фото: Gretty images
Жолаушылар кезең-кезеңімен эвакуацияланып жатыр. 10 мамырда бортында хантавирус індеті тіркелген MV Hondius круиздік лайнері Канар аралдарындағы Тенерифе жағалауына жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кемеде жолаушылар мен экипаж мүшелерін қосқанда 146 адам бар.
Испания билігі адамдарды кезең-кезеңімен эвакуациялауды ұйымдастырып жатыр. Жолаушылар шағын топтармен жағаға жеткізіліп, кейін чартерлік рейстер арқылы түрлі елдерге жөнелтіледі.
The Guardianбасылымының жазуынша, алдымен Испания азаматтары, одан кейін Еуропа елдерінің, Ұлыбританияның, АҚШ-тың, Канаданың, Түркияның және басқа мемлекеттердің азаматтары эвакуацияланады.
Хантавирус инфекциясының өршуі салдарынан лайнер бортында екі адам көз жұмған. Екі жағдайда да дәрігерлердің бақылауы мен жағдайды тұрақтандыруға тырысқанына қарамастан, науқастардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Билік олардың өлімін инфекция асқынуымен байланыстырып отыр.
Бұдан бөлек, жолаушылардың тағы бір бөлігі вирус жұқтырған. Соған қарамастан кемедегі адамдардың басым бөлігінде әзірге ауру белгілері байқалмайды. Соңғы күндері вирустың таралуын шектеу үшін жолаушылар каюталарда болған.
Дәрігерлер кеме бортындағы барлық адамды тексеріп жатыр. Хантавирус тыныс алу жүйесін зақымдап, ауыр асқынуға әкелуі мүмкін. Алайда билік пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індеттің жаһандық деңгейде таралу қаупін төмен деп бағалап отыр.
Эвакуацияны қысқа мерзімде аяқтау жоспарланған. Дегенмен оның қарқыны ауа райына және әуе рейстерінің дайындығына байланысты болады. Кейбір жолаушы елге оралғаннан кейін карантинге жіберіліп, дәрігерлердің бақылауында болады.
Мамандар қазір вирустың кеме бортына қалай түскенін және рейс кезінде инфекцияның жолаушылар арасында не себепті таралғанын анықтап жатыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!