымен жүрді, жанын салып еңбек етті. Әлі де көп жұмыс істеп келеді. Сондықтан бұл әрекетіне нақты не айтарымды білмеймін. Бірақ өзі меценаттар шығармашылық адамдарды ұмытпауы керек екенін айтқан секілді. Ал «Қыз Жібек» фильміндегі камзолға келсек, ол шын мәнінде мұра. Осы тұрғыдан қарасақ, бұл – халыққа ортақ құндылық. Баян да шығармашылық адамы болғандықтан, соны айтып отыр деп ойлаймын. Иә, бұл мұра, уақыты келгенде міндетті түрде мұражайға тапсырамын дегені шығар. Ал әзірге ондай дүниені қолыңа ұстап, сезініп көргің келеді ғой. Оны да түсінемін», — деді Меруерт Өтекешова.
Айта кетейік, зейнеткер әрі ұстаз Меруерт Өтекешова қазір қызы және жиенімен бірге жалдамалы пәтерде тұрады. Баспанасы жоқ. Сұхбатта ол қарыз бен сырқат жан-жақтан қыспаққа алған күндері аз болмағанын айтты. 2008 жылы ұлы Фарабиден айырылғаннан кейін, бұл қайғы кенже қызы Томириске де ауыр тиген. Дегенмен сұлулығы мен қажырлығын және нәзіктік пен қайсарлығын көрсетіп, Меруерт Өтекешова налымайтынын айтты. Ұлынан, кейін жарынан айырылса да, сынбаған Меруерт Өтекешова бүгінде Астанада студенттерді тәрбиелеп, жастарға өнер жайлы өнегелі тәлімін беріп жүр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
