Әлемдегі бай спорт түрі – теннис. Қыруар қаржыны талап ететін спорт түрі дүние­жүзінде қарқынды дамып келеді. 10 ғасырлық тарихы бар теннистің бүгінде ауқымы кең. Новак Джокович, Роджер Федерер, Рафаэль Надаль секілді саңлақтарды түлеткен тенниске қатысты дерек осында.

Теннис спортын кейбір тарихшылар ежелгі Мысырда пайда болған деп есептейді. «Ракетка» сөзі араб тілінен «рахат» сөзінен шыққан дейді кейбір дерек. Бұл алақан дегенді білдіреді. Тарихтың екінші баламасында теннис 11-12 ғасырда Франциядағы монахтар ойлап тапқан көрінеді.

Теннис кәсіби спорт түрі ретінде 1872 жылы енді. Алғаш рет үлкен теннисті Лимингтон курортының көгалдарында португалиялық трейдер Хоа Перейра, доктор Фредерик Хейнс және Уэсли Томкинс ойнады. Содан осы спортқа арнайы ереже бекітілді.1873 жылы теннистің ережесін ағылшын офицері Уолтер Клоптон Уингфилд ойлап тапқан. Бұл спорттың болашағы бар екенін білген офицер теннисті паттентеген. Бірақ біраз уақыт бойы адамдар бұл ойынды қалай ойнау керек екенін білмеді.

АҚШ-та ойын Мэри Эвингтің арқасында пайда болды. Бірінші теннистік матч 1874 жылы Staten Island-да крикет пен бейсбол клубтарында өткізілді. Әлемге әйгілі Уимблдон жарысы 1877 жылы ерлер, 1884 жылы әйелдер арасында өтіп, сайыстың маңыздылығы артты.1900 жылы халықаралық турнир ұйымдастырылды. Әлем назарын аудару үшін жарыстың атауын Дэвис Кубогы деп атады. 1963 жылы Дэвис кубогының баламасы ретінде әйелдер арасындағы федерация кубогы ұйымдастырылды. Бұл екі чемпионат теннистің беделін көтерді.

ХХ ғасырдың басында теннистен ең ірі турнир Уимблдон мен U.S.Open болды. 1968 жылдан бастап үлкен теннистің жаңа дәуірі басталды. Кәсіпқойлар да, әуесқойлар да ірі жарыстарға қатыса бастады. Ал елімізде теннис егемендік алған жылдан бастап қана қолға алынды. Бастапқыда  теннис пен гольф бай-манаптар мен ауқатты адамдардың айналысатын спорты деген түсінік қалыптасты. Сондықтан бұл спорт түрімен айналысатындардың саны да Қазақстанда аз болды. Алайда, соңғы жылдардың бедерінде сеңдей қатқан сенімнің көбесі сөгілді. Тенниске қызығатын, секцияларына баратын жастардың саны артты. Елімізде де ол үшін жеткілікті деңгейде барлық жағдай жасалды. Соның нәтижесінде қазақ балалары да теннистен үлкен жетістіктерге жете бастады.

2019 жыл Қазақстан теннисі үшін айтулы оқиғаларға толы жыл болды. Ұлттық құрама Дэвис кубогі жарысының финалына шықты. Алғаш рет ерлер құрама командасы 18 елмен қатар Дэвис кубогін сарапқа салды. Сол жарыста өз группасында тек Ұлыбританияға есе жіберді. Қыздар теннисінен де ұлттық құрамамыз Азия құрлығы мен Мұхит жағалауындағы аймақтық финалда өнер көрсетті. Қазақстан теннисшілерінің жарқын жеңісі жастардың  корттарға қызығушылығын арттырды. Бүгінде корттар саны Қазақстанда 297-ге дейін өскен. Токио Олимпиадасында тамаша өнер көрсеткен Елена Рыбакина үздік бестікке еніп, еліміздегі теннистің жақсы дамығанын көрсетті.

Айта кету керек, бұған дейін «Forbes» журналы  ең табысты спортшыларды анықтады. Тізімде теннисші қыздар көш бастап тұр екен. Көштің басын теннисші Серена Уильямс бастап тұр. Оның қаржысы $29,2 миллионды құраған. Америкалық спортшы $4,2 миллион ақшасын жарыстардан ұтып алса, $25 миллионы – демеушілер мен жарнамадан түскен табысы.