Осыдан үш жыл бұрын қалада «Кітап құрттары» еріктілер тобы құрылды. Қазір топ мүшелерінің саны 100-ге жетіп отыр. Құрамында тек Қызылорда қаласының ғана емес, Алматы, Астана, Ақтөбе қаласының жастары да бар. Қоғамды кітап оқуға шақырған тың жобаның құрылтайшысы Талғат пен клубтың жаңа жетекшісі Досыммен кітап клубының нәтижелері мен жаңа бастамалары жайында әңгіме өрбіткен едік.

‒ Ең алдымен «Кітап құрттары» клубының үш жылдық мерейтойымен құттықтаймыз! Әңгімемізді осындай креативті идея қалай пайда болды деген сауалдан бастасақ…

Талғат Меңдібаев: ‒ Рақмет! Бастапқыда менде қалада әлі жұмысын бастамаған, өзімнің жаныма жақын дүние жасаймын деген ой болды. Осы орайда  келіншегіме үлкен рақмет айтамын, ол мені қолдап «Талғат, сенің араласатын ортаң көп, неге бәрінің басын қоспайсың? Мүмкіндік болса, екі тілді орта болса» деген ұсыныс айтты. Осыдан соң «WhatsApp» желісі арқылы топ құрып, кітап оқиды ау деген барлық таныстарымды қостым. Бастапқыда топ атауы «Книгоманы» аталды және топта өзін артық санайтын адамдарға шыға беруге болатынын ескерттім.

Екі жыл бұрын ақпан айында облыстық жастар ресурстық орталығында белсенді жас Жасұлан Алдабергеновтың көмегімен жиналдық. Топ құрамындағы мүшелердің жас ерекшеліктері 15-34 жас аралығында болды. Топқа бастапқыда екі жүз адам қостым, соның ішінде кітап оқуға қызыққан сексен адам ғана қалды. Бірақ маған «Книгоманы» деген атау ұнамады да клубтың атын «Кітап құрттары» деп ауыстырдым. Бұл атауға көпшіліктің «тиісетінін» білдім, бірақ түсінген адамға «Кітап кеміргіштер», «Кітапқұмарлар» дегенге қарағанда есте қалатындай атау болғаны рас. Көп адам осылай наразылық танытты.

Оның атауында тұрған ешнәрсе жоқ, мәселе оның жұмысында. Қазіргі таңда клубтың мүшелері толық қалыптасты, олардың қатарында жас та, жасамыс та бар. «Кітап құрттарының» жұмысымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, сол кезеңде Ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметінде болған Данияр Есин және Парламенттің бірқатар депутаттары таныс болды.

Еріктілер тобының жеке буккроссинг сөресі 2019 жылы қазан айында облыстық жастар ресурстық орталығы ғимаратында орналастырылып, алғаш рет «Косплей party» ұйымдастырылды. Кешке келген жастар кітап және кинотуындылардың кейіпкерлерін сомдады. Шығармашылық шара жылына 1 рет дәстүрлі түрде өтетін болды. Сол жылы клуб мүшелері облыста «Ең үздік жаңа бастама» номинациясымен аймақ басшысының дипломымен марапатталды. Ал 2020 жылы біз медиаға көштік, «YouTube»-та канал ашып, барлық саламен ақысыз байланыс жасадық.

Клубтың нетворкинг жүйесі бойынша серіктестері ретінде облыстық ішкі саясат басқармасы, облыстық білім басқармасы, «Қоғамдық келісім», «Облыстық тілдерді оқыту орталығы» мекемелері, облыстық жастар ресурстық орталығы, IT Park Qyzylorda, «Жас Отан» жастар қанаты, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапхана, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, «Орда» жоғары колледжі, «КітапАл» кітап дүкендер желісі мен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Қызылорда облысының жастар ісі секторы қолдау көрсетті.

‒ Клуб жұмысы қала аумағында шектеліп қалмады ма? Аудан, ауыл жастары қамтылды деп айта аласыз ба?

 Талғат Меңдібаев: Иә, біз клуб жұмысын аудандарда жалғастыру үшін ішкі саясат бөліміне ұсыныс тастадық. Аудандардың ішінен тек Қазалыда ғана клуб жұмысын бастады. 2020 жылы «YouTube» желісінде «Кезекті құрттану» атты подкаст жобасын бастадық. Бұл жерге кейіпкерлерді  шақырып, сұхбат ұйымдастырдық. Қаралым саны көп болмаса да, өзіміз үшін қызық бастама болды. Өткен жылы интеллектуалды сайыстарға көп көңіл бөлдік.

Айына бір рет дәстүрлі түрде «Кітап сыйла» акциясы ұйымдастырылып, акциядан жиналған кітаптар түрлі мекемелерге сыйлыққа берілді. Айта кетейік, осы уақытқа дейін 1000-ға жуық кітап табысталды.  Осы тұста қалалық маслихат депутаты Мағжан Ералиев бізге демеушілік жасағанын айта кетсек. Осылайша біз ортамызды кеңейте бастадық. 

Өткен жылдағы тағы бір ерекшелік, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ректорының қолдауымен оқу орнының базасында орналасқан «Қосымша білім беру» орталығына курс ретінде тіркелдік. Университет студенттері клубқа мүше болып, тегін кеңес ала бастады. Қазір «Кітап құрттары» облыс көлемінде жұмыс жасауда. Биыл клубтың үш жылдығын атқарып болған соң бастаманы жастардың жалғастырғанын жөн көрдік.

Әрі қарай идея даму үшін оны басқа адамның жалғастыруына жол бергенім дұрыс деп таптым. Осылайша клуб жетекшілігін «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институтының студенті Досым Әділхан есімді жасқа тапсырдым. Досымның көзқарасы ұнады, өзіндік айтар ойы бар азамат болған соң оны қолдадық. Досымда адамдармен сұхбат құра алатын, өзінің ізінен ерте алатын көшбасшылық қасиет бар. Менде клуб әрі қарай да «өмір сүрсе», жұмысы мұнымен тоқтап қалмаса екен дей ой бар. Адамдардың қымбат көлігімен емес, кітап сөресімен мақтанғанын қалар едім. Досым – көп ішінен таңдалған жоқ, ол клубтың жетекшісі бола алатын, осы мақсатты жүзеге асыра алатын лайық азамат.

‒ Қазір клубтың жүзге жуық мүшесі бар екенінен хабардармыз. Досым, алдағы уақытта қандай жаңа жобалар болуы мүмкін? Алдымен өзің жайлы оқырманға кеңірек таныстырып өтсең…

Досым Әділхан: ‒ «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институтында дипломатия мамандығының студентімін. Бұған дейін БҰҰ-ның балалар қоры ұйымдастырған халықаралық жарысында Қазақстан бойынша командамызбен бесінші орын алдық. «Кітап құрттарының» мүшесі де болдым, бүгінде оның қоғамда өзіндік орны болған соң жауапкершілікті айқын сезінудемін. Байқасаңыз, қазір қоғамда жаңа толқын өсіп келе жатыр. Олар шет тілін меңгеруге қызығады. Сондықтан біз жастарға бағдар бере отырып, өзге елдің адамдарымен бірге байланыс орнатуды қолға алмақшымыз. Жастар ‒ елдің болашағы, сондықтан оларды қазірден бастап дайындауымыз керек. Қазіргі кезде біз клубқа жаңа құрам жасақтап жатырмыз. Ол интеллектуал, жан-жақты жастардың шоғырын одан әрі кеңейтеді деген сенім мол.

     ‒ Талғат, осыған дейін клубтың жұмысы қалай жүргізілді? Кітапты онлайн түрде талқыладыңыздар ма? Жалпы кітап оқу жүйесі қалай қалыптасты?

      Талғат Меңдібаев: ‒ Ең бірінші клубқа келген адамға «Жақсы көріп оқыған кітабың қандай?», «Қазір қандай кітап оқып жатырсың?» деген екі сұрақ қоятынбыз. Содан кейін барып біз кезең-кезеңімен кітаптарды оқып бастадық. Алдымен грек аңыздары, француз әдебиеті, ағылшын, орыс, қазақ әдебиеті деп әр аптаға бөліп оқитын болдық. Бірақ тақырыптың бәрі кітап болған соң қызығушылықты жоғалтып аламыз ба деген оймен кино көре бастадық. Одан бөлек оқырмандар арасында демеушілер көмегімен конкурстар өткізуді қолға алдық.  Топтың отырысы әр аптаның сенбі күні өткізіліп отырды.

Жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, кітап оқуды насихаттау мақсатында отырыстар көшпелі  түрде өткізілді, яғни отырыс өткізілетін орындар ауысып тұрады. Топ ашылған күннен бастап барлығы 44 отырыс өткізілген. Сонымен қатар Open air форматында да шаралар дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Біз ешкімді үгіттемейміз, жастарды клубқа шақырамыз, ал таңдау әркімнің өз еркінде. Кітап оқыған адам ақылды болып кетеді, оқымаған адам топас болып қалады деген сөз емес. Кітапты оқымай-ақ үлкен жетістікке жеткендер бар, кітапты оқып дым істемей жүргендер бар. Сондықтан кітап – пбір-бірімізді танып, демеудің себебі. Кітапты әр адам мақтаныш үшін емес, өзі үшін оқиды.

‒ «Жастар кітап оқымайды» деген пікір жиі айтылады. Бұған алып қосарыңыз бар ма? Бұдан бөлек, кітап клубының облыста кеңінен танылуына сіздің білім саласындағы тәжірибеңіз әсер етті ме?

Талғат Меңдібаев: ‒ Үлкендердің жастарды кітап оқымайды деп сынға алуы өздерінің қателігі деп ойлаймын. Егер үлкендер бізге бағыт-бағдар көрсетіп, өзі қолына кітап ұстап автобуста жүрсе немесе кітапты насихаттап жүріп «жастар кітап оқымайды» десе түсінуге болады. Бір жағынан, кітапқа қазір ұялы телефон, әлеуметтік желі сынды бәсекелес көп. Біздің танымал болуымызға студенттерім көп әсер етті. Өйткені «Орда» жоғары колледжінде, «Өркениет» медициналық колледжінде, «New study» оқу орталығында сабақ беріп жүріп, біраз жастармен таныстым.

Сол сәттерде ізденіс үстінде жүрдім және кітап маған көп көмектесті деп айта аламын. Кітапты басыма қойып, суретке түсуді әдетке айналдырдым, содан бәрі «қандай кітап оқып жүрсің?» деп сұрайтын болды. Осылайша балаларға кітап оқитын мұғалім ретінде танылдым. Сосын маған басқалар тәрізді «ойламайтын» балалар ұнайтын, сөзге жиі келіп қалатын бұзықтар мен үндемейтін балаларды жақсы көремін. Олардан бірнәрсе шығады деп үміттендім. Осылайша клуб құрыла бастаған сәтте инстаграмда парақшасын ашып, ақпарат тарата бастадық. Түрлі сала бойынша адамдар жинала бастады. Бір жақсы жері, бұл клуб қандайда бір қаржымен құрылған жоқ, ешкім құжат сұрамайтын бастама болған соң біз де емін-еркін жүрдік.

‒ «Кітап сыйла» акциясында оқып болған кітапты өзгеге сыйлайтындарыңыз жайлы айттыңыздар. Үй жағдайында кітап қорын жинақтамайсыздар ма? Өздеріңіз кітап оқуға күнделікті уақыт бөле аласыздар ма?

Досым Әділхан: Кітап сыйлау ‒  алдымен өзіңе қуаныш сыйлайтын дүние. Өйткені кітап үйде тұрғаннан қоғамға пайдалы болғаны артық. Ал кітап өзіме қатты ұнаса, үйде қалдырамын. Мен кітапты жанрға бөлмеймін, қайсы кітап ұнаса соны оқи беремін. Көп жағдайда жолда жүрген кезде, ас ішкенде кітап қарауға тырысамын. Шамалы уақыт бөлсең де, кітап оқығанда жаның рахаттану қажет. Кітапты қинап оқудың қажеті жоқ. 

    Талғат Меңдібаев: ‒ Мақтанғаным емес, бірақ менде бос уақыт жоқ. Таңертең жұмысқа әдейі автобуспен барамын. Кітапты автобуста шамамен 20 минут уақытта оқуға тырысамын. Түскі үзіліс кезінде, жұмыстан жаяу қайтқанда, іс-сапарда, түнде кітап оқуға 1-1,5 сағат уақыт арнаймын.

‒ Қазір әлем әдебиеті қазақ тіліне аударылып, оқырман үшін қолжетімді бола бастады. Оқырман ретінде аударма сапасына қандай баға берер едіңіздер?

 ‒ Аударма кітаптар жайлы ешнәрсе айта алмаймын, өйткені түпнұсқамен таныс емеспіз. Бірақ қазақшаландыруды қуана-қуана қабылдаймын, себебі әлем классикасын оқу өте жақсы. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында қазақшаға аударылған кітаптардың ішінен бірнешеуін оқыдым, аудармасы көңіл көншітеді. Бұл жерде салаға мән беру керек, өйткені ғылыми тіл мен публицистика екі түрлі нәрсе. Мысалы, ғылыми тілдің қазақша баламасын тауып, аудару қиындау. Себебі ғылыми тіл бізде енді ғана дамып келе жатыр. Ал публицистика едәуір дамыған. Сондықтан ғылыми басылымдарға аударма жасағанда сақ болған жөн. Мүмкіндік болса, кітапты түпнұсқадан оқыған дұрыс.

Досым Әділхан: ‒ Мен «100 жаңа оқулықтың» ішінен «Халықаралық құқықты» оқып шықтым. Кітаптың мазмұны жақсы, бірақ аударма жолма-жол жасалған. Көбіне көркемдік жетіспейді. Бірақ сондай әлемдік деңгейдегі кітаптың бар болғанына қуанасың.

‒ Талғат, «Кітап құрттарының» жұмысын енді Досым жалғастырмақ. Ал өзіңіз қандай жаңа бастаманы қолға алмақшысыз?

    Талғат Меңдібаев: ‒ Әзірге ағылшын тілі клубын құру ойымда бар. «Кітап құрттары» сынды тегін, еркін форматта тілді өзімізге-өзіміз үйретеміз. Мысалы, ағылшын тіліндегі өлеңді аударамыз, түсінгенімізді ағылшынша жеткіземіз, бұл жерде сөздік, грамматиканы қамтимыз. Келесі жолы кино үзіндісінің түсінігін сұраймыз, бір отырыста грамматикадан тест деген сынды ережесіз тіл үйренеміз.

‒ Сұхбаттасқандарыңызға рақмет!  

 Сұхбаттасқан:

Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!