Кеше Германияның Кельн қаласында боксшылардың халықаралық турнирі өз мәресіне жетті. Финалда Қазақстанның алты боксшысы өнер көрсеткенімен, олардың екеуіне ғана бас жүлде бұйырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
91 кило салмақта өнер көрсеткен Айбек Оралбай команда қоржынына алғашқы алтынды салса, +91 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Қамшыбек Қонқабаев та қарсылас шақ келтірген жоқ. Осылайша, алыптармен айқасын жүрген нар тұлғалы қос саңлақ неміс жерінде Қазақ елінің әнұранын шырқатты. Жарыс жеңімпазы атанған қос қандасымыздың өнері әлемнің әр қиырынан жиналған майталман мамандар мен жергілікті жанкүйерлер тарапынан өте жоғары бағаланды.
Дәл сондай құрметке бөленуге Сәкен Бибосынов (52 кило), Оразбек Асылқұлов (57 кило), Ертуған Зейнулинов (63 кило) және Нұрбек Оралбайдың да (81 кило) тамаша мүмкіндігі болды. Алайда айтулы былғары қолғап шеберлері ақтық сынға дейін алқынбай жеткендерімен, шешуші тұста ұтылып, күміс медальді қанағат тұтты.
Кельндегі дәстүрлі халықаралық турнирдің қорытындысы бойынша Қазақстанның ұлттық құрамасы жалпы командалық есепте бірінші орынды иеленді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!