Кикбокс – олимпиадалық спорт түріне енбесе де айналысушылар һәм қызығатындар көп. Алып соққыдан тайсалмайтындар аталған спортқа бет бұрады. Соның бірі – Алтынбек Жүнісов. 17 жыл уақытын рингте өткізген Жүнісовтың жетістігі сан түрлі. Кикбокстан халықаралық дәрежедегі саңлақпен сұхбаттасқан едік.

Алтынбек Жүнісов, кикбокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Алтынбек, жаттығу мен жарыстарға 17 жыл уақытыңды жұмсап,  есімің алты алашқа танылды. Бүгінде бағындырмаған белесің жоқ. Әңгіменің әлқиссасын қауіпті спортқа қалай келгеніңнен бастайықшы…

– Бала кезде спорт денсаулық кепілі деген ұран қалыптасып, жүгіру, футбол сынды спорттың түрлеріне көңіл бөле бастадым. Ауыл баласы болған соң тынымсыз күндерің таусылмайды. Шаруадан қол да, уақыт та босамады. Күнделікті сағат пен минут сырғып өткеннен кейін уаықытымды текке жібермей, спортпен шұғылдануға көңіл бөлейін дедім. Бірі қызығы, жұртты ағасы немесе әкесі ертіп апарса, мені анам алып барды (күліп). Жалпы спорт түрін таңдауда көп ойландым. Содан анам кикбоксқа жетектеп әкелді. Қай спорттың да өз қиындығы болады ғой. Басында қиыншылықтар болды. Тіпті, тастап кеткім келген кездерде кездесті. Дегенмен чемпион болуды армандадым. Аяғына дейін жетуді мақсат еттім. Содан бері міне спортпен айнылысып жүргеніме 17 жыл өтіпті. Бүгінде жеткен жетістіктерім жаман емес.

– Жекпе-жек спорт түрлерінің әдіс-тәсілдері бір-біріне сәйкес келіп жатады. Мысалы, дзюдо мен самбо деген секілді. Ал кикбоксты қозғағанда ММА да еске түседі.  Екі спортты да қатар алып жүрген боларсыз?

– Иә, дұрыс айтасыз. Кикбокс пен ММА спорты бір-біріне жақын. Ұқсастығы бар. Бүгінде екеуін де қатар алып жүрмін. Шүкір, кикбоксингтен жеткен жетістіктер аз емес. ММА-ға ақырындап аяқ басып келемін. Бұйырса ол спортта да Қазақстанның атын шығаратын боламын.

– ММА-дың ақ-қарасын көбісі біле бермейді. Бұл  спорт түрімен айналысу үшін қандай талап қойылады?

– Бұл спортқа ден қоюушыларға ең алдымен шыдамдылық керек. Шыдамды бола білсең ғана нәтиже көрсетуге болады. Ұрымтал сәтте есе жіберіп қоюуың мүмкін. Сондай кезде төзе білуі тиіс. Қорыта айтсақ, айқастан тұратын спортқа «жүрек» қажет.

– Ережесіз жекпе-жектерде спортшылардың толық аты жөніне қарағанда лақап аты лезде тарайды. Бұл бір жағынан танымалдылыққа әсер ететін негізгі фактор десек болады. Бәлкім сіздің де лақап атыңыз бар шығар…

– Лақап атты енді ғана қолға алып жатырмын. «Алтуха» деп те атап жүргендер көп, ел аузында қандай атпен таралсам мүмкін соны қоятын шығармын. Әлі нақты емес. Десек те болашақтың жоспарында тұрған мәселе бұл.

– Әр спортшының идеалы болатыны сөзсіз. Кімді үлгі тұтасыз?

– Қарсыластарына есе жібермей, сегізбұрышта теңдессіз шебер атанған ресейлік Хабиб Нурмагомедовке еліктеймін және үлгі етемін.

– Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Сәтсіздікті, жеңілісті қалай қабылдайсыз?

– Жеңілістің кермек дәмін тату кімге болса да оңай емес. Менің де жеңілген кездерім болды. Жаттығудан шаршап-шалдыққанда жеңілісті есіме аламын да оған дайын емес екенімді түсінемін. Өйткені жеңіліс пен жарақат сағыңды сындыруы мүмкін. Әрине, маңдайыңа жеңілу жазылса одан қашып құтыла алмайсың. Дегенмен жеңілмеу үшін шаршы алаң мен жаттығу алаңында  жаныңды салуың керек. «Жеңістің атасы көп, жеңіліс – жетім» деп бекер айтпаған. Өмір жеңіс пен жеңілістен, сәттілік пен сәтсіздіктен, қуаныш пен қайғыдан тұратынын ұмытпау керек.

– Спортшылардың бос уақыты бола бермейтіні анық. Дегенмен жаттығу мен жарыстардан қол қалт еткенде  шұғылданар  шаруаңызды білсек…

– Жаттығудан тыс кезде ауылға барғанды ұнатамын. Әр  қазақ баласы үшін туған жер ыстық. Ауылдағы жұмыстың өзі  жаттығу десем қателеспес едім. Өйткені мұнда тынымсы тіршілік. Маған сонысы мен де қызық. Сондай ақ ғибратты әңгімелерді тыңдағанды жақсы көремін.